Бүгінде еліміздің кез келген азаматы Ұмра, яғни кіші қажылық жасауына мүмкіндік бар. Бірақ, ондай қасиетті орынды туристік орынға айналдырып, түрлі естелік фото-видеолар алып қайту үшін барған сапардың соңында сауап қалмайтынын жұрт білуі керек. Иә, қасиетті Қағба – қыдыруға емес, құлшылыққа арналған орын. Алланың мұсылман баласына бұйырған бес парызының бірін жасайтын жер.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мүфтият қызметкерлеріне, сонымен қатар облыстың бас имамдарына арнайы жиын өткізіп, жаңа тапсырмалар жүктеді. Жиналыста күн тәртібіне сәйкес бірнеше мәселе қаралды. Атап айтқанда, уағыз-насихат, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын күшейту керек деген ұсыныстар айтылды. Сонымен қоса, ұмра қажылығына баратын азаматтарды рухани тұрғыдан дайындау, оларға оқу-ағарту іс-шараларын тұрақты түрде жүргізу мәселесі де сөз болды.
Бас мүфти бұл мәселені тектен-тек көтеріп отырған жоқ. Соңғы уақытта қажылыққа барған қазақстандықтардың құлшылықтан гөрі әлеуметтік желілерде жиі отыратынын байқаймыз. Ал мұны кейінгі жастар қалай түсінеді? Қажылық дегеніміз – атақ пен абыройдың, мақтан мен мансаптың көрінісі деп түсінбесіне кім кепіл?. Осылайша қасиетті амалдың қадірін түсіріп алмаймыз ба?
Павлодар қаласындағы Ғазиз мешітінің бас имамы Қуаныш Асқардың сөзінше, қажылыққа баратындардың кейбірінің ниеті басқа сияқты көрінеді. Әсіресе соңғы уақытта атақ үшін, сән үшін баратындардың қатары көбейгенін айтады.
— Ұмраға барғандардың кейбірі мұның маңызы мен мақсатын түсінбейді. Пайғамбарымыз бір сөзінде «Кім Ұмра қажылығын өтеп келсе, ол өзгеруі керек» дейді. Егер өзгермесе, жүрегінде кінәрат бар деген сөз. Қазір қажылыққа сертификат сыйлайтындардың қатары көбейген. Яғни, әкесінің немесе анасының мерейтойына қажылыққа сертификат сыйлап жатады. Бірақ ол адам шынымен соған дайын ба деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз оларды мешітке шақырып, арнайы дәріс өткізуді қолға алдық. Ұмра қажы-лығына баратын азаматтардың барлығымен жұмыс жүргізіп, арнайы дайындықтан өткіземіз. Аптасына бір рет орталық Мәшһүр Жүсіп мешітінде және «Ғазиз» мешітінде сабақтар жүргізіледі, — дейді Қуаныш имам.
Имамның айтуынша, қажылыққа баратын адамдар ескеруі керек мәселелер бар. Жолға шықпас бұрын қарыздарынан құтылу, ренжіскен кісілерімен татуласу, күнәларына тәубе ету, дос-жаран, ағайын-туыстарымен қоштасып, олардың баталарын алу, өзінде біреудің аманат етіп тапсырған нәрсесі болса, оны иесіне тапсыру, кедей-кепшікке садақа үлестіру, қажылық пен ұмра жөнінде мағлұматтар алу, қажылыққа дайындық ретінде жеке басын тазалау, үйден шығарда екі рәкат намаз оқып, «Бисмилләһ» деп жолға шығу. Міне, осы амалдар міндетті түрде жасалуы керек. Сондай-ақ, қажылықтан оралған соң үйде екі рәкат шүкір намазын оқуы абзал.
Тілеуберді САХАБА.