18 жылдық тарихы бар «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы биыл да өз қатарына барлық еріктіні шақырады. Олар құрылыс, экология және шығармашылық бағытта еңбек ете алады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында сөз қозғалды.

 

Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу – «Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті. Ол арқылы жасөспірімдер қоршаған ортаға үлесін қосып қана қоймай, табиғатқа ұқыпты қарауды үйренеді, жанұяға қосымша табыс әкеледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлағандай, 18 жыл ішінде 30 000-ға жуық жас жұмысқа орналастырылды. «Жасыл ел» құрамындағы жастар «Баянтау» спорт кешені, «Ertis Olympic», Шахмат үйі сияқты нысандардың қайта құрылуы мен құрылысына қол ұшын созды. Бағдарламада негізгі бағыттар қарас-тырылған. Айталық, экология және абаттандыру сарбаздары саябақтар, скверлер, гүлзарларды баптаумен айналысады. Осы бағытта жастардың 80%-ы жұмыс істейді. Мұндағы жалақы шамамен 80 мың теңгені құрайды. Екінші бағыт – құрылыс және реконструкциялау. Бұл іске негізінен ЖОО-дарының кәмелет жасқа толған студенттерін қабылдайды, себебі ауыр физикалық жұмыс қарастырылады. Осы жылы Торайғыров университеті мен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттер үйлерін қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Ал шығармашылық және жастардың бос уақытын ұйымдастыру бөлімінің жастары ішінде жалғыз тұратын адам-дарға көмек көрсету бойынша еріктілер жасақтары, тележурналистика, фото және бейнеөнер әуесқойларына арналған медиа жасақтар бар. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы істері жөніндегі бөлімінің бас маманы Азат Қабышев «Жасыл елдің» биылғы талаптары жайлы айтты.

— Биыл жоба аясында 2100 жасөспірім мен жасты, оның ішінде көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды қамту жоспарлануда. Жобаға қатысатын барлық жастар арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі, қатысушыларға облыстық бюджеттен сыйақы төленеді, ал екінші бөлігін жұмыс берушілер өз мойнына алады. Жобаны іске асыруға ағымдағы жылы 64 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Облыстық бюджет негізінен сыйақыларға, яғни жастарға қосымша ақы төлеуге, фирмалық жабдықтарды тігуге, қажетті құралдармен қамтамасыз етуге, экологиялық іс-шараларды өткізуге және жыл сайын еңбек маусымының ашылуы мен жабылуына есептелген. 2023 жылы еңбек маусымына қатысуға бүгінгі таңда 1000-нан астам өтініш қабылданды. Еңбек маусымының ашылуы маусым айында «Open air» форматында өтеді, — дейді А.Қабышев. Жастар бастамаларын дамыту орталығы NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш 2023 жылғы критерийлер бойынша жұмысқа 35 жасқа дейінгі азаматтар қабылданатынын атап өтті. Жалақы негізгі 2 бөліктен тұрады: облыстық бюджеттен қосымша ақы ретінде 35 мың теңге бөлінеді, қалғанын жұмыс беруші төлейді. Негізгі табыс 40 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін қарастырылған. Жалақының мөлшері жұмыс бағытына байланысты өзгереді. Мысалы, құрылыс отрядтарына көбірек ақша төленеді, себебі жұмыс сипаты басқаларына қарағанда ауыр және күрделі. Сәуір айынан бастап облыстық штабта еңбек жасақтарына қосылуды қалайтындар арасында іріктеу жүргізілуде. Мұндағы бір ғана шектеу — жұмысқа тек 16 жасқа толғандарды қабылдайды. Экологиялық жасақ жұмысты қолға алды, басқа бағыттар маусым айында іске кіріседі. Барлық сұрақтар бойынша «Жасыл ел» штабы орналасқан мекенжай бойынша: Павлодар, Лермонтов көшесі, 44 үйіндегі кеңсеге немесе «Жасыл ел» Instagram-аккаунтына хабарласуға болады.

Арай МАРАЛБАЕВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті.