Павлодарлық өрт сөндірушілер ұшақтарда өртті сөндіру тәсілдерін пысықтады. Мамандар ұйымдастырылған оқу-жаттығуға қатысты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқу-жаттығу әуе кемесінің бортында төтенше жағдайлар туындаған кезде дұрыс әрекет ете білу тәсілдерін пысықтау үшін өткізілді. Шара барысында департамент бөлімшелері мен әуежай қызметкерлері жолаушыларды ұшақтан тез және қауіпсіз орынға эвакуациялады.
Алдын ала жоспарланған оқу-жаттығудың тактикалық ойынына сәйкес, Boeing 737-300 әуе кемесінің қону кезінде реактивті қозғалтқыштың механикасы зақым-данып, жалпы көлемі 106 шаршы метр аумағында жану орын алды. Әуе кемесінің командирі әуе диспетчеріне төтенше жағдайдың туындауы, апаттық қону және өрт сөндіру экипажының қажеттілігі туралы ақпарат берді. Шұғыл түрде зардап шеккендер қауіпсіз орынға орналастырылып, құтқарушылардың әрекет етуімен өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді.
Оқу-жаттығуға жеке құрамнан 45 адам және 7 техника жұмылдырылды.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.