Павлодар қалалық сотының 2023 жылдың он айындағы жұмысы қорытындыланды. Жұмыс нәтижесіне қарағанда ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс азайған.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық сот төрағасы Ерсін Қожабергенов мәлімдеді. Оның айтуынша, алименттік міндеттемелер бойынша арыздардың төмендегені байқалады. Мәселен, 2022 жылы он айда 1 184 өтініш болса,  2023 жылы көрсеткіш 922 арызға дейін, яғни 22,12 пайызға кеміген.

— «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда сот некені  бұзу туралы талаптарды қарау кезінде, Кодекстің 22-бабын басшылыққа ала отырып, алимент өндіріп алу туралы мәселені шешеді, — деді судья. Күн тәртібіндегі тақырыпты толықтыра түскен қалалық сот судьясы Әлия Асанова бұл мәселе соттың тікелей міндеттемесі екенін айтты.

— Бүгінде шағымданушы алименттерді төлету туралы өтініш жазбайды. Сот бірден балаларды асырау туралы шешім шығарады. Сонымен қатар, балалардың қай жерде, кіммен тұратыны анықталады. Бұл некені бұзған кезде дау-дамайларды азайту мақсатында жасалған. Бірінші кезекте, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделері алға қойылады, — деді судья.  Одан бөлек, Ерсін Қожабергеновтың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделері қарастырылатын істердің барлығы ювеналды соттар қарамағына өткен. Нақтылай айтқанда, кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың мүлігін бөлу, балалармен тілдесу, алименттер шегін өзгерту және басқа да сауалдарды ювеналды соттар шешетін болды. Биыл он айда Павлодар қалалық сотына 9 457 талап-арыз түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,35 пайызға артқанын, яғни 1 074-ке көбейгенін  көрсетеді.

Т.ӘБІЛДА.