Қазіргі таңда отандық ұялы операторлар көрсететін байланыс және интернет сапасына көпшіліктің көңілі толмайды. Соған қарамастан, компаниялар тарифтерін тұтынушылардың келісімінсіз қымбаттатудан тайынбай келеді. Таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусиннің елдегі ұялы операторлар қызметі тым арзан деген бірауыз сөзі жұрттың қаржысын онсыз да сүлікше сорып келген компанияларға майдай жақты. Енді олар тамыздан бастап тарифтердің ақысын тағы арттырмақ. Олардың мұндай әрекеттеріне тосқауыл қойып, тұсау салар мемлекеттік мекеме бар ма? Бағаға қарай сапа қашан жақсарады?
Инфрақұрылымды жақсартудың жалғыз жолы
Соңғы бірнеше күн бойы әр тұрғынның қолынан түспейтін ұялы телефонға салатын ақша сөз болып, ел арасында қызу талқыланып жүр. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын бұл темір техниканың дәурені жүріп тұр қазір. Тек ол үшін ай сайын айлығыңның бір бөлігін соған аудармасаң болмайды. Әйтпегенде жер-көктегі жаңалықтан құр қалып, хат-хабар алмаса алмай қаласыз. Бірақ бүгінде сол телефонның «бензині» қымбат боп тұр. Қызмет көрсетуші компаниялар тұтынушылар таңдаған тарифке байланысты ай сайын кемінде 1000 теңгеден 7-8 мың теңгеге дейін сыпырып алады. Ара-тұра соның үстіне тиын-тебен қосып қоятыны тағы бар. Онсыз күн қараң болғандықтан, операторлар белгілеген соманы төлеуден басқа амал жоқ. Бірақ осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында жерлесіміз айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қалың көпшілік тарифтің қымбаттығына налып, өкпе-ренішін әлеуметтік желілер арқылы білдіріп, ұялы операторлар өкілдерін сұрақтың астына алып жатқан тұста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі байланыстың сапасыз болуының басты себебі ретінде тарифтің арзандығын алға тартты. Ведомство басшысының айтуынша, баға тым төмен болғандықтан жұрт интернеттен бас алмайды. Сәйкесінше, жүктеме көбейіп, байланыстың сапасы нашарлайды. Ал шет мемлекеттерде мегабайттар қымбат. Сондықтан ондағы азаматтар интернет көмегін пайдаланбас бұрын жүз ойланып, мың толғанатын көрінеді. Министрдің мұндай уәжі желі қолданушыларының қызу талқысына түсіп, олар ведомство басшысына қарсы пікірлерді қарша боратты. Кейін министр инпрнетті пайдалану көлемі, жаһандық желіге түсетін жүктеме сынды саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
— Біріншіден, назар аударғым келетін нәрсе — байланыс құны. Біз интернет құнының арзандығы бойынша әлемдегі 10 елдің ішінде болмасақ та, 20 елдің ішіне кіреміз. Бұл — факт. Бірақ арзан байланыс операторлар үшін тиімсіз екенін түсіну маңызды. Бұл бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақсарту үшін инвестиция қажет. Егер табыс төмен болса, даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты елде трафикті тұтыну көлемі бірнеше есе өсті. Бұл нені білдіреді? Бұл — операторлар желісіндегі жүктеме де артты деген сөз. Қазақстан — мобильді трафикті тұтыну бойынша жетекші елдердің бірі және мобильді желіні қолдану жағынан алдыңғы қатарда тұр, — дейді министр. IKS-Consulting деректері бойынша, 2022 жылы Қазақстанда 1 пайдаланушыға арналған интернеттің мобильдік трафигінің орташа көлемі айына 13,9 Гбайт болған. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл көрсеткіш Солтүстік Америка елдерінде айына 5,6 Гбайтты ғана құрайды екен.
— 5G енгізгенімізді есепке алмағанда Қазақстанда мобильдік трафик 2019 жылы 60%-дан 2022 жылы 21%-ға дейінгі қарқынмен өсті және бұл тренд жалғаса береді. Бұл — 4G/5G мобильді желілеріне үлкен жүктеме. Желілерді салу үшін қажетті құрылғылардың да бағасы өсіп келе жатыр. Біз инфрақұрылымды жаңартуымыз қажет. Бұл — заман талабы. Барлық ауылды интернетпен қамтуымыз керек. Бұл да — басты қажеттілік! Тарифтерді жасанды ұстап тұру саланың тоқырауына әкеледі. Біз бәріміз барлық жерде сапалы және өзгелердікінен арзанырақ қызмет алғымыз келеді. Бірақ біз қалағанымыздай бола бермейді. Бізге қарағанда интернет тек 10-15 елде арзан. Мысалы, Қытайда интернет халықтың санының көптігінен арзан. Олармен салыс-тыруға келмейді. Израильде ше? Бұл ел аумағы жағынан Павлодар облысынан да кіші. Бұл елдегі базалық станциялардың саны көп, сондықтан қызмет қымбат емес, — дейді Б.Мусин. Қысқасы, министрдің пайымынша, ұялы байланыс саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, сапаны арттыруды қаласақ, тарифтердің есебінен түсетін табыстың көлемін де еселеу керек. Әйтпегенде, саладағы ілгерілеу болмайды.
Тарифтер қымбаттайды
Ведомство басшысының мұндай пайымы ұялы операторлардың оң жамбасына келсе керек, барлығы бірдей тамыз айынан бастап тарифтер сомасының өзгеретіні туралы жапа-тармағай хабарламалар жіберіп жатыр. Мәселен, осыдан бірнеше күн бұрын өз тұтынушыларын күнұзақ байланыссыз қалдырған Activ компаниясы 8 тамыздан бастап бірнеше тариф түрі бойынша абоненттік төлемді арттырмақ. Айталық, қазір «Шынайы шексіз мұрағаттық» тарифі бойынша ай сайын 4790 теңге төлейтін тұтынушылар енді 5990 теңге төлейтін болады. Сол сияқты «Супер комфорт мұрағаттық» тарифі 3990 теңгеден 4490 теңгеге дейін қымбаттамақ. Басқа операторлар қалыссын ба? Олар да бағаны өсіретін болып, бұған дейінгі жеңілдіктерді алып тастайтын болып, бұл туралы абоненттерін құлағдар етіп үлгерді. Мысалы, Beeline компаниясы 15 тамыздан бастап видео, әлеуметтік желілер мен мессенд-жерлерге қатысты акцияларды аяқтап, күн сайынғы пакеттің сомасын өзгертпек. Бұдан былай «Жарқын 4990» және «Жарқын 5990» тарифтерінде лимитсіз трафик болмайды. Байланыс операторлары осылайша қалаған бағаларын белгілеп жатқанымен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс қызметтерінің бағасын реттеуді жоспарлап отыр. Мұндай ұсыныс ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатында көтерілген.
– Қазіргі уақытта операторлар ұсынатын қызметтер бағасының негізсіз өсуі, тұтынушыларға керек емес қызметтерді мәжбүрлеп қосуы, ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлауына байланысты шағымдар күрт көбейді. ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекет қоғамдық маңызы бар нарықтардағы кәсіпкерлік субъектілерінің тауарларына, жұмыстарына, қызметтеріне бағалар мен тарифтерді реттейді. Алайда квазимемлекеттік секторға жататын ұялы байланыс операторларының қызметтеріне баға белгілеу құқығы жоқ. Осы шектеу байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауын болдырмау және оның алдын алуға кедергі болып отыр, – дейді агенттік өкілдері. Сондықтан ұялы байланыс операторларының қызметіне мемлекет тарапынан баға белгілеу ұсынылып отыр. Аталмыш бастама 28 шілдеге дейін көпшілік талқысына салынады. Одан кейінгі шешімнің қандай болары әзірге белгісіз.
Алдымен сапа, содан соң баға
Ұялы байланыс операторлары қызметіне төленетін ақының өсуі облыс жұртшылығының да наразылығын тудырып отыр. Басқасын былай қойғанда, облыс орталығының өзінде сапасы нашар.
— Химиялық қалашық деп аталатын біздің шағын ауданда ұялы байланыс сапасы нашар. Басқа түгілі кейде WhatsApp арқылы келген хабарламаларды ашудың өзі мұң. Сапа жақсы болса, белгіленген бағасын төлейтін едік. Өкінішке қарай, бүгінде тек баға өсіп жатыр, ал сапа сол баяғы қалпы, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Самал Нұрахметова. Тұрғындардың басым бөлігі байланыс операторлары таяуда ғана тарифті көтергенін айтады. Кезекті өсім тағы салмақ салары анық.
— Осыдан бір ай бұрын Altel абоненттік төлемді 3580 теңгеден 4280 теңгеге дейін арттырды. Жолдасым пайдаланатын Activ операторы бірден мың теңгеге қымбаттатты. Қазір бұрынғыдай 3390 теңге емес, 4390 теңге төлейді. Балаларда да ұялы телефон бар. Қазір ай сайын тек интернет үшін 20 мың теңге төңірегінде төлесек, тамыздан соң төлеміміз бұл сомадан да асып жығылатын сыңайлы, — дейді тағы бір тұрғын Айман Омарова. Бұл ретте облыс аумағындағы 28 ауылда ұялы байланыс пен мобильді интернеттің мүлде жоқ екенін атап өту керек. Аймақ басшысы Асайын Байханов қазір сала компанияларымен мұнара-ларды орнатып, желілерді тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтқан-ды. Жергілікті әкімдік келесі жылы бұл елді мекеннің барлығына өркениетті жеткізуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, жекелеген ауылдарда мұнара да, желілер де болғанымен, байланыстың сапасы сын көтермейді. Облыстық цифрлық даму басқармасы соған қатысты шағымдарды қабылдап, кейін құзырлы инспекция өкілдерімен бірге арнайы тексерістер жүргізеді. Мысалы, былтыр Теле2 және Алтел қызметтерін көрсететін «Мобайл-ТелекомСервис» кәсіпррны мен «Кселл» компаниясының әрқайсысына 1,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Ал «КарТел» компаниясы Beeline байланыс операторының сапасы талапқа сай болмағаны үшін 3 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. Тәжірибе көрсеткендей, ұялы операторларға айыппұл салынып жатса да, олардың тарифтері қымбаттаса да сапа айтарлықтай жақсара қойған жоқ. Келесі айдан бастап арта түсетін абоненттік төлемнің де оң әсері бола қояды дегенге сену қиын, шыны керек. Түптеп келгенде мұның барлығы тек тұтынушыға қиындық пен қолайсыздық тудырады. Бұл ретте ұялы операторлардың ұяты «оянып», бағаға сай қызмет көрсетсе екен дейсің…
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.