Баянауыл жері — талай ғұламаны өмірге әкелген қасиетті мекен. Осы киелі жерден бүгінгі күнге дейін талай тарихшы, ғалым мен ақын-жазушылар шықты. Олардың барлығы қоғамда өз орнын айшықтап алып, өңірдің, тұтас елдің дамуына сүбелі үлес қосты. Еңбегімен танылған сондай жандардың бірі — облыстық «Ардагер-Ветеран» газетінің редакторы Ләззат Теміртасқызы.
Ләззат Теміртасқызымен 2017 жылы редакцияға мақала әкелгенімде танысқан едім. Содан бері мені түрлі тақырыпқа мақала жазуға талпындырып, үйретіп келеді. Осы орайда 55 жас деген өмірдің әдемі кезеңіне келген туған күн иесінің өзі туралы да қалам тербеуді жөн санадым.
Ләззаттың бойындағы көзге көрініп, көрінбей жүрген домбыра тарту, сазгерлік, ақындық өнер, сурет салу, дизайнерлік шеберлік, басқа да талант оның әкесінен, арғы аталарынан дарыған іспетті. Оның айтуынша, атасы Құсайын сері адам болған екен. Зейнеп әжесі де адамгершілік қасиеттерге бай болса керек. Әкесі Теміртас Құсайынұлы Омбы облысы Тавричан ауданының Қоянбай ауылында туған. Руы – Атығай. 1965 жылы Баянауыл ауданы қазіргі Жұмат Шанин ауылының Шоманкөл ауылына көшіп келіп, моторист болып еңбек етеді. Алғаш рет көгілдір экран алып, бірінші болып мотоцикл мініп, ауылға алғаш рет дизель генератор моторымен жарық берген де осы кісі екен. Ауыл балаларын да техникаға баулыған еңбекқор жан көлік жүргізушісі, моторист, электрик сияқты жұмыстарды жақсы білген. Өкінішке қарай, өмірі қысқа болды. Биыл дүние салғанына — 25 жыл. Жолдасынан ерте қалған Бибізайра анасы —
«Күміс алқа» иегері, жуырда сексеннің сеңгіріне шықты. Алланың берген 5 қызы мен ұлының қызығын көріп, немере-жиендері мен шөбере-жиеншарларының ортасында бақытты әже атанып отыр. Он саусағынан өнер тамған Бибізайра анамыз кезінде ауылдың отау тіккен әр үшінші үйдің жас шаңырағына тұскиіз, көрпелерді тегін тігіп беріп отырған екен.
Осындай ата-ана тәрбиесін көріп өскен Ләззат бала кезден пысық болған. 8-сыныпты күміспен, мектепті үздік, үш дипломның екеуін қызылға (бастауыш сынып, тарих пәні) бітірген. Мектепте оқу озаты, ішкіодақ секторының мүшесі, кейін ауыл жастарымен үгіт-насихат бригадасы, мәдениет үйіндегі түрлі шаралардың басы-қасында белсенділік танытқан ол бүгінгі күні де қоғаммен бірге «қайнап» келеді.
1991 жылы Баянауылда алғаш рет өткен «Ақбеттің сал-серілері мен арулары» сайысында жұбы Дәулет Бабиевпен қатысып, Дәулет сері атанса, «Ақбет аруы» атағын Ләззат жеңіп алады. Алматыға жолдама алып, Асанәлі Әшімов, Зейнеп Ахметова, Алтыншаш Қайыржанқызы сияқты белгілі тұлғалар төрелік еткен сынға барады. «Ойымнан өтсем де, бойым өткізбеді» деп күледі туған күн иесі. Оған жетекшілік етіп, өнерге баулыған әнші ұстазы, марқұм Төлеш Ибаділқызы еді.
Сол жылы Лекер ауылына келін болып түседі. Жолдасы марқұм Жүнісбеков Бауыржан Жанатұлы ауыл шаруашылығы мен заңгер саласына еңбегі сіңген, өз елі мен ортасында беделді азамат болған.
Ләззат бала күнінде мұғалім болуды армандағанымен, алғашқы мамандығы — есепші. Егемендік алған алғашқы жылдары ауылда жұмыс болмағандықтан, Лекердегі мектепте би, домбыра үйірмесін беруге тура келді. Міне, осы кезден бастап «Мұғалім боламын» деген арманының есігі ашылып, осы Лекер негізгі мектебінде ұстаздық жолын бастады. Кейін Баянауылдың №3, №1 гимназия мектептерінде қызмет етті. Бұл саладағы еңбек өтілі 20 жылға дейін жалғайды. Оның бойындағы қарым-қабілетін байқап, ұстаз атануына Лекер мектебінің басшысы Имаш Сейілбекқызы себепші болған екен.
— Өлең-жырға, өнерге құмар болуыма ұстаздарым оң ықпал етті. Қазақ тілінің білікті мамандары Бақтыгүл Әпсаләмқызы, Рахима Ғаббасқызы, Нұрмұхан Жүнісұлы, Егеубай Райымбекұлы, әріптесім әрі білікті басшым болған Жабай Жанәбілұлының бойларындағы өз пәндеріне деген сүйіспеншіліктері, алғаш сахнаға тәрбиелеген мәдениет майталманы Жамбы Мәшімнің өнерге деген құрметі мен таланты қатты әсер еткен болар. Әсіресе, Нұрмұхан Жүнісұлының сабақ беру әдісі ерекше еді. Бүгінгі журналистік саладағы 15 жылдық еңбек өтілімнің кезіндегі бастауы қарымды қаламгер, марқұм Шәкрат Дәулетжанұлына тікелей байланысты. Бүгінгі күнде жанымда өмір тәжірибелері мол жақсы адамдар барына ризамын. Қазіргі басшым Рымтай Шөкейұлының адамгершілік қасиеті – бір төбе. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, осындай керемет жандардың берген тәлім ұшқындары мені бүгінде еңбегімнің бағаланып, азды-көпті абырой жиып, ақындық жол мен жазушылыққа бой алдырғаны деп білемін. Сондықтан өз істерімен өзгеге өнеге бола білген ізгі жандардың берген тәліміне алғысым шексіз, — дейді.
Ләззат Теміртасқызының ақындыққа қалай келгені, оның шығармашылықтағы жеткен жетістіктері, қоғам игілігі үшін жасап жатқан ізгі амалдары мен жобаларын қаузау бір мақалаға сыя қоймас. Оның ардагерлер ұйымында атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Жұмысына ерте келіп, кеш кететін ол облыстық «Ардагер-Ветеран» газеті редакциясындағы қызметінің 80 пайыз жұмысын бір өзі атқарып отыр. Газет қайырымдылық басылымы іспетті, себебі зейнеткерлерге көп жеңілдік бар. Мақала көп түседі, газет 4-8 беттік. Ол өзі корректор, дизайнер әрі беттеуші. Мақаланы өзі жазады, өңдейді, одан қалса қоғамдық шараның басы-қасында жүреді. «Ақ сандық» атты жеке ютуб арнасы да бар. Редакцияға күнде келіп жатқан ардагерлердің ой-пікірлерін тыңдап, әңгімелесіп, қолынан келген көмегін аянбай беріп отырғанын біз жиі байқаймыз. Одан қалса, ұстаздығын жалғастырып, Павлодардың №35 мектебінде «Қауырсын қалам» үйірмесіне жетекшілік етіп, бұрынғыша жас жеткіншектерді шығармашылыққа баулып келеді.
«Мен жұмысты іздемесем де, жұмыс мені тауып алады» деп күлетін мақала кейіпкері — бүгінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық ардагерлер ұйымының президиумы, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Қазақ аналары» РҚБ кеңесшісі, артдиректоры. Одан басқа Халықаралық ұстаздар қауымдастығының «Бейбітшілік әлемі» шығармашылық бірлестіктерінде мүше әрі осы ұйымдарда бірнеше конференция, форумдарының қатысушысы.
Еңбекқор жанның алдағы жоспары да баршылық. Қазіргі күнде Жеңістің 80 жылдығына орай балаларға арналған, басқа да тақырыптарға байланысты бірнеше авторлық кітап дайындау. Бұған дейін де 3 кітапты оқырман қауым назарына ұсынып, бірнеше кітапқа редакторлық еткен. Екі ардагерлер энциклопедиясымен жұмыс жасаған. Аудармаға да бет бұруда.
Іші-сырты әдемі жанның әдемі жасқа келіп, талай белеске жетіп жатқанына қуаныштымыз. Оның журналистика саласындағы еңбегі бағаланып, былтыр «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Одан басқа «Ел ардақтысы», «Ұстаз мерейі», «Қазақстан Конституциясына – 30 жыл», «М.Қайырбаевтың туғанына –
100 жыл» мерейтойлық медальдары мен облыс әкімі грантының иегері.
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Ел үшін адал еңбек етсең, халқыңа сүйкімді боласың» дегендей, журналистика саласында
15 жыл, ұстаздық жолда 20 жыл еңбек еткен қоғам белсендісінің игі істерінің көрінісі осындай. Әлі де алар асулар алда! Сол межелерді абыроймен атқарып, халық құрметіне бөлене бер дегім келеді. Мақаламды Ләззат Теміртасқызының әлі шықпаған кітабының ішінен алған мына бір өзінің өлең жолымен аяқтағым келіп отыр.
Қайырлы ЕРҒАЛИЕВ,
«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі,
Атамекен кенті ардагерлер кеңесінің хатшысы, еңбек ардагері.
«55-ке» тілегім!
50-ден, міне,
кетіп те қалдық,
60-қа баяу
жетіп те қалдық.
55 келді,
әдемі белес,
Ортасын өмір
көріп те қалдық.
Жасында ердің
дейсің бе «Ермін»,
Ойнадың, күлдің,
бәріне ердің.
Алаңсыз шақтар
артыңда қалды,
Алдыңа қара –
55-ке келдің!
Немере көрдің,
ене де болдық.
Құдағи болдық,
төрге де шықтық.
Ойнадық, күлдік,
Достармен жүрдік,
Оңды да біліп,
Солды да сездік.
Жұмыста жүрдік,
еңбекке кірдік.
Беделді болдық,
Абырой жидық.
Алаңсыз күнді
қалдырып артта,
Оған да көндік,
Жастықты қидық.
Байлық та бекер,
Атақ та бекер,
Сыйласып жүрсең,
Өмірің — шекер.
Көңілді жүрсек,
Амандық дұрыс,
Осы да жетер.
Қалғаны бекер.
Аспаным ашық,
Отбасым толық.
Ұрпағым өссін
Саналы болып.
Бұйыртсын Алла,
Қуаныш көрсек.
Бастысы Өмір
Денсаулық екен!!!
Л.Теміртасқызы.