Ұстаз аманатын арқалаған сұлтанмахмұттанушы ғалым

Нау 13, 2025

Қазақ әдебиетінде сұлтанмахмұттану ілімінің негізін қалаған қазақтың көрнекті ғалымы — Бейсенбай Кенжебаев және ғалым шәкірттерінің бірі – Арап Еспенбетов. Бұл екі есім де біздің өңірге бейтаныс емес. Бейсенбай Кенжебаев газетіміздің алғашқы редакторы болды. Б.Кенжебаев шәкіртіне Сұлтанмахмұт мұрасын зерттеуді аманаттап тапсырды. Арап Еспенбетов ақынның шығармалары бойынша кандидаттық жұмысын жазды, докторлық диссертациясын қорғады.

Асқан еңбекқорлығы, табанды-лығы арқасында еңбегі еленген ғалым – филология ғылымының докторы, профессор Арап Сләмұлы Еспенбетов қазақ әдебиеттану ғылымына, оның ішінде сұлтанмахмұттану ілімі мен аймақтық әдебиеттануға, айырықша серпін әкелді. Әдебиеттану іліміндегі ерекше еңбегі Қазақстан Респуб-ликасы Президентінің пәрменімен де бағаланды. Ғалым Қазақстан Республикасы Халық ағарту саласының озық қызметкері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді.

А.Еспенбетов 1945 жылы 4 наурызда ұлылар мекенінде – Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өлкеде дүниеге келді. 1951-1961 жылдары белгілі алаш азаматтары Халел Ғаббасов, Қаражан Үкібаев, Әмзе Нақымжанов, Шәймерден Тоқжігітовтер өсіп-өнген Саржал ауылында балалық шағы өтіп, осындағы орта мектепте оқыды. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әлемдік классикалық туындыларды құлшына оқып, әдебиетпен сусындап өскен Арап Сләмұлы 1961 жылы Семей педагогикалық институтының тарих және филология факультетіне оқуға түседі. Институт қабырғасында кеңестік Қазақ Республикасы әнұранының мәтінін жазған Қайым Мұхаметханұлынан дәріс тыңдайды.

Білімге құштар жас жігіттің әдебиетке деген сүйіспеншілігін туғызған да, арттырған да осы қайсар ғалым Қ.Мұхаметханов еді. Абай, Мұхтар және шәкәрімтануды алғаш аудитория арқылы көпшілікке таратқан, тіпті, жалпы алаштану ілімінің негізін қалаған, солардың бастаушысы болған Қ.Мұхаметхановтың дәрісханада оқыған тұлғатану дәрістері, зейінді шәкірттерін жинап алып, кеңестік кеңістікте аттарын атауға тыйым салып, шығармалары бұғауланған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып
Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабайұлы туралы айтқан оңашадағы сұхбаттары
зерек шәкірттің санасына сіңіп, болашақ бағыт-бағдарын айқындады. Ол ұстаздық пен ғалымдық жолды таңдады. Алдымен институт, кейіннен Шәкәрім атын иеленген университетте 1967 жылдан бастап күні бүгінге дейін үзбей ұстаздық етіп келеді. Тауқыметі мен қайырымдылығы қоса жүретін ғылымның, әдебиеттану ғылы-мының майданына араласты.

1972-1975 жылдары Арап Сләмұлы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. Аспирантурадағы ұстазы, ғылыми жетекшісі Бейсенбай Кенжебаев болды. Жетекші ұсынған тақырып — Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығы. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі сұлтанмахмұттанудың ғылыми іргесін қалаған — Б.Кенжебаев. Ол ақын есіммен 1922 жылы шыққан «Адасқан өмір» жинағынан оқып танысады. 1929-1930 жылдары Павлодар облыстық қазіргі «Сарыарқа самалы», бұрынғы «Кеңес туы» (кейін «Колхоз» атанған) газетінің редакторы болып қызмет істегенде Сұлтанмахмұт туып-өскен Баянауылды аралайды. Ол туралы ел ішіндегі ауызша деректерге қанығады, мұрағаттардан материалдар жинайды. Кейін Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы мол мұрасын жариялайды. Жаңа өлеңдерін тауып, шығармалар жинағын бастырды. 1947 жылы «Сұлтанмахмұттың ақындығы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, ақын ғұмыры мен шығармалары туралы әдеби-сын, ғылыми-зерттеу мақалаларын, «Сұлтанмахмұттың ақындығы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров», «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары», «Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мәселесі» атты зерттеу-лері — ақынның шығармашылығына арналған толайым еңбектер. Алайда Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұттың өмірі мен шығармашылығын жүйелі түрде зерттегені үшін қуғынға түсті. Ақынның бұрын жарияланбаған туындыларын («Айтыс», «Таныстыру», «Алаш ұраны», т.б) басылымға даярлап, жариялағалы тұрған кітабы жойылды. Өзін «Сұлтанмахмұттың ұлтшыл өлеңдерін жарияламақ болды» деген кінәмен «ұлтшыл», «алашшыл» ретінде айыптады. Жұмыстан қуылды. Сұлтанмахмұт туралы жазған зерт-теулері үшін Қазақстан Компартиясы қаулысына ілігіп, «Социа-листік Қазақстан» газетінде «Б.Кенжебаевтың С.Торайғыров мұрасын зерттеудегі қателіктері» атты мақала жарияланды. Осының барлығына қарамастан, өз пікірінің әділдігіне көзі жеткен қайсар ғалым қанша қиындық көрсе де, өзінің тұжырымынан айныған жоқ. Жүйелі де жігерлі ізденістерін жалғастыра отырып, шәкірті Арап Еспенбетовке сұлтанмахмұттануды аманат етіп тапсырды. Бейсенбай Кенжебаев жас әрі алғыр шәкіртінің өзі бастап берген ілімді алып кететініне сенімді болды.

Ұстаз аманатын арқалаған Арап Еспенбетов 1973 жылдан бастап сұлтамахмұттану іліміне бел буып кірісті. Сұлтанмахмұт шығармашылығына қатысты «С.Торайғыров лирикасын зерттеудің кейбір мәселелері», «Торайғыровтың көркемдік әлемі», «Ғабдулла Тоқай және Сұлтанмахмұт», «Ақын шығармаларының жариялану тарихы» атты алғашқы зерттеу мақа-лаларын жариялады. 1973 жылы «Білім» қоғамы тарапынан «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (Б.Кенжебаевпен бірге) атты кітап бастырады. 1974 жылы Алматыда «Қазақстан» баспасынан 3,4 баспа табақ бетті қамтитын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орыс және қазақ тіліндегі библиографиялық көрсе-кішін шығарады. 1975 жылы профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың лирикасы» тақыры-бында кандидаттық диссертация қорғады.

А.Еспенбетовтің зерттеушілік ізденістері нәтижесінде сұлтан-махмұттану ілімін жаңа белеске шығарған, ақын шығармашылығының жаңа қырларын байытқан қазына — мұрағаттық құжаттар. Мұрағат материалдарын барынша сұрыптап пайдалану, оларды ғылыми айналымға түсіру Б.Кенжебаев көрсеткен үлгі болатын. А.Еспенбетов 1992 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты зерттеуінде қаламгердің бұрын белгісіз болып келген «Таныстыру», «Айтыс» поэмаларын, «Алаш ұраны», «Жаңа кітап», «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына» атты шығармаларын мұрағаттардан тауып, алғаш рет зерттеу ғылыми тұрғыдан нысандады. Ақын өміріне қатысты мағлұматты мұрағаттық деректер арқылы толықтырды. Сұлтанмахмұттың алғашқы өмірдерегін жеткізуші Жүсіпбек Аймауытовтан бастап, кейінгі зерттеушілер С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Б.Шалабаев, Ы.Дүйсенбаев, Д.Әбілев, К.Шәменов зерттеу-лерімен салыстыра отырып, тың мәліметтермен толықтырды. Ақын өмірбаянын жазуда жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегіндегі басылымдар «Айқап», «Абай», «Таң» журналдарындағы, «Қазақ», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттеріндегі материалдар, ҚР ҒА Орталық ғылыми кітапханасындағы қолжазбалар, Павлодар, Семей, Омбы, Томбы мұрағаттарындағы құжаттарды саралай сүзіп, нақты фактілерге сүйенген деректер арқылы ақынның шығарма-шылық өмірбаянын жазып шықты. Сұлтанмахмұт шығармаларына жаңаша байып, тың тұжырым енгізді. Абай дәстүрін жалғастырудағы жаңашылдығы, түркілік әдебиетпен байланысы, шығармаларының эстетикалық-көркемдігі, текстологиясы, мәтіндік баяндаулар, романдарындағы эпистемиялық аспектілер, поэмаларының әлеуметтік, саяси астары сияқты әдеби теориялық мәселелер терең зерттелді.

Жалпы тұлғатану ілімі — тек әдебиеттану ғылымының нысаны емес. Тұлғатануды зерттеушілер әдебиеттану, тілтаным, тарих, психология және т.б. салалармен астасып жатқан ғылыми тоғысу деп қарайды. А.Еспенбетовтің сұлтанмахмұттанудағы жаңа ізденістері осы бағытта өрбіді. Бұл жөнінде академик Зейнолла Қабдолов «Ең бастысы – Арап Еспенбетов атқарған ғылыми зерттеудің кең ауқымдылығы: С.Торайғыров шығармашылығының бір саласы тұңғыш рет моно-графиялық зерттеудің жеткілікті толық көлемінде қамтылды. Оның ішінде бұрын идеологиялық тыйым салуға ұшыраған тақырыптар қарастырылды; ақынның жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қоғамдық-саяси қызметіне баға берілді; қаламгердің саясатшы, журналист, жазушылармен қысқасы сол кезең зиялыларымен көпқырлы байланыстары ашылды; тұтастай алғанда тарихи тұлғаның бар қызметін жинақтау жүзеге асырылды» — деген болатын. Бұл — сұлтанмахмұттануға берілген әділ әрі үлкен баға. Арап Еспенбетовтің сұлтанмахмұттанудағы жартығасырлық ізденістерінің, жанкешті еңбегінің жеткен биігі «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1992), «Шәкәрім және Сұлтанмахмұт» (2008) монографиялары мен «Сұлтанмахмұт Торайғыров» тұлғалық энциклопедиясындағы (2010) мақалаларында ғылыми тұжырмдалды, сұлтанмахмұттану ілімін тың концепциялармен байытты.

Бүгінде Арап Еспенбетов — ұста-зының аманатын орындап, Парасат бигіне шыққан ғалым.

Әділбек Әміренов,

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты.