Әке тәрбиесінің маңызы зор

Мау 12, 2025

Осыдан екі жыл бұрын елімізде алғаш рет Әкелер күні мерекесі атала бастады. Маусым айының екінші жексенбісінде атап өтілетін мерекенің маңызы зор. Қоғамдағы әке рөлінің ерекшелігі жылдан-жылға артып келеді.

Бұған орта білім беру мектептеріндегі әкелер кеңесінің құрылуы дәлел. Павлодар қаласы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияда «Әкелер кеңесінің» төра-ғасы Бақұстар Жанғозин қазіргі таңда әкенің балаға деген көзқарасы және ұйымның қызметі жайлы айтып берді.

Отбасының тірегі мен қорғаны әкелерге құрмет білдіретін мереке кеңінен танылып келеді. Бұл күні балалар әкелеріне алғысын білдіріп, отбасы мүшелері өзара мейірімділік пен сыйластық қасиеттерін арттырады. Бүгінде әлем бойынша жыл сайын Әкелер күні әртүрлі форматта атап өтіледі. Елімізде мектептер мен балабақшаларда арнайы шаралар  мен концерттер ұйымдастырылып, балалар арнайы өлеңдерін оқып, сурет салып, қолөнер бұйымдарын тарту етеді. Аталмыш кеңестің төрағасы, төрт баланың әкесі Бақұстар Жанғозиннің айтуынша, әкелер жиі жиналып, балалар тәрбиесіне оң әсерін тигізетін шараларды өткізеді.

– Әкелер кеңесіне баламды 7-сыныпта Абай атындағы гимназияға ауыстырған кезімде келдім. Бірден мектептің қоғамдық өміріне араласып, белсенділік таныттым. Негізі, күнделікті өмірде де балам қандай киім киіп, қалай тамақтанатынына мән беріп, әке миссиясын орындап жүргендіктен, ұжым қатарына қосылдым. Ұйым қатысушыларымен бірге спорттық ойындарды жиі өткіземіз.  Одан бөлек, басқа мектептердің әкелер ұйымымымен сайыс өткізіп, дастархан басында өзекті тақырыптарды қозғап, жаңа идеяларымызбен бөлісеміз. Мектепке баратын барлық балаларды өз баламдай көремін. Әкенің бала тәрбиесіндегі міндетінің қоғамда да, отбасында да маңызы зор. Әкесіз тәрбиеленген баланың тәртібі, жан-жаққа деген көзқарасы, қоғамдағы ұстанымы және адамдармен қарым-қатынасы өзгеше болады. Сол себепті олармен тілдесіп, түсінушілік танытып, көңілін аулай білу керек. Оған қоса, бүгінгі және өткен замандағы әкелердің айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын әкелер таңнан кешке дейін бар уақытын табыс табуға арнаса, жаңа заманның әкелері бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуге тырысады, – дейді ол.

Қазір елімізде бала тәрбиесіне белсене араласатын әкелер қатары көбейіп келеді. Тіпті, сәби дүниеге келгенде әйелінің орнына бала күтімі бойынша декреттік демалыс алатын ерлер де баршылық. Яғни, әке мен ана жауапкершілігі ортақ қоғамға бет бұру үстіндеміз. Бұл да —
заман ағымындағы өзгерістерді ұтымды пайдалану жолы. Десек те, әке әрдайым отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі мен қамқоршысы болып қала береді. «Әке – асқар тау», «Әке — бәйтерек» деген мақалдар әкенің беделін көрсетеді. «Әке — балаға сыншы» дейді халқымыз. Әсіресе, ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос болғаны жөн. Ол әрбір әрекетін әуелі әкесімен ақылдасады. Ер баланың өсіп, жетіліп, жеке тұлға болып қалыптасуында,  қоғамдағы орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше.

– Өкінішке қарай, бүгінде жауапркершіліктен бас тартқан әкелер қатары да көп. Содан болар, әлем бойынша ажырасудан екінші орынды алып отырмыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, ер адамның мойнына жауапкершілік арта түседі, әйелінің қойған талаптарын орындай алмай, отбасынан кетіп жатқан ер азаматтар қаншама?! Әрбір шаңырақта әуелі ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы бірінші орында тұрған жөн. Себебі, екі ересек адам тіл табыса біліп, отбасындағы билікті дұрыс бөлсе, қоғамның іргетасы берік болады, — дейді Әкелер кеңесінің төрағасы Бақұстар Жанғозин. Жақсы әке болу үшін алдына дұрыс мақсат қоя білу керек. Алдымен, мінезіңді түзеп, кез келген уақытта байсалдылық танытып, өмір сүру мәнін терең сезіне білу керек.

Айта кетейік, елімізде әкелер кеңесінің саны көбеюде. Яғни өскелең ұрпақ қазіргі замандағы әкелердің белсенділігін байқап, болашақта өздеріне үлгі ететіні анық.

Салтанат ҒАББАС.