Кейінгі жастар үшін алдыңғы буынның айтқан ақылы ғана емес , бұрынғы өткен өмірі мен еңбек жолындағы жетістіктері де — үлкен мектеп, өмірлік өнеге. Өзінің еңбекқорлығымен көпке үлгі болған сондай жандардың бірі — Балшекер Қалимолдина. Ол ұзақ жыл облыстық «Saryarqa samaly» газетінде теруші болып жұмыс істеп, құрметті демалысқа шықты. Бүгінде отбасы, бала-шағасының ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешіп жатыр.
Балшекер Сағынтайқызы 1955 жылы Шарбақты ауданы Алға ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Павлодар қаласындағы Алтынсарин атындағы мектеп-интернатынан түлеп ұшып, машинист мамандығын меңгерді. Содан бастап жұмысқа араласып, өзінің таңдаған мамандығына деген адалдығымен, тұрақтылығымен ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби шеберлігін өзгелерге дәлелдей білді. 1973 жылы облыстық «Қызыл ту» газетіне теруші болып жұмысқа қабылданып, осы редакцияда табан аудармастан 30 жылдан астам қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты.
— Мен облыстық газетте 30 жылдан астам теруші болып жұмыс істеп, редакцияның бір дәуірін бастан өткіздім десем болады. Ол кезде газет материалдары машинкамен басылады. Материал терумен арнайы мамандар айналысады. Оған да қолдың күші керек, өйткені машина ауыр болды. Одан кейін электр машинасына ауысып, 1997 жылдан бастап компьютермен жұмыс істей бастадық. Соның нәтижесінде жұмысымыз әжептәуір жеңілдеп қалды, — деп еске алады Балшекер апай.
Балшекер Сағынтайқызы — аймақтың ата басылымының «Қызыл ту» болып тұрған тұсында ең ұзақ қызмет еткен ардагерлердің бірі. Газет оқырмандары басылым беттерінен тек журналистердің есімдерін есте сақтап, тілшілердің жұмысын ғана көргенімен, олардың ар жағында Балшекер апай сынды қаншама қарапайым маманның қажырлы еңбегі жатыр.
— Мен жұмыс істеген жылдары көп адам осы редакцияның мектебінен өтті. Олардың көпшілігі елге белгілі журналист, мүйізі қарағайдай ақын-жазушы болды. Мәселен, Бақыт Баймұрат, Өскенбай Тәстемхан, Қажымұрат Смағұлов, Айтжан Бәделхан, Төлеубек Қоңыр, Шолпан Байғалы, Фарида Бықай және басқа да талай танымал журналистермен бірге еңбек еттім. Мен редакцияда болған отыз жылдың ішінде газетке төрт бас редактор келіпті. Олар – Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов және Мұхит Омаров. Біздің ұжымның береке-бірлігі өте нық, ауызбіршілігі мықты болды. Әр күніміз әр күнімізден өзгеше көңілді өтетін. Кезінде бірге жұмыс істеген журналистерден Фарида, Шолпан, корректор болған Күләш, Аққалқа деген апайларыңмен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын, — дейді.
Әйел затының арқалаған жүгі ер азаматтардан қарағанда әлдеқайда ауыр ма деген ойға қаласың кейде. Себебі, олар күндіз елдің жұмысын еңсеріп, халық үшін тер төксе, жұмыстан кейін отбасы мен бала-шағаның қамын жасау үшін қайта шаруаға кіріседі. Дегенмен, кейіпкеріміз отбасы мәселесін жұмыспен қатар қоюға болмайды, бала-шағаның тәрбиесінен асып жатсаң ғана сырттың жұмысына араласқан жөн дегенді алға тартады.
— Жалпы, әйел адам үшін отбасы мен қызметті бірдей алып жүру қиын. Дегенмен, бала-шағаның болашағы үшін барлығын көтеру керек болады, көндігуге тура келеді. Өз басым отбасындағы міндеттерімді әрдайым жоғары қойып, бала тәрбиесін бәрінен маңызды санадым. Соның арқасында балаларымның тәлім-тәрбиесі дұрыс болды. Өкінішке қарай, қазір мансапты алдыңғы қатарға қойып, отбасын екінші орынға қалдыратын қыз-келіншектер көбейіп кетті. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын. Отбасы мен елдің жұмысын бірге атқарып жүрген нәзік жандар баршылық. Қалай болғанда да отбасын құрып, ұрпақ тәрбиелеу бәрінен маңызды екенін естен шығармау керек, — дейді апамыз.
Балшекер Сағынтайқызы бүгінде бір әулеттің ақылшы әжесі болып, балалары мен немерелерінің қызық-қуанышына бөленіп отыр. Кейіпкеріміз үшін 8 наурыз —
Халықаралық әйелдер күні мерекесінің орны бөлек. Әр мереке сайын әулеттің бала-шағасы мен немерелері бір шаңыраққа бас қосып, аналары мен апаларына сый жасап, құрмет көрсетеді.
— Мен үшін ең қымбат сыйлық — немерелерімнің өз қолынан жасаған сыйлығы. Жас кезімізде балабақшаға баратын балаларымыз қолдарынан түрлі сыйлық жасап ұсынса, қазір сондай құрметті немерелерден көріп жатырмын. Сондықтан әрбір әйел баласына осындай бақыт тілеймін, —
дейді Балшекер апа.
Балшекер Сағынтайқызын және барлық асыл әжелер, ардақты аналар, аяулы арулар қауымын 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жүздеріңіз жарқын, көңілдеріңіз шат болсын!