Облысымызда қазақ мәдениетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, есімі құрметпен аталып жүрген абзал азаматтар аз емес. Олардың ішінде сан алуан тақырыптағы әндерімен, шығармашылық еңбектерімен аймағымызға танымал болған композитор Қайырбек Сәтиевтің орны бөлек. Өмірін өнерге арнаған сазгердің 75 жылдығына орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Жырымды саған арнадым» атты еске алу ән кеші өтті.

Кешке композитордың туыс-тары және зиялы қауым өкілдері қатысып, Қайырбек Сәтиевтің шығармашылығы туралы сөз қозғады. Сазгердің інісі еңбек ардагері, ұстаз Бейсен Сәтиев сазгер ұстаздық пен өнерді бірге алып жүргенін айтты.

— Ағам кішкентай кезінен өнерге, шығармашылыққа жақын болды. Сол өнерін жан-жақты дамыта білді. Ән десе ішер асын жерге қоятын азамат еді. Әскерден келген соң Ақшиман ауылында мұғалім болып жүріп, қосымша музыкалық колледжде білім алды. Жоғары оқу орнына түсті. Жергілікті ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Қазақ мәдениетіне аз да болса үлес қосты деп ойлаймын, — деді ол. Ал ҚР Мәдениет қайраткері, батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов композитордың шығармашылығы жайлы баяндады.

— Қайырбек Сәтиев бар өмірін өнерге арнады. Жазған өлеңдерімді көрсетейін деп барғанда ауырып отырғанына қарамастан, ақыл-кеңес беріп отырды. Жазған әндері бір-біріне ұқсамайды. Әндерін тыңдасаңыз рух, жігер алғандай боласыз. Бірден жаныңды баурап, тартып тұрады. Бұл дүниеде композитордың өзі болмаса да, артында қалдырған туындылары мәңгілік жасайды, — деді Б.Сыздықов. Сазгер Қайырбек Мұфтанұлы Сәтиев 1948 жылы 1 қазанда Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. Өмірін өнерге арнаған сазгер 100-ге жуық ән жазды. Олардың арасында балаларға, патриоттық тақырып-тарға, сүйіспеншілікке арналған лирикалық әндер бар. Олардың басым бөлігі балаларға арналып жазылған. Солардың арасынан «Жауқазын», «Бала тілегі», «Бал дәурен», «Бөбегім», «Өсіп келе жатырмын» сынды туындыларды, туып-өскен жеріне деген сағынышы мен сүйіспеншілігін білдіретін «Ай-келбет Павлодарым», «Ақшиман — ардағым», «Кең далам» әндері халық арасында кең тарады. 2018 жылы Май ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сол жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Ең үздік сазгер», 2000 жылы «Жыл композиторы» аталымына ие болды. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, 2009 жылы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталды. Кеш барысында облысқа танымал жергілікті әншілер композитордың «Кең дала», «Жауқазын», «Замандас», «Көктем» секілді әндерін шырқады. Сонымен қатар, көрмеге сазгердің қолданған заттары қойылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.