Биыл Бірлік ауылының Ұста Бекен мешітінің ашылуына 20 жыл толды. Осыған орай ауыл азаматтары, жан-жаққа қоныс аударған жерлестер жиналып, мешіттің атаулы күнін салтанатты түрде атап өтті.

Бұл күні мешіттің салынуына атсалысқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Нақтысы, мешітті салуға қаражат бөлген Ардақ Қаңтарбаевқа, құрылысты бастан-аяқ басқарған Қаныш Жанкинге, небары үш жарым айда кірпішін қалап, нысанды қолда-нысқа тапсырған құрылысшылар Асылбек Божақановқа, Сәнтай Садбалинге, Кенже Сабдалинге, Ермек Барлыбаевқа, Төлеген Сейітқазинге, Ардақ Әбілдинге, Тілек Тумайкеновке ел алдында шапан жауып, зор қошеметке бөледі.

— 2003 жылдың 25 мамырында мешіттің алғашқы қазығы қағылған болатын. Ауылдағы 7 жігіт құрылысқа белсене кірісіп, 12 маусымда алғашқы кірпіші қаланды. Таң атқаннан түнге дейін тапжылмай еңбек етіп, 3 жарым айда толығымен мешіт аяқталып, 19 қыркүйекте ашылу рәсімін ұйымдастырған болатынбыз, — деді жиырма жыл бұрынғы естен кетпес сәтті еске алған Ұста бекен мешітінің имамы Аллаберген Қожанов. Ұста Бекен — Бірлік ауылының тумасы, кезінде қолы шебер адам болған екен. Темірден небір бұйымдар жасап, аты көпке әйгілі болып, тарихта ерекше шеберлігімен, өнерімен танылған деседі. Сондықтан ауыл тұрғындарының қалауымен мешітке осы кісінің аты берілген. Кезінде бұл шебердің қызы Үміт Бекенова өз атындағы жерді Діни басқарманың атына аударады. Ал ұлы Ардақ осы жерге мешіт салуды ұйғарған еді. Салтанатты шараның ашылуы осылайша марапаттармен бастау алып, мешіттің негізгі демеушісі Ардақ Қаңтарбаевтың анасы Үміт Бекенова мен құрылысқа толығымен жауапты болған, он саусағынан өнер тамған Қаныш Жанкиннің анасы Зәуре Әлғожақызына да құрмет көрсетілді. Мерекелік шара барысында Бірдік ауылы мен Майқайың кентінің өнерпаздары асыл дінімізді жырға қосты. Күні бойына созылған мерекелік бағдарламада құран жарыс ұйымдастырылды. Облыс төңірегінен келген 12 адам бақ сынап, жүлдегерлер анықталды. Сондай-ақ, күрес, аламан, көкпар, қошқар көтеру, тай жарыс, футбол бойынша жарыстар өтті. Алыс-жақыннан мықтылар қатысты. Спортшылар сонау Атырау, Астана, Қарағанды өңірлері мен аймағымыздың аудандарынан келді. Демеушілердің қолдауымен жүлде қорлары да қомақты болды. Бірінші орынға 500 мың теңгеден тігілді. Мешіт асханасында, сонымен қатар, тігілген 7 киіз үйде барлық қатысушыларға арналған мерекелік дастарқан жайылып, соңында жеңімпаздар марапатталды. Аллаберген Қожанов мешіттің салынуынан бастап басы-қасында жүріп, алдымен құрылысына араласты. Қолданысқа берілген соң отбасымен бірге от жағушы, күзет қызметкері ретінде, жары тазалыққа жауапты болып еңбек етті. Ал 2005 жылы аталмыш мешіттің имамы болып тағайындалды. Павлодардан, Алматыдан арнайы оқу оқып, 2006 жылы Ертай Әрбиевтің қолдауымен қажылыққа барып келді.

— Мешіттің тойын атап өту туралы ұсынысымды бірден қолдап, барлық ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген ауыл тұрғыны Әзілхан Ақболинге алғыс білдіремін. Ауыл жігіттерін жинап, барлығы 11 тай, 7-8 қара мал жинап, тойдың мәнін келтіре тойлауымызға себепші болды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарына айтар алғысым шексіз. Ауыл әкімі Арман Мұсатаевқа барлық бастамамызға қолдау көрсетіп, барынша көмек қолын созғаны ерекше қуантады, — деді мешіт имамы Аллаберген Қожанов. Айта кететін жайт, биыл мешітке толық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған ауыл мектебінің әр жылғы түлектері бастама көтеріп, қаржы жинады. Сондай-ақ, Сарыкөл кеніші де осы іске демеушілік етті. Мешіт имамы азан шақыру құрылғысын да ауыл азаматы Рахметолла Құдайбергеновтің алып бергенін айтты. Жалпы, ауылдастарының ауызбіршілігінің арқасында көп жұмыс атқарылғанын айрықша атады. Қысқасы, ауылда аталған мерейтой бірлік бар жерде тірлік барын айқын аңғартты. Ауыл азаматтарының ауыз-
біршілігі Бірлік ауылының атына заты сай екенін тағы бір дәлел-дегендей.

 

Рымгүл БОЖАҚАНОВА,

Баянауыл ауданы.