Биыл барша мұсылман қауым бес парыздың бірі болған қажылық амалын маусым айының басында өтейді. Атап айтқанда, 5 маусым Арапа күні болса, одан кейін қажылықтың негізгі рәсімдері басталады. Исламтанушылардың айтуынша, биылғы қажылықтың бұрынғылардан айрықша бір ерекшелігі болады. Ол – көп жылда бір айналып келетін Әкпар қажылығы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы өкілдігінің хабарлауынша биыл өңірден 35-40 адам үлкен қажылық ғибадатын өтеуге ниеттеніп отыр. Осыған байланысты Мәшһүр Жүсіп мешітінде қажылық парызын орындауға дайындайтын діни дәрістер басталды. Яғни, үлкен қажылық ғибадатын жасап, Алла бұйырған бес парыздың бірін орындауға ниет етушілер арнайы курстан өтуі керек.
Алғашқы сабақ барысында имамдар жамағатқа жалпы қажылық ғибадаты мен оның шарттары жөнінде, қажылық парыздары турасында түсініктеме беріп, қажетті ақпараттарға қанықтырды. Сонымен қатар, «Тәлбия, Миқаттар, Ихрам» ұғымдарын кеңінен түсіндіріп өтті. Дәріс барысында қатысушыларға арнайы видео сабақтар көрсетіліп, көрнекі ақпарат құралдары ұсынылды. Осылайша, қажылық ғибадатының қыр-сыры егжей-тегжейлі баяндалды.
Қажылық сапарына жауапты Қуаныш Рүстемұлының айтуынша, қасиетті қажылық ғибадатын өтейтін адам амалмен де, ниетпен де дайындалу керек. Яғни, адамның ниеті тек Алланың ризашылығы жолында қажылық парызын орындау, ғибадат пен құлшылықты мақсат ету. Екіншіден, әрбір адамның бастапқы діни білімі болуы қажет. Әсіресе, оқылатын дұғаларды жаттған дұрыс. Себебі, әрбір рәсімнің өзінің тиісті дұғалары бар.
— Мысалы, Арафа тауында қандай дұға жасалады дегенді білмей барған адам уақытын бос өткізіп алуы мүмкін. Сондықтан, жаттап үлгермеген адамдар дұға кітаптарын өзімен бірге алып жүруіне болады. Тіпті, Құран ұстап, үнемі оқып жүрсе де артық етпейді, — дейді Қуаныш Рүстемұлы.
Имамдар әңгіме барысында үлкен қажылыққа аттанғанша үш үлкен дәріс өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Әр сабақтың маңызы зор. Алдын ала жоспар жасалып, тақырыптар белгіленген.
— Сабақтар барысында алдымен Мекке қаласына сапарлау туралы жалпылама ақпарат беріледі. Одан кейін қажылық рәсімін орындаудың талаптары мен шарттары айтылады. Жалпы, қажылық бір жерде ғана орындалмайды. Құлшылық рәсімдері түрлі жерде жасалады. Мысалы, Мина тауына, Арафа тауына барады. Одан кейін Муздалифа тауының етегіне қонады. Одан кейін қайта Минаға тас атуға барады. Осылайша қаланың сыртында бірнеше күн уақыттарын өткізеді, — деді қажылардың жолсерігі Қуаныш Рүстемұлы.
Биылғы қажылықтың бұрынғы қажылықтан үлкен бір ерекшелігі яғни, артықшылығы бар деді имамдар. Ұлы сапарға осы жылы аттанғандар Әкпар қажылығын өтеп келеді. Бұл — ұзақ жылда бір айналып келетін ерекше құбылыс. Яғни, қажылық сапарының алғашқы күні жұма күнімен сәйкес келіп қалса, сол жылы барғандар «Әкпар қажы» деген атақты бірден еншілеп келеді.
Тілеуберді САХАБА.