Кеше ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова аймағымызға арнайы іссапарымен келді. Ол өндірісті өңіріміздегі кәсіпорын жұмысшыларымен кездесу өткізіп, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға арналған әлеуметтік төлем тағайындау шарттарын түсіндірді. Сондай-ақ, аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, министрліктің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов қатысты.

«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның ғимаратында өткен келелі кездесуге «Павлодар алюминий зауыты» АҚ және өзге де 20-дан астам кәсіпорын жұмысшылары келді. Жиында министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа Жолдауында ауыр жұмыста істейтін адамдардың еңбегін және денсаулығына келген зиянын ескере отырып, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуді тапсырғанын айтып, сол бойынша осы салада орын алатын жаңа өзгерістермен таныс-тырды.

— Президентіміздің 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу және зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт бойы жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыда қолдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында жаңа тұжырымдама жасалып, ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілді. Аталмыш құжатта зиянды әрі ауыр жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселесіне басымдық беріліп отыр. Сонымен, бұл қаржылай қолдау зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар жұмыскерлерге тағайындалатын болады. Нәтижесінде, олар 63 жасқа дейін зейнетақысын күтіп жүрмей, алдын ала әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алады. Жалпы, бұл құжат ауыр жұмыста істейтін азаматтарымыздың құқықтарына кепілдік береді. Көп кешікпей заң жобасы мақұлданады деген үміттеміз, — деді Светлана Жақыпова. Қазіргі таңда саладағы жаңашылдыққа байланысты өндірісті өңірлердің жұмысшылары арасында түсіндіру шаралары жалғасуда. Алайда жаңа тұжырымдаманың талаптарын кейбіреулер әлі де дұрыс түсіне алмай жүрген жайы бар көрінеді. Сол себепті кездесуге жиналғандарға аталған өзгерістерді қайта-қайта қадап айтқан министрдің сөзінше, әлеуметтік төлемдерді алуға жасы 55-ке толған және кемінде жұмыс беруші тараптан 84 ай бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылған еңбек адамдары ғана құқылы. Яғни, зиянды жұмыста істейтін жұмысшының жүйеге қатысқанына міндетті түрде 7 жыл толуы шарт. Министрдің айтуынша, аталмыш арнайы әлеуметтік төлемдер төрт көзден, нақтырақ айтқанда республикалық бюджеттен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті кәсіптік зейнетақы және жинақталған зейнетақы жарналары есебінен, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан, сондай-ақ, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда.  Сонымен қатар, жаңа тұжырымдамада өндірістік жарақаттың алдын алу, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, сақтандыру тарифін жүйелеу, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу мәселелері де көзделгені айтылды. Кездесуге қатысқан кәсіпорын жұмысшылары мен кәсіподақ өкілдері әлеуметтік қолдау шараларына қатысты өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Көпшілік бұрын біраз уақыт ауыр әрі зиянды жұмыста еңбек етіп, кейін денсаулық жағдайына байланысты жеңіл жұмыстарға ауысып кеткен азаматтардың бұл қолдауға құқығының бар-жоғына қатысты сұрақтар мазалайтынын жеткізді. Аталған мәселеге қатысты жауап берген Светлана Жақыпова:

— Заң талабы баршаға ортақ. Сондықтан қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген және зейнетке шығатындар ғана емес, сонымен қатар, бұрын зиянды жұмыс істеп кеткен азаматтар да өз жағдайы осы критерийлерге сәйкес келетін болса, өтініш бере алады. Яғни, олар 55 жаста және трансферлерге 7 жыл қатысқан болуы тиіс, — деп атап өтті. Айта кетерлігі, зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін азаматтардың басым бөлігін павлодарлықтар құрайды. Бүгінгі таңда 46 мыңнан астам жерлесіміз осы салада еңбек етуде екен. Кездесуден соң министр кәсіпорын жұмысшыларын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, әр азаматтың өтініші назарға алынатынын жеткізді.

Нұржайна ШОДЫР.

 

Суреттер «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ баспасөз қызметінен алынды.