Ұлы Жеңісті ұрпақ ұмытпайды

Ақп 13, 2025

Аймағымызда Ұлы Жеңістің 80 жылдығын жоғары деңгейде тойлау мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. Павлодар қалалық ардагерлер кеңесі де айтулы датаны атап өтуді бастап кетті. Бұл ретте патриоттық тақырыпта түрлі шара жоспарын әзірлеп, жергілікті билікке өз ұсыныстарын дайындады.

Ұлы Жеңіске қол жеткізуде павлодарлықтардың да үлесі зор. Тек қана Павлодар облысынан 1941-1945 жылдары 46 мың 257 адам әскер қатарына шақырылған. Олардың 21 мыңы майданда қаза тапты. Біздің жауынгерлер Ұлы Отан соғысының барлық майдандарында ерлікпен шайқасты.

Нәтижесінде 10 мыңнан астам павлодарлық жауынгерлік марапатқа ие болды. Олардың 23-і Кеңес Одағының батыры атағын алды, ал 8-і «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Өкінішке қарай, арамызда соғыстан аман оралған ардагерлердің саны күн сайын азайып келеді. Бүгінде Павлодар қаласында 5 ардагеріміз тұрады. Олардың қатарында Сергей Выжутович, Василий Григораш, Мария Курбатова, Николай Поддубный, Николай Ступка бар. Павлодар қалалық ардагерлер кеңесінің тұрақты комиссия төрағасы Қайырманат Батталова Ұлы Отан соғысына қатысқан, қаза болған жерлестерімізді есте сақтау, келешек ұрпаққа аманат ету – парыз деп біледі.

— Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу кезінде ардагерлер активі мен жастар бірлесіп, жауынгерлер жерленген зираттарға барады, гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етеді. Шыны керек, ардагерлер жерленген зираттың басым көпшлігі жөндеуді қажет етеді. Даңқ ескерткіші де жөндеу жұмыстарына зәру. Сондықтан сол аумақтарды абаттандыру жұмыстарын қолға алу мәселесін жергілікті атқарушы органдар алдында көтермекшіміз.

Ардагерлер ұжымдарының арасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Мәңгілік естелік» атты көркемөнер және сәндік-қолтаңбалы өнер байқауы ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар туған жер, Отан, Жеңіс туралы өлеңдер оқып, патриоттық ән шырқады. Осы байқауда ерекше көзге түскен өнерпаздар сәуір айында облыстық деңгейде өтетін гала-концертке қатысады, — дейді ардагер.

Қайырманат Батталова Ұлы Жеңіс күнін ұрпақ санасына сіңірудің маңызы зор деп біледі. Балалар ата-бабаларының бейбіт күнге қалай қол жеткізгенін білуі тиіс. Осы мақсатта ардагерлер кеңесі аумағында орналасқан қалалық №1, №5, №19, №29 және №36 мектептерде ақпан-мамыр айлары аралығында тәрбиелік маңызы зор шаралар жоспарланған. Бұл ретте аталған білім ордаларында ерлік тақырыбында ашық сабақтар, Ұлы Жеңіс, Отан тақырыптарында сурет салу мен шығарма жазудан сайыстар өткізіледі. Бұдан бөлек, спорттық жарыстар да ұйымдастырылады. Оқушылар сенбілік аясында Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин бюстінің аумағын тазалайды. Сонымен қатар, майдангерлерге арналған айлық, патриоттық әндер шырқалатын концерттер де өткізіледі.

Оқушылар тыл еңбеккерлерінің үйіне барып, қолғабыс етеді. Тыл ардагерлерін дөңгелек үстелге шақырып, әңгімелерін тыңдайды. 9 мамырда өткізілетін 80 жылдыққа да белсенді қатысатын болады. Міне, осындай игі шаралар ұрпағымызды адамгершілікке, елді, Отанды сүюге баулиды.

— Кеңес мүшелері қалада тұратын соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерімен тұрақты түрде кездеседі. Мысалы, майдангер Николай Поддубный 100 жасқа, Николай Ступка 97 жасқа толғанда  ИнЕУ-дің студенттері соғысқа қатысқан жауынгерлерге Естелік аллеясын құру бойынша акция өткізді. Бұл ретте сауықтыру   орталығының ауласында ағаштар отырғызып, оларға күтім жасап келеді. Ардагерлер кеңесі кәсіподақ қызметкерлерімен бірлесіп «Листая памяти страницы…» кітабын жарыққа шығарды. Жинаққа Павлодар қаласы бойынша соғысқа кеткен 42 мұғалім мен шаһар мектебінде оқыған 182 түлектің есімі енген. Бұл кітапты жас ұстаздар оқу құралы ретінде пайдалануда. Павлодар қаласындағы №6, №14, №24, №33, №36 және №22 мектептерінде жауынгерлік Даңқ музейлері бар. Бұл музейлер оқушылар үшін патриоттық, адамгершілік-рухани тәрбие орталығы болып саналады. Мұндай орында ардагерлермен батырлық сабақтары, дөңгелек үстелдер, семинарлар жиі өткізіледі. Шағын аудандардың ардагерлері мектеп оқушыларымен бірлесіп №14 орта мектептегі жауынгерлер Даңқ музейіне баруды дәстүрге айналдырған. Майдан даласында қаза болған, хабарсыз кеткен жауынгерлердің кім екенін білу мақсатында іздеуші отрядының мүшелерімен кездесулер өткізіледі. Осы шаралар ардагерлер кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылып келеді. Сондықтан майдангер, тыл еңбеккерлері үнемі біздің назарымызда, — дейді Қ.Батталова.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.