Елімізде әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту ұсынылды. Мұндай өзгеріс әйелдердің отбасына көбірек көңіл бөлуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, бұл жағдай басшылық қызметтегі әйелдердің де санын арттыруға мүмкіндік бермек. 2023 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,7 пайыз болса, басшылық қызметтегілердің үлесі 20,3 пайызды құраған. Тәуелсіздік алғалы саяси лауазымда отырған әйелдердің үлесі 15 пайыздан аспаған. Қазақстан саясаттағы әйелдердің үлесі бойынша 183 елдің ішінде 124-інші орында. Сондықтан елімізде әйелдердің көшбасшылығын дамытуға көмектесетін шараларды қабылдау да ұсынылды. Әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту қажет пе? Бұдан не ұтамыз? Бұл мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Қарақат ӘБДЕН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен алынды):

— Скандинавия елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әйелдерге қысқартылған жұмыс күнін енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл отбасы институтын нығайтып, жұмыс істейтін әйелдердің бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Осы орайда, бала күтіміне арналған инфрақұрылымды дамыту керек.

Атап айтқанда тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу және жұмыс орындарында балалар бөлмелерін ұйымдастыру да қызметтегі әйел адамға көмегін тигізеді. Бұдан бөлек, ақылы декреттік демалыстың мерзімін 2 жылға дейін ұзартуды ұсынамын. Өйткені балабақшалар баланы екі жастан қабылдайды. Оған қоса, әйелдерді жұмыс орнында кемсітуден қорғайтын құқықтық шараларды күшейту керек. Ал мемлекеттік қызметке келсек, облыстық әкімдіктерде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі тек 10 пайызды құрайды. Барлық облысты ерлер басқарады. Әйелдер орынбасар қызметіне тағайындалып, негізгі «жұмыс күшіне» айналған. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, үкіметті әйелдердің көшбасшылығын дамытуға көмектесетін шаралар қабылдауға шақырамын. Алдымен, басшылық қызметке әйелдердің қатысуын арттыру мақсатында гендерлік теңдік мәселелері бойынша ұлттық бақылау және есеп жүйесін құруды ұсынамын.

Алмагүл ҚОЗБАЕВА, «Павлодар облысының мәдениет, спорт, туризм, ақпарат, бюджеттік және мемлекеттік сала қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— Жұмыстағы әйел — өз отбасында аяулы жар, балаларының анасы. Отбасындағы береке ең бірінші кезекте әйел адамға байланысты екенін ұмытпау қажет. Сол себепті әйелдің жұмыс уақытын қысқарту, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны 2 жасқа дейін ұзарту, жұмыс орындарында балалар бөлмесін ашу деген ұсынысты қос қолдап қолдаймын.

Өзімнің екі қызым бар. Екеуі де бойжетті. Кішкентай кездерінде жұмысқа уақытылы бару үшін оларды балабақшаға ең бірінші енгізіп, ең соңынан үйге алып кететін едім. Оларды білім ошағындағы күзетшіге тапсырып кететінмін. Егер депутат ұсынып отырған ұсыныс қабылданса, әйел адам баласына алаңдамай, өз жұмысын тиянақты орындары сөзсіз. Қазір мемлекеттік қызметтегі әйелдер үйінен таңнан шығып, кеш батқанда ғана оралады. Жұмысқа алаңдағандықтан, отбасына қажетті деңгейде көңіл бөле алмайды. Әйелдің жұмыс уақыты қысқарса, баланың дені сау, ұрпақ білімді болады. Себебі, ана өз ұл-қызына уақытын арнай алады. Бұл мәселеде ескеретін жайт бар. Жұмыс уақыты қысқарғанымен еңбекақының мөлшері азаймауы тиіс. Осы талап ескерілуі керек.

Ерсайын БЕЛГІБАЕВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Пысық әйел жұмысқа да, үйге де үлгереді. Оның үстіне қазір аптасына екі күн демалады. Жұмыс істейтін әйелдің балалары міндетті түрде мектепке немесе балабақшаға барады. Яғни, ол қызметте болғанда, ұл-қызы мұғалім мен тәрбиешінің қарауында болады. Кешкі уақытта әйел адам үлгермесе, баланы жолдасы алып кете алады.

Статистикаға сүйенетін болсақ, мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі басым. Аймағымызда да мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 60 пайызға жуықтайды. Егер нәзік жандылар қызметке үлгермейтін болса, бұл салада олардың саны артпас еді. Қазір қоғамда әйел теңдігі мәселесі жиі қозғалып жүр. Отбасылық құндылықты қойып, мансап қуып жүргендер көп. Ер адамнан артық табыс табамыз деп жар салып жүргендер де бар. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы үйде отырып, ай сайын миллион теңге тауып отырған әйелдер табысымен мақтанады. Сондықтан жұмыс істеймін деген әйел үйде де еңбекақы таба алады. Терезесі тең болсын десе, неге олар кем жұмыс істеуі керек? Әрі кейбір өндірістік орындарда әйелдер станокты екі сағатқа ерте сөндіруге, күнге жоспарлы өнім толық таратылмай орта жолда тастап жүре беруге құқығы бола ма? Осы уақытқа дейін жұмыс пен отбасыға үлгеріп жүрген әйелдер үшін жағдайды өзгертудің еш реті жоқ деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.