Бүгінде мемлекет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға түрлі көмек көрсетіледі. Алайда сондай қолдауды көретіндердің қатарында жағдайы жақсы отбасылар да бар. Енді иелігінде бірнеше көлігі мен жылжымайтын мүлкі бар мұндай азаматтар әлеуметтік қолдаудан қағылуы мүмкін. Себебі мемлекеттен көмек алып жүргенімен, иелігінде коттеджі, 2-3 көлігі бар азаматтар анықталған. Осыған орай әлеуметтік көмекті саралап төлеудің жаңа тәртібі енгізілмек. Бұл өзгеріс туралы жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкіметтің жиналысында мәлімдеген болатын. Бұл ұсыныстың оң тұстары қандай? Нәпақасын өз күшімен тауып жүрген көпбалалы отбасыларға кесірі тиіп кетпей ме? Аталмыш мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Асылбек ТУҒАНБАЙ, облыстық мәслихат депутаты:
— Әлеуметтік көмек – салық төлеушілердің есебінен бөлінетін қаражат. Сондықтан оның әр теңгесі орынды жұмсалуы тиіс. Қазір ел ішінде жағдайы жақсы бола тұра, әртүрлі жолмен көмек алып жүрген азаматтар бар. Олардың бірнеше көлігі, мүлкі болуы мүмкін. Бірақ табысын жасырған. Мұндай жағдайлар қоғамда көп кездеседі.
Ал жаңа жүйе осы әділетсіздікті реттейді. Әркімнің шынайы тұрмысын есепке алатын уақыт келді. Бай адамның көмек алып, шын мұқтаж адамның шетте қалуы қоғамда наразылық тудырады. Сондықтан мүлік пен көлікті есепке алу –
дұрыс қадам. Бұл тәсіл бізді масылдықтан да алыстатады. Мемлекет көмек берсін, бірақ
шынайы мұқтажға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.
Көлік қажет деген пікірге де қосыламын. Бірақ осыны сылтауратып, шын мәнінде жақсы табыс тауып отырғандар да бар. Сол себепті көліктің бар-жоғына емес, оны қалай және не үшін қолданып отырғанына да назар аудару керек. Жүйе икемді, бірақ әділ әрі қатал болуы тиіс. Әйтпесе, ел қаржысы дұрыс бөлінбей, көмек қажет еткендер қайтадан тасада қалады.
Айжан ӘБСАТТАРОВА, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы:
— Әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау – мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды әрі орынды бастама. Бірақ бұл жүйені қайта қарау кезінде асығыстыққа жол беруге болмайды. Иә, көлігі мен жылжымайтын мүлкі бар кей азаматтардың әлі де көмек алып жүргені – әділетсіздік. Алайда тек осы екі факторға қарап, отбасының тұрмыстық жағдайы туралы толық қорытынды шығару дұрыс емес.
Ауыл мен қала арасындағы өмір сүру ерекшелігі, инфрақұрылым деңгейі, табыс табу мүмкіндігі — бәрі әртүрлі. Кей өңірде көлік — күнкөріс құралы, ал кей өңірде ол шынымен артық мүлік саналады. Сонымен қатар, отбасының табыс көзі, отбасы мүшелерінің еңбекке жарамдылығы, балалардың жасы, денсаулық жағдайы сынды көрсеткіштер кешенді түрде қарастырылуы тиіс.
Жаңа жүйе шынайы мұқтаждарды қолдауға бағытталса да, әділетсіз саралау салдарынан көмекке ең зәру отбасылар шетте қалып қоймауы керек. Сондықтан бұл өзгерістер кезең-кезеңімен, нақты мәліметтерге сүйене отырып енгізілгені жөн. Ал қоғамның басты күткені – әділеттілік пен
ашықтық.
Әсем Оразымбетова, көпбалалы ана:
— Бізге мемлекеттен берілетін көмек – күнделікті тіршіліктің бір тірегі. Жолдасым маусымдық жұмыс істейді, табысы тұрақты емес. Өзім бала қамымен үйде отырмын. Әрине, кім болса да өз күшімен өмір сүргісі келеді, бірақ кейде шын мәнінде сырттан көмек керек болатын жағдайлар болады. Сол кезде жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек — зор демеу.
Оған қоса, мемлекеттен алатын жәрдемақы тек азық-түлік пен балалардың күнделікті қажеттілігіне ғана жетеді. Жақында несиемен арзан көлік алдық, өйткені балаларды балабақшаға, мектепке, ауруханаға тасу үшін көлік ауадай қажет. Енді осы көлікті көріп, бізді «мұқтаж емес» деп таныса, әділетсіз болары анық. Біз де өз күнімізді көруге тырысып жүрміз. Бірақ бүгінгідей қымбатшылық уақытта жәрдемақысыз күн көру қиын.
Әрине, бірнеше коттеджі, көлігі, жеке мүлкі бар адамдардың мемлекеттен ақша алып отырғаны – әділетсіздік. Алайда мұның кесірі қарапайым көпбалалы отбасыларға тимесе екен дейміз.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.