Мемлекет басшысы биыл халыққа Жолдауында Үкіметке келесі жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын толық енгізуді тапсырған болатын. Ал 2025 жылдың келуіне небары 1,5 ай ғана қалғанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажет. Сонымен, аталған жобаны жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар қолға алынуда? Жалпы, дайындық барысы қалай?

Жұмыс басталды

Мамандардың түсіндіруінше, «Әлеу-меттік әмиян» – Қазақстан азаматтарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жоба. Ол елімізге коронавирус індеті етек жайған кезде, яғни 2020 жылы енгізілген. Сол уақытта жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік қолдау ретінде мемлекеттен 42 500 теңгеден қаржылай көмек берілгені есімізде. Кейін бұл қолдау тоқтап қалғанымен, өткен жылдан бастап ел тұрғындарының жеке санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектеп оқушыларын тегін және жеңілдікпен тамақтандыру сынды қызметтер ұсынып, пилоттық режимде іске асуда. Ал Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы толық енгізіледі деп жоспарлануда. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстарға Үкімет қызу кірісуде.

— Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министр-лігі және Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап «Әлеуметтік әмиянның» енгізілуін қамтамасыз етсін. Тиісінше, 1 желтоқсанға дейін «Әлеуметтік әмиянға» кіретін мемлекеттік қызметтер тізімін бекіту керек, — деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов жақында өткен Үкімет отырысында.

Атап өтерлігі, жобада әр отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай берілетін барлық мемлекеттік қолдау түрлері болады. Сондай-ақ, қолдау аясында ұсынылатын көмек сомасы да көрсетіледі.

Тегін тамақ беріледі

Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып, eGov Mobile мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы мектептерде тегін тамақтандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосты.

Аталмыш жоба ата-аналарға қызметті проактивті түрде алуға, балаларының мектеп асханаларына баруын бақылауға және жеңілдікпен тамақтану үшін цифрлық ваучерлерді пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни, баланың мектепте тамақтанғаны жүйеде есепке алынады және бұл туралы ата-анасы да eGov Mobile мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы ақпарат алады. Сонымен қатар, ата-ана мемлекеттік қолдау шарасының сапасы туралы кері байланыс қалдыра алады. Қызмет көрсету актісі мен төлем шотын да жасай алады.

Ескере кететін жайт, мемлекеттік қаржыландыру тамақтану фактісі бойынша ғана жүзеге асырылады, яғни бұрынғыдай бастауыш сынып оқушыларының санына қатысты болмайды. Бұған қарап, «Әлеуметтік әмиян» мемлекеттік қолдау шараларының атауы мен валидациясын ашық көрсететінін байқауға болады.

Қазіргі уақытта тамақтандыруды есепке алу және тіркеу жүйелері 15 өңірдегі 250 мектепте жұмыс істейді. Жобаны кеңейту үшін мектептерді тамақтандыруды есепке алу мен тіркеу жүйелерімен қамтамасыз ету және оларды «Әлеуметтік әмиян» жүйесімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұл пилоттық жоба Ақмола, Маңғыстау облыстарында және Астана мен Шымкент қаласында сынақтан сәтті өткен. Одан әрі өзге мектептердің дайындығына қарай біртіндеп енгізіледі, дейді мамандар.

Дәрі-дәрмек ұсынылады

«Әлеуметтік әмиян» арқылы тегін дәрі-дәрмекті де алуға мүмкіндік бар. Ол үшін eGov Mobile қосымшасында тіркеуден өту керек, ал бұрын тіркелген болса сәйкестендіру қажет. Әрі қарай емделуші басты бетте «Әлеуметтік әмиян» бөліміне кіріп, «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» жолын таңдайды. Ал егде жастағы немесе сервис қызметтерін пайдалана алмайтын азаматтар үшін емханаға барған кезде Face-ID және веб-камералардың көмегімен сәйкестендіруден өту жеткілікті. Бұдан кейін емделушіге қажетті дәрі-дәрмек берілетін болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерді электронды түрде беру жөніндегі пилоттық жобаға ел бойынша 700-ден астам медициналық ұйым қатысып, 93 мыңнан астам рецепт негізінде препараттар берілген.

Осылайша, енді науқастар қағаз рецепт алу үшін дәрігерге жазылуға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ, медбике қажетті дәрі-дәрмекті кезексіз әрі өз бетінше береді. Сондай-ақ, ведомство сырқат жандарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде «Әлеуметтік әмиянды» пайдалану заңсыз айналым, бұрмалау және басқа да заң бұзушылықтарға жол бермей, қолжетімділік пен толық ашықтықты қамтамасыз ететінін алға тартуда.

Нені білген жөн?

Сонымен, келесі жылдан бастап елімізге «Әлеуметтік әмиян» жобасы толық енгізіледі деп күтілуде. Қазір аталған жобаны цифрландыру процесі қолға алынуда. Бұл жөнінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратында:

— Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бізге мемлекеттік қолдау шараларын алуға тиісті азаматтарды ғана емес, олардың көлемін де анықтауға мүмкіндік береді. Кейбір азаматтар қандай мемлекеттік қолдау шаралары тиесілі екенін білмейді. «Әлеуметтік әмиян» — мемлекеттік қолдау шараларының барлық түрі туралы хабарлаудың, ұсынудың және есепке алудың бірыңғай платформасы. Бұл платформаға кезең-кезеңімен мемлекеттік қолдау шаралары көшіріледі және әрбір азаматқа қандай мемлекеттік қолдау түрлері тиесілі екені туралы хабарлама жіберіледі, — делінген. Демек, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар мемлекет назарынан тыс қалмайды. Сондай-ақ, жоба цифрлық технологияларды енгізу есебінен әлеуметтік көмек құралдарын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуін қамтамасыз етпек. Айта кетерлігі, әлеуметтік әмиянға түскен төлемдерді қолма-қол ақшалай шешіп алуға немесе банктегі жеке шотына аударуға болмайды.

— Бастапқыда «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы ақшалай емес, нақты шаралар түрінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау ұсынылады. Мысалы, ыстық тамақ, дәрі-дәрмек немесе мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар және тағы сол сияқты қызмет түрлері. Ал мемлекеттік қолдау шаралары аясында көрсетілген қызметтерге жұмсалған сома қорытынды есепте көрсетіледі, — деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Цифрлық теңге енгізіледі

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі таңда Ұлттық банк Қаржы министрлігімен бірлесіп цифрлық теңге платформасын жүзеге асыруда. Осы орайда Қазынашылық комитетінің қатысуымен «Әлеуметтік әмиян» жобасы шеңберінде ваучерлермен цифрлық теңгемен есеп айырысу мүмкіндігі беріледі. Бұл бастама әлеуметтік төлемдерді автоматтандыру, әкімшілендіру және есепке алу процестерін жеделдетуге, әлеуметтік көмектің айқындығын, сонымен қатар, үшінші тұлғалар тарапынан қаражат өндіріп алу мен тыйым салудан сақтауға кепілдік береді. Ең бастысы, министрлік өкілдері азаматтардың жеке деректері қорғалатынын айтуда.

— Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» «Электрондық Үкіметтің» «e-Gov mobile» мобильді қосымшасы аясында жеке қызмет ретінде іске қосылды. Осы орайда азаматтардан «Әлеуметтік әмиян» жобасына жеке авторизация талап етілмейді. Жеке деректерді қорғау, сақтау және өңдеу барлық деңгейде қамтамасыз етіледі, — делінген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынған ақпаратта.

Осылайша, көп кешікпей қазақстандықтар үшін тағы бір платформа іске қосылмақ. Оның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетеді.

Нұржайна ШОДЫР.