Әйел адамдарға рақымшылық жариялау керек пе?

Ақп 6, 2025

Бүгінде темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан әйел адамдар аз емес. Кейбірі білместіктен, құқықтық сауаттылықтың төмендігінен жаза басты. Қоғамға қауіп төндірмейтін құқық бұзушылықты жасаған жандарды мерзімінен бұрын бостандыққа шығарса, мыңнан астам бала аналарымен қайта қауышар еді. Таяуда Мәжілісте осындай ұсыныс айтылды. Бірі даттады, бірі қолдады. Аталмыш ұсынысты біз де «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Қарақат ӘБДЕН, Мәжіліс депутаты (пікір интернеттен алынды):

– Сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғамға қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынамын. Мұндай әрекет әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасылық құндылықтың нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған темір тордағы әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бостандыққа шыққан әйелдер бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алады.

Қазіргі деректерге сүйенсек, қамауда отырған 2336 әйел адамның жартысы – ана, оның ішінде 250-і – көпбалалылар қатарында. 1500-ден астам бала ананың қамқорлығынсыз қалып отыр. 100-ге жуық сәби балалар үйінде тәрбиеленуде. Яғни, отбасы ойран болған, тағдыр тауқыметіне түскен, ана жылуынан айырылған сәбилер қайта бақыт құшағына бөленуі керек. Рақымшылықты қолдану үші  н зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ, жүкті және кішкентай баласы бар, көпбалалы, алғаш сотталған, жасы 60-тан асқан әйелдер сынды бірқатар санатты қарастырған жөн. Осы қатардағы әйел адамдарға рақымшылық жасалса, балалар үйлеріне жүктеме төмендеп, әлеуметтік шиеленіс азаяды.

Гүлмира ҚАЖИЕВА, Павлодар облыстық қорғаушылар алқасының адвокаты:

– Осы уақытқа дейін егемен елімізде 9 рет рақымшылық жасалған. Деректерге сүйенсек, мұндай шара әйел адамдарға қатысты қолданылмаған. Ал көршілес елде әйелдер амнистиясы бірнеше рет қолға алынып, жүзеге асқанын байқауға болады.

Мәселен, Қырғызстан елінде 1996 және 2015 жылдары 2 рет рақымшылық жасалған. Ал Өзбекстанда 2013 жылы, Тәжікстанда 2021 жылы әйел адамдар аталмыш амнистиямен бостандыққа шықты. Бізге үлгі болып отырған мұндай әрекеттердің оң тұстары айтарлықтай көп.

Біздің елде де әйелдер рақымшылығы іске асса, әлемдік деңгейде демократиясы мен әлеуеті дамыған ел екенінімізді дәлелдейтін едік. Мыңдаған ана отбасына оралып, балаларына қамқор бола алады. Қоғамда «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деген ұғым бар. Иә, кей қыз-келіншектер де абайсызда заң бұзып, темір тордың ар жағына түсті. Олардың қатарында қателіктерін мойындап, ісіне өкініп, еркіндікке шығып, отбасына оралуды қалайтындар бар. Сондай жандарға мүмкіндік беріп, ауыр және аса ауыр қылмысқа бармаған, жеңілдетілген санатқа жататын сотталғандарға рақымшылық жасасақ, артық болмас.

Дулат ӘБЕТЖАНОВ, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

— Заң алдында адамдардың барлығы бірдей. Заңнамадағы тәртіпті бұзған азаматтар теңдей қылмыскер ретінде қарастырылады. Оларды ер-әйел деп бөлмейді. Сондықтан бұл ретте тек қыз-келіншектерге рақымшылық жасап, оларды сотталған мерзімінен ерте босату мәселесін егжей-тегжейлі саралап, әр адамның ісін тереңінен зерттеу керек. Құқық бұзған әр адам жазасын сот үкіміне сәйкес өтеуі тиіс екенін де ескеру керек. Себебі құқық бұзушылыққа қатысты істі қараған сот та үкім шығармас бұрын оның себеп-салдарын ескеріп, соған сай жаза белгілейді емес пе?!

Ал темір тордың ар жағындағы адамдардың отбасылық мәселелеріне келер болсақ, алдымен кез келген адам ережелерді елемей, заңды белшесінен баспас бұрын сол отбасының, балаларының, жақындарының жағдайын ойлау керек. Балаларын жалғыз қалдыруды қаламаса, заңға сай өмір сүріп, әрекет етуі керек.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөз бекер емес. Қыз-келіншектерді бостандыққа ерте шығарған күннің өзінде олардың балаларына саналы тәлім-тәрбие бере аларына, қайтадан жаза баспасына кім кепіл? Сондықтан бұл ұсыныс жан-жақты саралауды талап етеді.

«Алаңды» үйлестірген – Салтанат ҒАББАС.