Соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекенді тып-типыл етті. Әр үйге, отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар, ол халқы-мыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі еді. Елі үшін аянбай тер төккен азамат қаншама.
Биыл — Ұлы Жеңістің 78 жылдығы. Осыған орай Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем Айтбай Мұқанов жайында айтқым келеді. Әкеміз 1917 жылы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында дүниеге келген. 1940 жылы Куйбышев ауданынан әскер қатарына шақырылған. Айтбай әкеміз Ұлы Отан соғысына бастан-аяғына дейін қатысып, Берлинге дейін жеткен. 1945 жылы 9 мамырда өткен Жеңіс шеруінде болған. Ол жайында немерелеріме мақтанышпен айтып отырамын.
1945 жылғы 8 ақпан күні Йоганнисберг ауылынан солтүстікке қарай орман ішінде қатардағы жауынгер Мұқанов өзінің елі мен жері үшін төзімділігін, ерлігін және батырлығын көрсетті. Немістер 3-ші батареясының полк отряды шабуылдаған кезде ол немістердің қанатына кіріп, пулеметтен оқ жаудырған. Немістер түнде 3-ші батарея шебіне ұрыс салып, бұрын шығуға бірнеше мәрте ұмтылғанымен, қарсы алдарынан бет қаратпаған пулемет оғына тап болып, үлкен шығынмен шегінуге мәжбүр болды. Осы ұрыста қатардағы гвардия жауынгері Мұқанов 8 немістің көзін жойып, екеуін тұтқынға алған. Осылайша, ерлікпен батылдығын көрсеткен әкеміз «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейін анамыз Бәкен Ілиясқызымен отау құрып, 11 бала тәрбиелеп өсірді. Куйбышев ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы) Қайран ауылында есепші-фуражер болып еңбек етіп, сол жерде денсаулығына байланысты зейнетке шығып, 1992 жылы дүниеден өтті. Анамыз 45 жыл бойы Қайран ауылындағы бастауыш мектепте ұстаз болып еңбек еткен. «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», «Батыр ана» атағының иегері, еңбек ардагері. 2002 жылы фәниден бақиға аттанды.
Сол 11 баланың бірі мен анамның жолын қуып, ұстаз болдым. Қазір Павлодар қаласының №21 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін.
Асқар тау әкеміз балажан, еңбекқор, ортасына сыйлы, жұмысына адал адам болатын. Өсіп келе жатқан ұрпағын адамгершілікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет етуге, әділ болуға, өзгенің ала жібін аттамауға шақыратын. Отбасылық және қоғамдық жиындарда майдан шебінде болған кездерін еске түсіріп, айтып отыратын. Әкемнің ақыл-кеңестерін ұмытпай, үлгі-өнегесін болашақ жас ұрпаққа жеткізу — біздің басты міндетіміз. Перзенттерін тәрбиелеп оқытып жеткізген әке-шешемізді сағына еске аламыз.
Зере ШІЛДЕБАЕВА, Павлодар қаласы.