Жастар бастамаларын дамыту орталығында облысымыздың талантты әрі дарынды жастарын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауының кезекті жеңімпаздары марапатталды. Байқауға аймағымызға және қоғамға елеулі пайдасын тигізген, өз саласының дамуына ықпал етіп жүрген 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысты.Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтады.
— Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз саласында жоғары көрсеткіштерге ие болып жүрген жастарға зор сенім артады. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Атқарып жатқан жұмыстарыңыз бен істеріңіз сәтті болсын. Ал біз сіздердің әр бастамаларыңызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Абыройларыңыз асқақтап, биік шыңдардан көріне беріңіздер, — деді аймақ басшысы.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Ноян Шомановтың сөзінше, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Мақсаты — жастардың жаңа бастамаларына қолдау көрсету.
— «Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясы жыл сайын 10 аталым бойынша өткізіледі. Осы жылы байқауға 100-ден аса өтінім келіп түсті. Алайда біз әр аталымнан екі жеңімпазды анықтап алдық. Негізгі критерийлер олардың өз саласында жеткен жетістіктері болды. Құжаттарды қабылдау қыркүйек және қараша айла-рының аралығында жүргі-зілді, — дейді ол.
Биылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» сыйлығының жеңімпаздары қатарында халықаралық, республикалық конкурстардың, фестивальдар мен көрмелердің лауреаттары, жоғары көрсеткішке жеткен байқау жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметтері инновациялық болып табылатын, өңірімізге және қоғамға елеулі пайдасын тигізген, тиісті саланың дамуына ықпал ететін 14 пен 35 жас аралығындағы жастар үміткер болды. Премия 10 аталымға сәйкес берілді. Оған «Ақпараттық технологиялар», «Ғылым», «Ауыл шаруашылығы қызметкері», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Медицина», «Өндіріс қызметкері», «Кәсіпкерлік», «Медиа» және «Мәдениет» аталымдары енген. Жалпы, жүлде қоры 10 млн теңгені құрайды. Әр аталымда екі жеңімпаз анықталды.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» премиясының ең жас жеңімпазы болып баянауылдық Нұрәлі Исабек атанды. Ол байқауда «Ақпараттық технологиялар» аталымы бойынша өз бағын сынап жеңіске жеткен.
— Бұл байқау туралы ақпаратты әлеуметтік желілердің бірінен байқап қалдым. Сөйтіп, бағымды сынап көрейін деп шештім. Бүгінде еңбегім еленіп, жеңімпаз атандым. Бұл бағытқа қызығушылығым бастауыш сынып кезінде байқалды. Бүгінге дейін түрлі республикалық және халықаралық робототехника және программалар байқауына жиі қатыстым. Нәтижесінде көп байқауда топ жардым. Ата-анам үнемі қолдау көрсетіп отырады, — дейді Нұрәлі.
Айдана БОРАНБАЕВА.