Ұстаз, өлкетанушы Берік Ескендіров: Өлкетанушыға керегі – туған жерге деген сүйіспеншілік

Ақп 26, 2026

Туған жердің әр қыраты мен көне қонысы өзіне тән тарих пен тағдырды сақтап жатыр. Сол көмескілене бастаған шежірені тірілтіп, ел жадынан өше жаздаған тұлғалардың есімін қайта жаңғыруға үлес қосып жүрген өлкетанушының бірі — ұстаз Берік Ескендіров. Ол үшін бұл жұмыс – жай ғана ғылыми ізденіс емес, жүрек қалауынан туған өмірлік миссия. Он жылға жуық уақыт ішінде ол өз өлкесінің өткенін түгендеп, өңір тарихында ізі қалған, бірақ ұмыт бола бастаған азаматтардың өмір жолы мен еңбегін табанды түрде зерттеп келеді. Жуырда Берік Қайроллаұлымен жүздесіп, туған жерге деген сүйіспеншілігі, тарихты сақтап қалу жолындағы табандылығы және даланың үнсіз тарихын тірілтуге деген арманы туралы әңгімелескен едік.

– Берік Қайроллаұлы, өзіңізді өлкетанушы ретінде білеміз. Бұл бағыттың үнемі ізденімпаздық пен еңбекті қажет ететіндігі анық. Осынау қызығы мен шыжығы қатар жүретін іске қай кезден білек түре кірістіңіз?

– Жалпы, бұл бағытта еңбек етіп келе жатқаныма он жылға жуық уақыт болды. Ал келуім жоспарланған мақсаттан емес, өмірімде күтпеген жағдайдан орын алған ерекше бір оқиғамен байланысты.

Ол уақытта да Май ауданына қарасты Баскөл ауылының лицей-мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүрген кезім. Бір күні кешкі уақытта ауыл ішіндегі көшеде келе жатып, аяқ астынан шалынып, құлап қалдым. Алғашында бұл жағдайға аса мән бермегеніммен, сол түні көрген түсім мені терең ойға жетеледі. Түсіме Досымхан атам кірді. Ол кісі осы ауылда отыз жылдай молдалық қызмет атқарып, ел ішінде сыйлы, дін мен дәстүрді ұштастыра білген тұлға болған екен. Осы түстен кейін бойымда белгісіз бір қызығушылық пайда болып, атамның өмір жолы мен қызметі жайлы деректерді іздей бастадым. Кейіннен түсіме тағы да кіріп, мені осы бағытта ізденуге, өткенді ұмыт қалдырмауға үндегендей болды. Өзінің ағасы әрі ұстазы болған Ақбалық хазіретті зерттеуді сұрады. Бұл дерек менің ізденісімді одан әрі тереңдете түсті. Сол сәттен бастап өлкетанушылықты кездейсоқ қызығушылық емес, маған жүктелген тарихи әрі рухани жауапкершілік деп қабылдадым. Осылайша, өз өлкемізден шыққан белгілі тұлғалармен қатар, уақыт өте келе есімі көмескіленіп бара жатқан, алайда ел дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтарды зерттеуді мақсат еттім.

– Соңғы жылдары өзіңіз есімі ұмыт болып бара жатқан батырларымыз туралы ақпарат жинап, оларды ұлықтау мақсатында құлпытастар, ескерткіш тақталар орнатудың басы-қасында жүр екенсіз.

– Иә, алғашқы ескерткіш тас осыдан бес жыл бұрын Күшік батырға орнатылды. Алайда мұндай игі бастамаларға келгенде көп жағдайда азаматтар жеке қалтасынан қаржы шығаруға дайын бола бермейді. Соған қарамастан, өз қаражатымнан Баянауылдан арнайы тас алдыртып, Күшік батырға ескерткіш тас қойдым. Ал өткен жылы бюджеттен қаражат бөлініп, Малайсары батырға арналған халықаралық деңгейдегі спорттық жарыс ұйымдастырылды. Бұл игі шара биыл да жалғасын табады деген үміт бар.

Сондай-ақ, Ақсу қаласына қарасты жерде Өмірзақ және Өтен батырларға арналған ескерткіш тастар орнатылып, ел қорғаған ерлердің есімі ұлықталды. Ақшиман ауылындағы Мұхамеджан қора аталатын тарихи жерде Рысқұл болысқа да ескерткіш тақта қойылып, ел басқару ісінде айрықша еңбек сіңірген тұлғаның қызметі жұртшылық назарына қайта ұсынылды. Өлкетанушылар Хабзат Баужанов және Дәурен Аяшиновпен бірлесіп, Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылынан жеті шақырым жерде орналасқан Алашқа мәлім тарихи тұлға – Абылай ханның серігі болған хас батыр, ақылман би, мәмілегер елші Бәсентиін Ер Сырымбет батырдың жерленген жеріне Көкшетау өңірінен арнайы тас алдыртып, белгі қойылды. Саржал ауылында азаттық үшін күрескен Шыңғыстау көтерілісінің қаһарманы, Шаған бойы жасағының жетекшісі Жылқыайдар Тәстенбекұлына арналған ескерткіш тақта орнатылды. Сонымен қатар, Хамит молда, Жайнақ батыр, Ырысқұл болыс және Салахидден хазірет бастарына құлпытас орнатуға бастамашы болдық.

Одан өзге, туған ауылым – Сырлықала бөлімшесінде ел азаматтарының басын қосып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған соғыс аналогындағы ескерткіш тас орнатылды. Айта кетерлігі, мұндай үлгідегі ескерткіш тас облыс көлемінде бұрын-соңды қойылмаған.

– Ал қазіргі уақытта қандай жұмыстарды қолға алып жатырсыз?

– Біздің Май ауданында бала-ларға арналған «Мирас» атты арнайы клуб жұмыс істейді. Мұнда жас ұрпаққа өңірімізге және елімізге белгілі тұлғаларды таныстырып, олардың өмір жолы мен жетістіктерінен үлгі ала білуге мүмкіндік береміз. Сонымен қатар, клуб аясында еліміздің тарихы мен өлкетануы бойынша қызықты мәліметтер мен деректер ұсынылып, балалардың туған жерге деген қызығушылығы мен патриоттық сезімі қалыптасады.

– Өзіңіз облыстық Жеңіс Марданов атындағы өлкетанушылар қоғамының мүшесі екенсіз. Жалпы, бұл қандай ұйым? Онда қандай жұмыстарды атқарасыздар?

– Шамамен алты жылдай уақыт бұрын облыстық өлкетанушылар бірлестігінің жанынан Жеңіс Марданов атындағы арнайы бөлімше ашылды. Қазіргі таңда мен сол ұйымның мүшесімін. Бірлестіктің қатарында Дәурен Аяшинов, Бейбіт Бөжен, Сайлау Байбосын, Алтынбек Құрманов, Қайыр Иманшәріп, Төлеген Шахарманов, Шынар Қойшыбайқызы, Нұрбек Жұмаділов сияқты өңір тарихына өз үлесін қосып жүрген өлкетанушылар бар. Бұл ұйым тарихи деректерді жинақтау, туған жердің мәдени мұрасын сақтау, оларды жас ұрпаққа насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарады. Мүшелер бірлесе отырып, ескерткіш тақталарды орнату, шежіре кітаптарын жарыққа шығару, балалар мен жасөспірімдерге өлкетану сабақтарын ұйымдастыру сияқты жобаларды жүзеге асыруда.

Тағы бір айта кетерлігі, жуырда облыс орталығында облыстық өлкетанушылар қоғамдық бірлестігінің «Arulan» оқу және коворкинг орталығы ашылды. Орталық ұйымның төрағасы Рүстембек Қалымқұловтың бастамасымен бой көтерді. Онда қоғамдық бірлестіктің жоспарлары талқыланатын болады. Оған қоса, «Павлодар География үйі» қоғамдық бірлестігінің де мүшесімін.

– Бүгінде өңірімізден шыққан, ұмыт болып қалған тұлғалар бар ма? Олардың есімін ұлықтау үшін не істеуіміз керек?

– Әрине, ондай тұлғалар жетерлік. Мәселен, театр және кино әртісі Шахан Мусин мен ақын, өнер қайраткері Нұрлыбек Баймұратов сынды елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолы мен шығармашылығын тереңірек зерттеп, кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту – уақыт күттірмейтін міндет. Ал осындай тұлғалардың есімдерін көше атауларына беру де – тарихи әділеттіліктің бір көрінісі болар еді. Өткен жылы тарихшы, өлкетанушы, журналист Жеңіс Мардановтың туғанына 80 жыл толды. Алайда бұл мерейтой елеусіз қалды. Алдағы уақытта ел үшін еңбек еткен азаматтардың есімі ұлықталып, лайықты деңгейде аталып өтілсе деген тілек бар.

Сол сияқты Ақсу өңірінен шыққан ақын Нұтфолла Шәкенов, «Ақжол» газетінің негізін қалаған журналист, ақын Қайыр Жүніс-қалиев, белгілі ұшқыш Байзолла Әкіжанов, Аққулы ауданынан шыққан айтыскер ақын Нұрлыбек Қайдаров, профессор Болат Рақметолла сынды тұлғалардың да есімдері ұмыт болып барады.

– Туған өлкеміз бүгіп жатқан, әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи орындарды жарыққа шығару үшін қандай жұмыстар атқарылуы қажет? Тарихи ескерткіштерді дала мұражайына айналдыру ісіне көңіл бөлсек, шеттен келген туристерге бағалы мұрамызбен мақтана білсек, өскелең ұрпаққа мұра болып қалары сөзсіз. Бұған не дейсіз?

–  Соңғы жылдары облыс аумағындағы Ақшиман секілді тарихи елді мекендерден табылған көне жәдігерлердің ғаламтордағы сауда алаңдарына, оның ішінде OLX сияқты қосымшаларға ашық түрде шығарылуы қоғамды бейжай қалдырмауы тиіс. Кеше ғана жер қойнауынан табылған, ғасырлар үнін бойына сақтаған бұйымдар бүгін қарапайым тауарға айналып, азын-аулақ пайда үшін сатылып жатыр. Ал әр жәдігер – бір дәуірдің ізі, бір өркениеттің тынысы.

Тарихи орындарымыз – ел мәдениеті мен ұлттық болмы-сымыздың айнасы. Оларды зерттеу, сақтау және халыққа таныстыру — бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дала мұражайларын жасау арқылы біз тек туристерге қызықты бағдарлама ұсынбаймыз. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа баға жетпес тарихи мұра қалдырамыз. Бұл үшін алдымен археологтар мен тарихшылардың қатысуымен зерттеу жүргізіп, ескерткіштердің жағдайын бағалау қажет. Содан кейін қауіпсіз маршруттар, ақпараттық тақталар мен виртуалды гидтер арқылы келушілерге толық тәжірибе ұсынып, туристік инфрақұрылымды дамытсақ болады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен медиа арқылы мұраларымызды кеңінен таныстыру біздің мәдени болмысымызға деген мақтанышымызды арттырады.

– Әңгімеңізге рақмет! Ісіңізге береке берсін!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.