Әр күні – бір құндылық

Нау 19, 2026

Осымен Наурызнаманың бес күні де өз мәресіне жетті. Аталмыш күндерді облыстың әртүрлі мекемелері кеңінен атап өтті. Осы аралықта өңірде мәдени-танымдық шаралар, тағылымды кездесулер мен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеуге айрықша көңіл бөлінді. Мерекелік шараларға тұрғындар белсене қатысып, Наурыз мейрамының мәні мен маңызын айқындай түсті.

Наурызнаманың алғашқы күні, яғни 14 наурыз күні – Амал мере-кесі, яғни Көрісу күні облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында дәстүрге сай өтті. Ұжым мүшелері мерекені бірге қарсы алып, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртты. Биыл бұл күн Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, ауызашар дастарханы жайылды. Жиналған қауым ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады.

Шара барысында ұлттық өнер мен салт-дәстүрлер дәріптеліп, ән-күйден шашу шашылды. Сонымен қатар, ұлттық киім шеруі өтіп, ұлттық ойындар мен бата жарысы ұйымдастырылды. Мерекелік кешке орталықтың жанашырлары мен құрметті қонақтар да қатысты.

15 наурыз – Қайырымдылық күні де кең көлемде өтті. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері арнайы акция ұйымдастырып, аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік өнімдерін жинады. Жиналған көмек Павлодар қаласындағы орталық мешітке жеткізіліп, алдағы уақытта мұқтаж жандарға таратылмақ. Сондай-ақ, шаһардағы Ардагерлер үйінде «Жақсылық жаса» атты қайырымдылық акциясы мен концерт өтті.

16 наурыз – Мәдениет және салт-дәстүр күніне орай Торай-ғыров университетінде мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Жоғары оқу орнының Экономика және құқық факультетінің ұжымы әріптестері мен студенттерді бауырсақ және наурыз көжемен қарсы алып, ұлттық құндылықтарды насихаттады.

Іс-шаралар аясында «Құқық-тану» кафедрасы «Билер соты» тақырыбында ашық эдвайзерлік сағат өткізіп, студенттерге қазақ қоғамындағы билер институтының рөлі мен әділдікке негізделген шешімдері туралы кеңінен мағлұмат берді. Сонымен қатар, «Бауырсақ party» шығармашылық байқауы ұйымдастырылып, «Қаржы және есеп» кафедрасы беташар рәсімін сахналық түрде ұсынды. Шара соңында мерекелік эстафета Жаратылыстану ғылымдары факультетіне табысталды.

Наурызнама аясындағы мәдени шаралар өңірдің бірқатар меке-месінде жалғасын тапты. Атап айтқанда, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада, облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында, «Ertis» мультимедиялық музейінде және Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде танымдық кездесулер мен көрмелер ұйымдастырылды.

17  наурыз – Шаңырақ күні де мазмұнды шараларға толы болды. С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Жеті қазына» ұлттық ойындар кеші өтсе, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінде оқушылар арасында «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты қалалық байқау ұйымдастырылды. Ал Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Отбасы альбомы: өнердегі ұрпақ сабақтастығы» атты отбасылық экскурсия мен балаларға арналған шығарма-шылық шеберлік сағаты өтті.

Ал 18 наурыз – Ұлттық киім күні С.Торайғыров атын-дағы облыстық кітапханада ұлттық стильдегі этно-fashion көрсетілімі, С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Киізден, жүннен қуыршақтар мен ойыншықтар жасаймыз» шеберлік сағаты, Г.Потанин атындағы облыстық өлкетану-тарихи музейінде «Ұлттық киім – мәдениеттің көрінісі»
этно дефиле және облыстық «Шаңырақ» халық шығармашы-лығы орталығында оқушылар арасында өткен облыстық «Ұлылардан — ұлағат» ақындар айтысымен түйінделді.

Айта кетейік, Наурызнаманың бес күндігі облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мекемелерде де ұйымдастырылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.