Былтыр елімізде «Ұлттық қор — балаларға» ұлттық жобасы басталды. Қордың инвестициялық кірісін кәмелет жасына толмаған қазақстандықтарға үлестіру жөнінде шешім шығарылды. Алғашқы аударым 2024 жылы автоматты түрде барлық балаға ашылған мақсатты жинақтау шоттарына түсті. Мұндай ақшаны аймағымызда өткен жылы 213 934 бала алды.

Яғни, олардың әрқайсысына 100 АҚШ доллары және 52 центі көлемінде ақша аударылды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржамал Дүйсембаеваның мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 10 501 жеткіншек 18 жасқа толды. Оларға бұдан былай Ұлттық қордан ақша түспейді. Себебі, жобаның талабында Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға ақша аудару қарастырылған. Сондықтан, өткен жылы 18 жасқа толғандар алғашқы түсімді қажеттіліктеріне жарата алады. Қажеттілік дегенде, талап бойынша тек екі бағытқа ғана алу мүмкіндігі қарастырылған. Бірін-шісі – тұрғын үй жағдайын жақсарту, екіншісі – оқу ақысын төлеу. Ақшаны алуға 2092 баладан өтініш түскен. Олардың 1245-і өтініште тұрғын үй жағдайын жақсартуға мақсатын көрсеткен.

Аталған азаматтарға барлығы 124 907 АҚШ доллары аударылған. Одан бөлек, кәмелет жасына толған 885 жеткіншек Ұлттық қордан бөлінген қаржыны білімге бағыттауды жөн көріпті. Оларға барлығы 92 747 АҚШ доллары аударылыпты. Осы ретте, айта кетейік, кәмелетке толғандар оқу ақысын төлеуге пайдаланатын болса, құжатқа білім алатын оқу орнын белгілейді. Ал тұрғын үй алуға бастапқы жарнаға жаратқысы келсе, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» Отбасы банкіне аударылады.

Құзырлы органдар Қазақстан бойынша былтыр 18 жасқа толмаған 7 миллионға жуық балаға аударымдар жасады. Ал еліміз көлемінде 2024 жылы 18 жасқа толғандар шоттағы аударымдарын кәдеге жаратуға ниет танытқан. Жалпы сомасы 5,32 млн АҚШ долларына 53 мыңнан астам өтініш түскен. Отыз мыңға жуығы болашақта баспана алу үшін банктегі шоттарына аударуды қалаған. Оларға 2,96 млн АҚШ доллары аударылған. 23 459 жеткіншектен оқуға пайдалану үшін өтініш түскен. Нәтижесінде, 2,35 млн АҚШ доллары осы балалардың көрсеткен шоттарына жолданған.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісіне қарай биылғы мақсатты талаптар ақпан айының біріне дейін есептелмек. Биыл 18 жасқа толатын, яғни, 2007 жылы туған балаларға да ұлттық қордан ақша ақпан айының біріне дейін аударылады. Биылғы сома көлемі әлі белгісіз. Бұл инвестициялық кіріс көлемі есептелген соң жуық арада айқындалады. Шотта жиналатын соманың мөлшері эконо-мистердің стратегиялық есептеулері негізінде алдын ала шамалап шығарылады.

Естеріңізге сала кетейік, баланың жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтынан азаматтар балала-рының шоттарында қаражаттың бар-жоғын анықтай алады. Арнайы интернет платформалар, сайттар арқылы баласына аударылған соманы көріп, тексере алады. Түспеген жағдайда баласының мәліметтер базасында бар-жоғын айқындап, жоқ болса, egov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, бала туралы деректерді тіркеп, дербес деректерін енгізуі қажет. Құжаттар ретке келтірілгеннен кейін өткен кезең үшін де, алдағы уақыттың да ақшасы түседі.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.