Облыстық газеттің әр нөмірін дайындау – күрделі жұмыс әрі еселі еңбек. Әдетте көзі қарақты оқырман журналистердің мақаласын оқып, өз бағасын беріп жатады. Тілшілер сапарларға шығып, шараларға барып, ауыл-ауылды аралаған кезде олармен шүйіркелесіп, пікір алмасады. Ал сол дүниенің барлығын шашпай-төкпей, қыздың жиған жүгіндей қып көпшілік назарына ұсынатын, көзге көрінбейтін «майданның» мамандары – хатшылық қызметкерлері. Газеттің мерейтойы қарсаңында жұрт біле бермейтін, бірақ қызметі қырық атанға  жүк болатын жұмысты қайыспай көтеріп жүрген әріптестеріміз жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

Жоғарыда басылымның әр шығарылымын дайындау күрделі процесс екенін айттық. Сол жұмыстың негізгі «қазанында қайнап» жүрген жандар – беттеушілер. Журналист жазған мақала – ауқымды жұмыстың жартысы ғана. Мақалалар оқылымнан өткен соң хатшылыққа өтіп, беттеушілердің қолына жетеді. Олар әр мақаланың тақырыбын аша түсу үшін әрлеп, көркемдеп, суреттер қойып, коллаж, инфографикалар жасап, «ажарын» келтіреді. Былайша айтқанда, тілшілер қауымы берген шикізаттың «дәмін келтіріп», дайын өнім қылып шығарады.

Бұл жолда ширек ғасырдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Нұрлан Жанарбаев. Әу баста әкесі Сейфолла Ниязұлының жолын жалғап, 1984-1997 жылдар а    ралығында Ақтоғай аудандық «Ауыл тынысы» (бұрынғы «Коммунистический труд») газетінде мақала жазып, жауапты хатшы болды. Ал 1998 жылдың күзінде еңбек жолы облыстық «Saryarqa samaly» газетінде жалғасты.

— Мен жұмысқа алғаш келген уақытта беттеу барысында арнайы бағдарламалар бола қойған жоқ. Дайын беттерді калькаға салып алып, баспанаханаға өзіміз апаратын едік. Мақалаларды көркемдеу үшін, әсіресе балалардың сүйікті серігі – «Айналайын» бетін әзірлеу үшін арнайы газет-журналдарды сатып алып, сондағы суреттерді көшіріп, қайта өңдеп басатынбыз. Сол бір шақ, сол бір кез әлі күнге ыстық… Уақыт өткен сайын замана ағымына ілесіп, жаңа бағдарламаларды игеруге көштік. Бүгінде газетті оқырманға тартымды етіп ұсынудың талай тиімді тетігін мүмкіндігінше қолданып, әр мақаланың әдемі болып шығуы

үшін барымызды салып жүрміз, — дейді ол.

Ширек ғасырдан астам уақыт аралығында Нұрлан Сейфоллаұлы өзінің біліктілігін жетілдіріп қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беруде. Алдыңғы буынның тәлімін алған беттеушілердің қатарында Маржан Шекенова бар.

— Қызметімнің алғашқы айы оңай бола қойған жоқ. Мен әзірлеген жарнама беті алғаш рет баспаға жіберілгенде айрықша қуанғаным әлі есімде. Ол тұста жас маман болғандықтан, маған көбінесе жарнама беті мен телеарналар бағдарламасын беттеу жүктелетін еді. Кейін тәжірибе толыса келе салмақты дүниелерді беттеуді де тапсыра бастады. Сөйтіп, арада 8 жыл қас-қағым сәттей өте шығыпты. Оқырман қауым журналистер жазған мақалаларды оқып, тереңіне үңіледі. Оларды тарту үшін, оның сол мақаланы оқуы үшін безендірудің орны бөлек. Ол да – шығармашылық жұмыс. Жасаған әр бетің редактордың елегінен өтіп, баспаға жіберіліп, оқырманға жеткенге дейін алаңдайсың. Ал қолыңа газеттің жаңа нөмірін алып, көз майын тауысып атқарған жұмыс-

тың нәтижесін көрген соң іштей марқайып қаласың, — дейді Маржан Шекенова.

Енді олардың ізін жас маман Аспандияр Бекмырза жалғап келеді. Осыдан небары үш жыл бұрын газет беттеу ісіне араласқанымен, аз уақыт аралығында басылым жұмысының қыр-сырын үйреніп қалды.

— Бастапқыда облыстық газет редакциясына тәжірибеден өту үшін келген едім. Кейін басылымды беттеу ісіне қызығушылығым туып, жұмысқа қабылдандым. Меніңше, интернет-ресурстар қарыштап дамып жатқанымен, газеттің орнын алмастыра алмайды. Дей тұрғанмен, заманнан қалыспай, газет тек баспа өнімі ретінде емес, жаһандық желіде де қарқынды дамып жатыр. Материалдар газетте жарияланған соң сайтқа орналастыруға, әлеуметтік желілерде бөлісуге де атсалысамыз, — дейді жас маман.

Басылымның фототілшісі Есенжол Исабектің орны бөлек.  Еңбек жолын Аққулы ауданының «Аққу үні» газетінде бастап, үш жыл бұрын облыстық басылым қызметкерлерінің сапын толықтырды

— Фотосурет – газеттің ажарын ашатын көркемдеуші құрал. Ол шеберлікті, тәжірибені, үнемі кәсіби шыңдалуды қажет етеді. Фотографтың көзқарасы ерекше болуы керек. Басқа адамдар байқамаған сәтті байқап, көпшілік көрмеген тұсты объективке дөп түсіруі маңызды. Бір сөзбен айтқанда,  өзгеше кадрларды іздеймін. Себебі әр кадр – газеттің қолтаңбасы. Сол арқылы оқырманды тартып, ой салғымыз келеді, — дейді фототілші.

Журналист жазып, беттеуші әрлеп, фототілші суреті қойылған дайын бет редакцияның қос корректоры – Айман Иманғазина мен Зәмзәгүл Оспанованың қолына түседі. Әр мақалаға «жау көзбен» қарап, әріптік әрі стилистикалық қателерді түзететін – осы апайлар.

— Қара шаңырақтың табал-дырығын осыдан тура 20 жыл бұрын аттаппын. Корректорлық қызметтің қыр-сырын, публицистикалық стиль-
дің ерекшеліктерін сол кездегі редактордың орынбасары Өскенбай Тастемханов ағамыздан көп үйрендім. Газетте қате жібермеу — біздің негізгі міндетіміз. Қырағылық — басты құралымыз. Әрбір мақаланы  үтір-нүктесіне дейін сүзіп өтеміз. Әлбетте, адам болған соң кейде асығыстықпен қате кетіп қалатын кез болады. Ондайда қырағы оқырмандарымыздан да, басшылықтан да «сыбағамызды» аламыз. Келесіде одан әрі мұқият болуға бекінеміз. Қара шаңырағымызда жасы үлкен жанды аға-апай дейтін
жазылмаған заң бар. Бұл да сыйластықтың белгісі болар, — дейді Айман Иманғазина.

Редакция Зәмзәгүл Оспанованың да екінші үйіне айналды. Ол 2005 жылдан бері газеттің әр нөмірін асқан қырағылықпен оқып, қате жібермеуге тырысады.

— Әрбір мақаланы мұқият оқып, әріп қателерін жіті тексеріп, сөйлемдердің стилистикасы дұрыс болуын қадағалаймыз. Бұл ретте қазақ тілінің орфографиясына енгізіліп жатқан соңғы ережелер, бұрыннан қалыптасып қалған заңдылықтарды жақсы білуіміз тиіс. Үтір, нүктенің дұрыс қойылу реттілігін қатаң сақтауға тырысамыз. Өйткені, газет – ағартушылық құрал. Оқырмандардың журналистер жазған мақалаларды іштей талдап, ой қорыта білгенін ғана емес, сауатты болғанын да қалаймыз. Сол үшін де газеттің қатесіз шығуына баса мән береміз, — дейді Зәмзәгүл Оспанова.

Сөйтіп, корректорлардың елегінен өткен дайын бет бас редактордың алдына жетеді. Бас редакторлар түзетулер енгізіп, бетті мазмұндық әрі көркемдік жағынан жетілдіріп, қол қояды. Содан соң ғана баспаға жіберіледі.

Көзге көрінбейтін «қазанда» қайнап жүрген хатшылық қызметкерлері осындай. Әркімнің өз орны, өз міндеті бар. Сол міндеттердің уақытылы әрі сапалы атқарылуы нәтижесінде оқырман қауымның қолына бейсенбілік нөміріміз жол тартады. Басылымның әр шығарылымын оқыған кезде осындай мамандық майталмандары да қызмет етіп жүргенін білерсіздер.

 

 

Өз тілшіміз.