Photo Valeriy BUGAYEV

Елімізде көктемгі су тасқынына байланысты бірнеше облыста төтенше жағдай орын алып отыр. Табиғи апат аймағымызды да айналып өтпеді. Қарғын судың құрсауында қалған ауылдар, су басқан үйлер бар. Облыс билігі тасқынның алдын алу үшін бар күшін салуда. Тұрғындар да қарап қалмай, өз ауылдарын шама-шарқынша қорғап бағуда.

Қауіп сейілген жоқ

Апта басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Үкімет бекіткен Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды. Оның пікірінше, тұжырым-даманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

— Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық маман-дардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған, — деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек.

Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.

  Жағдай — бақылауда

Павлодар облысында су басу қаупі бар 10-ға жуық елді мекен бақылауға алынған. Сонымен қатар, 7 автожол учаскесі бақылауда. Облыс әкімі Асайын Байханов қарғын судан қауіп төнген барлық өңірлерді аралап, ондағы жұмыстардың дұрыс үйлестірілуіне баса назар аударды. Аймақ басшысы қыстағы құбылмалы ауа райы су тасқыны жағдайына әсер еткенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, желтоқсан мен қаңтар айларындағы жылымық пен қар аралас жаңбыр жердің бетіне тығыз мұз қалыптастырды. Бұл жағдай еріген қар суының жерге сіңуіне бөгет болды. Күн жылыған кезде қар жылдам еріп, наурыз айының соңында жауған жаңбыр жағдайды ушықтырып жіберді.

Асайын Қуандықұлы Павлодар ауданындағы Розовка ауылындағы жағдаймен танысып, жедел штабтың отырысын өткізді. Аталған елді мекенге даладан ағып келетін қар суы қауіп төндіріп тұр. Судың біраз бөлігі ағызылды. Алдағы уақытта тағы да жаңбыр жауады деп күтілуде. Сондықтан ауылға келетін су көлемі тағы ұлғаюы мүмкін. Жағдайдың алдын алуда өңір басшысы қосымша техника беруді және адамдар санын арттыруды тапсырды.

Өткен аптада Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылында, Успен ауданы орталығы мен Вознесенка, Белоусовка ауылдарында, Аққулы ауданы Қазы ауылында және Ертіс ауданы Қарақұдық ауылында бірнеше үйге су кірген болатын. Облыс әкімі аталған елді мекендердегі жағдаймен танысып, жергілікті билікке тиісті тапсырма берді. Ойда орналасқан Жалаулы ауылында еріген қар суын жинау үшін үш қазан шұңқырды кеңейтіп, даладан келетін суды тоқтату үшін ұзындығы 6 км болатын бөгет салу жөнінде шешім қабылдады.

Осы аптада аймақ басшысы су басу қаупі бар ауылдарды тікұшақпен аралады. Қардың еру ауқымын бағалап, қауіпті учаске-лерді белгіледі. Бұл ретте Ақтоғай ауданында ауқымды іс қолға алынды. Шолақсор ауылында көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген судың негізгі көлемі ағып өткен. Сілеті өзеніндегі су деңгейі қалыпты деңгейге төмендеді. Ауыл-дағы кіреберіс жол қалыпқа келті-рілді. Аталған жолды судың шайып кетуіне жол бермес үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, келесі жылы облыстық бюджет есебінен көпір салынбақ. Сонымен қатар, Тереңкөл ауданы Первомайское ауылында Северная және Достық көшелерін су басу қаупі бағаланды.  Үйлерді судан қорғау үшін биіктігі 1,5 метр болатын ұзындығы үш шақырым бөгет салынған. Бұдан бөлек, Тереңкөл ауданы Томарлы және Железин ауданы Веселая роща, Михайловка ауылдарына да даладан келген қар суы қауіп төндірген. Оған тосқауыл қою үшін бөгет жасалып, су ағысын бұруға арналған арықтар қазылды. Үйлерді су басу қаупі жойылды. Аталған шаралар жалғасатын болады.

Асайын Қуандықұлы өңірдің барлық ауылында су тасқынына қарсы қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтады. Әкімдердің басты міндеті — көшелер мен үйлерге су жібермеу. Әкімдерден тәулік бойы су тасқынына қарсы шаралар жөнінде есеп алынуда.

Кеше Ертіс ауданы Ұзынсу ауылын су басу қаупіне байланысты жергілікті атқарушы орган «Атамекен-Ертіс-Русская Поляна» республикалық маңызы бар жолда көлік қатынасына шектеу қойды.

Редакциямыз да су тасқынынан қауіп төнген елді мекендердегі жағдаймен танысу үшін жергілікті билік өкілдері мен тұрғындарға хабарласты.

Облысымызда ең көп зардап шеккен елді мекен — Ақтоғай ауданына қарасты Жалаулы ауылы. Мұнда жағдай күрделі. Қырдан келген қар суы 14 үйге еніп, ауласына толық жайылған. Зардап шеккен тұрғындар туыстарының үйін паналауда.

Жалаулы ауылдық округінің әкімі Азамат Медетов елді мекенде су тоқтату жұмыстары жүргізілгенін айтады. Ауыл ішінде су сору жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 2 су сору құрылғысы жеткізілген. Сонымен қатар, 5 мотопомпа бар. Мамандар аулаларда да су сору жұмыстарын жүргізетін болады.

— Биыл 14 үйді су басты. Үйін су басқан тұрғындар туысқандарының үйіне орналасты. Төрт түлікті шаруа қожалықтарындағы малға қостық. Су деңгейі түскен соң зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Күз мезгілінде толассыз жауған жаңбыр жерге сіңіп үлгермей аяз басталғанын білесіздер. Қыста қар аралас жаңбыр жауды. Соның салдарынан биыл табиғи апат орын алып отыр. Ауыл ақсақалдары осыдан 40 жыл бұрын елді мекенде осындай су тасқыны орын алғанын айтады. Бұған дейін ауыл іші дәл осылай суға кетпейтін. Жылда өз күшімізбен тасқын суға төтеп беретін едік. Ауыл ойлы жерде орналасқандықтан жиналған суды ешқайда жібере алмадық. Қазір жағдай тұрақталып келеді, — дейді ауыл әкімі.

Азамат Жақсылықұлы ауыл сыртында 3 қазан шұңқыр барын айтады. Биыл оның сыйымдылығы қар суына төтеп бере алмаған. Облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта мұндай төтенше жағдай орын алмас үшін аталған қазан шұңқырлардың сыйымды-лығы арттырылмақ.

Аққулы ауданы Қазы ауылындағы жағдайды білу мақсатында Малыбай ауылдық округінің әкімі Асқарбек Айғазиновқа хабарласқан едік. Оның сөзінше, биыл бір үйге су кірген. Елді мекенде жағдай тұрақты, қар толық еріді. Қазір судан зардап шеккен жолдар жөнге келтірілуде. Судан жапа шеккен үйдің материалдық шығыны өтелетін болады.

Ертіс ауданына қарасты Қарақұдық ауылында да табиғи апат орын алған болатын. Қарақұдық ауылдық округінің әкімі Темірғали Рүстембеков екі үйді су басқанын айтады. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, тұрғындар өз үйлеріне кірген. Өзге үйлерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Жыл сайын көктемгі су тасқыны кезінде жапа шегетін ауданның бірі – Баянауыл. Қарағанды жақтан келетін тасқын судың салдарынан Мәшһүр Жүсіп ауылындағы Ескелді бағытындағы шағын көпірді су басқан. Ауыл тұрғыны Қалияқпар Асылбеков аталған учаскеде күні-түні кезекшілік жүргізілетінін айтады. Кеше судың деңгейі түсіп, жеңіл көліктің қатынауына рұқсат берілді. Ауыл іші тегіс аман.  Бір аптаның көлемінде жағдай тұрақталмақ.

Еріген қар суы Железин ауданындағы Веселая роща, Башмачное ауылдарындағы жұртшылықты да әбігерге салған. Аудан орталығында еріген қар суы шетте орналасқан үйлердің ауласына енген. Башмачное ауылында қырдан келген суды Ертіс өзеніне бұру үшін ұзын-дығы 800 метр жыра қазылған. Башмачное ауылдық округінің әкімі Меруерт Мадағұлова ауыл іргесінде жиналған мол судың деңгейі түсіп жатқанын айтады. Ауыл халқы аман. Елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ.

Күшіміз — бірлікте!

Өңірде су тасқынына қарсы жағдайлар бойынша нақты шешімдерді үйлестіру және қабылдау мақсатында облыс әкімі басшылық ететін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Осындай штабтар облыстың барлық қала-аудандарында ұйымдастырылған. Өткен тәулікте облыс бойынша 100 мың текше метр су сорылған. Облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алуда барлығы 350 адам, 137 бірлік техника, 39 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Сонымен қатар,  өткен тәулікте 90 мың текше метрден астам су сорылды, 1200 дана қапшық төселді, 275 тонна инертті материал төгілді.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл ретте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ернұр Әйткенов облыстық мәслихат төрағасы Илья Тереноченко бастаған облыс-
тық мәслихат депутаттарымен бірге Тереңкөл ауданы Федоровка ауылы мен Железин ауданы Веселая роща ауылдарындағы жағдаймен танысты. Депутаттар елді мекендердегі су тасқынына қарсы шаралардың жүргізілу барысымен танысып, тұрғындарға көмек көрсетті.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай, облыстық мәслихаттың фракция депутаттары Асылбек Туғанбай, Қалауиден Ибрагимов, Беслан Уюкбаев ең көп зардап шеккен Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына барып, халықтың жағдайымен танысып қайтты. Депутаттар тұрғындарға резеңке етік, құм салуға арналған қапшық, азық-түлік, алғашқы көмек көрсетуге қажетті заттарды жеткізді. Жастар бастамаларын дамыту орталығында табиғи апат салдарынан зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинау нүктесі де ашылды.

Сонымен қатар, Жастар бастамаларын дамыту орталығы, «Жасыл ел» штабының және Павлодар облысының «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері Ақтоғай ауданындағы Шолақсор, Жалаулы ауылдарындағы құтқарушыларға жәрдемдесті. Еріктілер мамандарды ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Бұдан бөлек, Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің 50-ден астам сарбазы су тасқынына қарсы бөгеттерді жасауда көмек беруде. Ақтоғай ауданына қарасты Шолақсор елді мекенінде өзен суы арнасынан асып, қауіп төндірген. Ұландықтар ауыл маңына таяған  қарғын суға қарсы  бөгеттер жасап, өзен арнасынан асқан суды саябырсытуға барын салуда.

Түйін:

Төтенше жағдайлар департаменті көрші облыс-тардан да қауіп келуі мүмкін екенін айтады. Онымен қоса, алдағы аптада күн күрт жылынып, жаңбыр жауады деп болжануда. Демек, қауіп сейілді деп айта алмаймыз. Жергілікті билік өкілдері тұрғындарды су тасқынынан аман алып қалу үшін тәулік бойы кезекшілік орнатып, барын салуда. Ең бастысы, мал-жан, үй-жай аман болса екен деп тілейміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА,

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.