Әйелдің бақыты – ана атану

Нау 7, 2025

Ана үшін құрсағындағы сәбиін аман-есен жарық дүниеге әкеліп, қолына алып, құшырлана иіскегеннен асқан бақыт жоқ. Әр әйел осы бір  әдемі шақты алаңсыз сезінуі үшін облыстық перинаталдық орталық мамандары барын салады. Олар үшін ана мен бала амандығы – аманат. Суреттегі сәби редакция ұжымымен сұхбаттасудың алдында жарты сағат бұрын дүниеге келген болатын.

Облыстық перинаталдық орталығының аға акушері Гүлмира Қабышеваның ана мен бала өміріне жауаптанғанына биыл — 30 жыл. Осы уақыт ішінде ол мыңдаған сәбидің дүниеге аман келуіне жәрдемдесіп, шыр еткен шақалақтарды анасының бауырына басқан. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында тәжірибелі маманмен тілдесіп, өмірге перзент әкелу, ана атанудың қызығы мен қиындығы жайында әңгімелескен болатынбыз.

 

— Гүлмира Зекенқызы, қызметіңіз басталысымен бір әулеттің шежіресін жалғайтын ұл баланың аман-есен өмірге келуіне жәрдемдестіңіз. Күніне қанша сәбиді бауырыңызға басып, қыз-келіншектердің ана бақытына кенелуінің куәсі боласыз?

— Әйел бақытының ең ғажабы – бала сүйіп, ана атану. Жаратушы қыз-келіншектерге мейірім нұрына шомылып, еміреніп бала сүйіп, ана болу бақытын сезінуді маңдайына жазыпты. Өзінің жанынан жаралған бейкүнә тіршілік иесінің омырауына мұрнын тығып, алпыс екі тамырын идіріп, ет жүрегін елжіретуі – бақыттың төресі. Шақалақтың пысылдап, өне бойынан жұмақ иісі бұрқырап ұйқыға кеткен сәтін көру – жалғандағы теңдесі жоқ бекзат дүние дер едім. Міне, күн сайын осындай қуаныштың куәсі болып, ана мен баланың дін аман болуы үшін еңбек ету — зор жауапкершілік. Перинаталдық орталықта күн сайын 12-15 сәби өмір есігін ашады. Оның ішінде өзім тәулігіне 2-3 әйелдің аман-есен босануына жауапты боламын.

— Қызметіңіз зор жауап-кершілік жүктейтінін айттыңыз. Шынымен де, күрделі жұмыс. Осы саланы таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

— Ешқашан өкінген емеспін. Әрине, өмірге ұрпақ әкелу, адамнан адамның жаратылуы оңай емес. Қазақ халқы «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде болса, бір аяғы көрде», деп бала сүюдің ана өміріне қауіпті екенін де екі ауыз сөге сыйдыра білген. Кез келген әйелдің басынан өтетін ұмытылмас қиын сәтте солардан  кем қиналмай, күн, түн демей ана мен бала өмірі үшін сақшыдай қырағы тұрудың өзі – мәртебе.

Биыл күрделі салада еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толыпты. Саналы ғұмырымдағы осы уақыт ана мен бала өмірін сақтап қалуға арналса, одан асқан қуаныш бар ма? Мен бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдадым. Бала күнімнен медицина саласына оқуға түсуді армандадым. 1992 жылы  Павлодар ауданы Новочерноярка ауылындағы орта мектепті тәмамдадым. Сол жылы Павлодар медициналық колледжіне құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылдандым. 1995 жылы қолыма диплом алып, жұмысыма кірістім.

— Еңбек жолыңызды 90-шы жылдардың ортасында бастаған екенсіз. Алғаш рет әйелді босандырған сәт есіңізде шығар…

— Колледжі тәмамдаған сәтте қазіргі Тереңкөл аудандық ауруханасына қызметке орналастым. Жарты жылдан кейін облыс орталығындағы Ломов көшесі, 47-үй мекенжайында орналасқан облыстық перзентханаға ауыстым.

Ол уақыттағы босану бөлімінің жұмысын қазіргімен салыстыруға келмейді. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, ауылдарда жарық жиі өшіп, жылу аз болатын. Бірақ ол уақытта туу көрсеткіші қазіргідей көп емес еді. Есімде, алғашқы босандыру сәті кезінде жанымда тек санитар қызметкері ғана болды. Жарық өшіп қалған еді. Салдарынан ешбір медицина құрылғысын пайдалана алмадық. Бар жауапкершілік тек менде болды. Сөйтіп, өмірге дені сау қыз бала келді. Одан кейін еңбек тәжірибемдегі алғашқы егіз баланың өміріне жауаптандым. Қажетті дәрістер мен тәжірибеде қолданылған әдістер жазылған дәптерім жанымда жүретін. Бар болғаны 20 жасымда қолыма сәби алғанымда бойымды қорқыныш билегені рас. Өйткені, ол күллі бір шаңырақтың перзенті ғой. Ал шақалақтың шырылдаған дауысын естіген кезде кеудені қуаныш сезімі кернейді.

Бір жылдары саланы ауыстыру  ойымда болған еді. Облыс орталығындағы ИнЕУ-де биотехнология мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бірақ жүрек қалауы перзентханаға қайта алып келді.

— Әйел жанын әйел ғана жақсы түсінеді дейді ғой. Жарық дүниеге тұңғышын әкелген әйелдер ана атануға қаншалықты дайын болады?

— Жоғарыда атап өткенімдей, ана атану оңай емес. Перзентханадағы әйелдің босанғанын естіген туысқандары бір-бірін құттықтап, балаға  «Бауы берік болсын!» деп тілектерін айтып жатады. Бірақ сол сөзді еститін күнге жету үшін әйел баланы 9 ай бойы құрсағында көтеріп, толғақ кезінде көп бейнеттенеді. Ол қиындықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ әйел қырық жанды дейді ғой. Сәбидің іңгәлаған дауысын естіген сәтте тоғыз айдағы, толғатқандағы қиындықты сол сәтте ұмытады. Ол дегеніңіз – ананың балаға деген өшпес махаббаты. Ана бала үшін жанын құрбан етуге барады.

Босанғаннан кейін қолына сәбиін алған әйелдерге баланы дұрыс емізу, киіндіру, көтеру, жатқызу сынды негізгі дүниелерді көрсетіп, үйретеміз. Әйелдің дұрыс тамақтанып, өзін қалай күтуі керектігі жөнінде кеңес береміз. Бала өмірге келгеннен үйге шығарылғанға дейін акушерлер күні-түні кезектесіп жандарында жүреміз. Иә, алғаш рет ана атанған әйелдерге ерекше көзқараспен қараймыз. Кейбір аналар психологиялық тұрғыдан әлі дайын емес, босанғаннан кейінгі ана ағзасында болатын ауырсынуларға шыдай алмай, жылап жатады. Түн ұйқысын төрт бөлуге де шыдай алмай жататын қыз-келіншектер болады. Бірақ бәрі де 40 күннен кейін өздерін қолға алып, барлық қиындықты тез ұмыта алады.

Қуантатыны, қазір әлеуметтік желінің арқасында жүкті әйелдер өздерін күтуді, дұрыс босануды жақсы біледі. Тіпті, ер заматтар да әйелдерін бағалап, құрметпен қарайды. Олар әйелдерімен бірге серіктес болып кіріп, босану кезінде көмек көрсетіп жатады.

— Сіз босандырған ең жас ана нешеде болды?

— Қазір жас ана көп. Өзім 16 жастағы ананың босануына көмектескен болатынмын. Цереб-ралды сал ауруына шалдыққан қыз зорланғаннан кейін жүкті болып қалған. Денсаулығына қарамастан, құрсағындағы баланы өмірге әкелді. Таң қалғаным, өзі әлі бала болса да, қолына сәбиін алған бойда оны аналық мейірімге бөлей білді. Медициналық қызметкерлер айтқан ақыл-кеңесті тиянақты орындап, баласына ерекше қамқорлық танытты. Сол қыз есімде ерекше сақталыпты. Оның анасы да қызы үшін уайымдап, өмірге келген жиенін өз атына жазып, перзентханадан шығарып алды. Бүгінде сәбиді анасы екеуі өсіріп отыр. Естеріңізде болса, жаз айында перинаталдық орталықта 12 жастағы қыз ана атанған болатын. Біздің мамандардың көмегінің арқасында ана мен бала өміріне қауіп төнбеді. Бұдан бөлек, салмағы 450 грамм болған шақалақты адам қатарына қостық. Ол жүктіліктің 22-аптасында өмірге келді. Біздің орталықта
3 ай жатып, салмағы 2 келіден асқан кезде үйге шығарылды. Осындай қиын жағдайға тап болған әр әйелге психологиялық тұрғыдан көп көмек береміз. Ана бақытының не екенін түсіндіреміз.

Атап өтерлігі, соңғы 2-3 жылдың көлемінде перинаталдық орталықта баласын тастап кеткен ана тіркелмеді. Оның бәрі акушерлер мен дәрігерлердің бірлескен еңбегінің арқасы дер едім.

— Сіз күнде қыз-келіншек-тердің аналық махаббатты сезінуінің куәсі боласыз. Өзіңіз неше баланың анасысыз?

— Иә, жұмысымыз жауапты. Дегенмен, «әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар ғой. Отбасыма да ерекше көңіл бөлуге тырысамын. Өзім екі ұлдың анасымын. Бүгінде тұңғышымнан екі немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Немерелерімді алғаш қолға алған да өзіммін. Бұл да маған мамандығым сыйлаған бақыт дер едім. Келінім босанатын сәтте жанына серіктес болып кіріп, қолдау көрсеттім. Балаларыма ең бірінші кезекте еңбекқор, адал, жаман әдеттен аулақ болуды үйреттім. Ұлдарым сенімімді ақтай білді.

Жұмыстан бөлек, қайырым-дылықпен айналысуды жаным ерекше жақсы көреді. Қарттар күні қарсаңында акушерлер қауымы бірлесіп, қарттар үйіндегі қарияларға сыйлық жасаған болатынбыз. 8-наурыз мерекесі қарсаңында сәбилер үйіндегі бөбектерге қажетті заттар әзірлеп қойдық. Әйел адамның жаны нәзік болғаннан кейін қамқорлық көрсетуге асық тұрамыз.

— Мереке қарсаңында қыз-келіншектерге айтар тілегіңіз болса…

— Тал бесікті тәтті әлдимен тербеткен аналар қауымын көктем мерекесімен құттықтаймын. Адамзат баласына мейірім мен адамгершілік ең әуелі ананың ақ сүтімен дариды. Әлемнің жарығын сыйлаған аналар қауымы қашанда құрметке лайықты. Әйел – ана, әйел –
жар, әйел – отбасының берекесі. Баршаңызға мықты денсаулық, дені сау ұрпақ тілеймін. Баласын бауырына алған аналар ұл-қызының қызығына бөленсін. Өздеріңізге ерекше күтіммен қараңыздар. Дені сау сәбиге денсаулығы мықты ана керектігін естен шығармаңыздар!

— Уақыт бөліп әңгімелес-кеніңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.