Елімізде барлық саланы цифрландыру арқылы алға бастырудың барынша тиімді тетіктері қарастырылуда. Соңғы уақытта жасанды интеллектінің игіліктері кеңінен қолданысқа енгізілуде. Бұл үрдістен өңіріміз де қалысар емес. Солардың бір бөлігін облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин айтып берді.
Қауіпсіздікке қатысты
Мәселен, қазіргі таңда қауіпсіздік шараларын ширататын Smart City Pavlodar жобасы аяқталды. Бүгінде облыс орталығындағы 156 әлеуметтік нысанға 5567 бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның ішінде 138-і — білім беру мекемелері, 18-і –
денсаулық сақтау ұйымдары. Барлық камералар ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Яғни, бәрі алақандағыдай көрініп тұрады. Одан бөлек, аймақ басшысының тапсырмасына сай қауіпсіздік мақсатында облыста 5 мыңнан астам камера орнатылмақ. Павлодар қаласында жолдың 230 желілік учаскесі анықталған. Көлік апаты жиі орын алатын 150 жол қиылысына да қойылады. Республикалық және облыстық жолдардың апат көп болатын 20 учаскесінде камера орнатылады. Мұнда аппараттық-бағдарламалық кешен болады, оның көмегімен жол қозғалысы ережелерінің бұзылғаны анықталып отырады.
— Сонымен қатар, облыс әкімдігі жанындағы ситуациялық талдау орталығы жұмыс істейтінін білесіздер. Мұнда секунд сайын бейнеталдау жүргізіліп тұрады. Мысалы, бір жерде тұтану белгісі байқалса, бірден ол жайында дабыл түседі. Тіпті, іздеуде жүрген адамдардың бет-әлпеті көрініп қалуы әбден мүмкін. Адамдардың топтаса жиналғаны да байқалады. Әлдекімнің қандай да бір зат қалдырған сәті турасында да белгі беріледі, — дейді Ағыбай Қойшыбайұлы.
Мамандар қазіргі таңда жасанды интеллектімен көлік тұрағына да шектеу қою мүмкіндігіне ие. Яғни, қоршау қойып, әуре болудың қажеті жоқ. Жасанды интеллектіні қолданып, визуалды түрде тұрақтың шекарасын белгілейді. Сәйкесінше, автокөлік сол аумаққа енетін болса, бірден дабыл түсетін көрінеді.
— Жуырда Алматы қаласында 17-ші халықаралық IT-форум өтті. Бес мемлекеттің Премьер-министрі қатысқан ауқымды шарада IT саласын дамытудың сан түрлі жолдары айтылды. Бұл бағытта елімізде жыл сайын түрлі бастамалар, жаңашылдықтар енгізілуде. Басқармамыз да төрт жыл бұрын құрылды. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту. Барынша цифрландыру арқылы қызметтердің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тырысамыз, — дейді басқарма басшысы.
Байланысқа байланысты
Көпшілік үшін бүгінде интернет байланысының қолжетімді болғаны қажет-ақ. Әр іс осы өркениет жемісінің көмегімен атқарылады. Бүгінде облыста 21 елді мекенде интернет байланысы жоқ. Бұл — халық саны 30 адамнан аспайтын ауылдар. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бар. Соған сәйкес республика бойынша оптикалық-талшықты байланыс желілері тартылатын елді мекендер тізімі жасалған.
Өкінішке қарай, әлі де айма-ғымызда интернет сапасына қатысты шағымдар түсіп тұрады. Алдағы уақытта осы шағымдар негізінде облыстық цифрлық технологиялар басқар-масы тексеріс жүргізу құқығына ие болмақ. Нақтысы, 2024 жылы 15 шілдеде ҚР «Байланыс туралы» заңнамасына өзгеріс енгізіліп, шағымдар негізінде тексеріс жүргізу құзыреті орталық органдардан жергілікті басқармаларға берілген. Енді Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгеріс енгізіліп, ол күшіне енсе, құзырлы басқарма мемлекеттік техникалық қызмет мамандарымен бірлесіп, тұрғындардың шағымына сай байланыстың қаншалықты деңгейде екенін тексеретін болады. Мұнда мобильді және стационарлық байланысқа қатысты барлық талаптар назарға алынады. Ол үшін басқарма прокуратураға қарасты құқықтық статистика органдарында тексерісті тіркеп, іске кірісе алады. Мемлекеттік техникалық қызметке аймағымызға арнайы көлігі де беріліпті. Шағым түссе, құрал-жабдықтары бар көлікпен сол жердегі байланыстың тиісті шкалаға қаншалықты сай, қаншалықты тұрақты екені қадағаланады. Егер шағым расталса, операторларға әкімшілік жаза қолдану мүмкін болады.
Ағыбай Қойшыбайұлы респуб-ликалық маңыздағы тас жолдар бойында байланыстың жақсаруға мән берілетінін атап өтті. Кейбір тұстарда интернет түгілі мобильді байланыс жоқ. Мәселен, Астана-Павлодар арасының өзінде бірнеше учаске бар. Басқарма өкілдері мұндай учаскелерге арнайы барып, көріп қайтқан. Республикалық бюджет есебінен аймағымызда республикалық жолдарда байланысты жақсарту үшін 12 антенналық-діңгекті құрылғылар орнату көзделіп отыр. Оның бесеуінің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, құзырлы министрлікке жолданыпты.
Сонымен қатар, ауыл мектеп-терінде интернеттің жылдамдығын арттыру шаралары қолға алынған. Былтыр 33 мектеп Starlink жерсеріктік желісіне қосылды. Нәтижесінде интернет жылдамдығы 100 Мбит/с жетіп отыр. Тағы 55 мектепті осы желіге қосу жоспарлануда.
Тағы бір қуанышты жаңалық, күн жылына Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында қоғамдық Wi-Fi іске қосылады. Облыс әкімі осындай тапсырма берген еді.
— Павлодар қаласында 11 орын айқындалды. Күн жылына тұрғындар скверлер мен саябақтарда тегін интернет желісін қолдана алады. Соның ішінде жағажайда осындай мүмкіндік болады. Усолка шағын ауданынан шығып, Ертіс өзенін жағалай Қазқонаққа дейінгі
аралығы толығымен тегін Wi-Fi желісімен қамтылады. Бұл жағажай бойында бірнеше желі нүктесі болғанымен, тұрғындар бірінен екіншісіне ауысу сәтін сезбей де қалады, — дейді А.Әмірин.
Апат туралы ақпарат алынады
Елімізде Президент те барлық саланы цифрландыруды жиі айтады. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды да тапсыруда. Соған сай әр өңір өзіндік жобаларын іске асыруда. Мәселен, облыс әкімінің тапсырмасымен Павлодар қаласының жылу желілерінің картасы цифрландырылуда. Яғни, 109 қызметінің жұмысы жетілдірілуде.
— Қазіргі таңда Екінші Павло-дардың барлық жылу құдықтары цифрландырылды. Күн жылына қаланың өзге де құдықтары картаға түсіріледі. Бұған дейін су, электр, кәріз жүйелері де цифрландырылды. Бұл бастама апат болған уақытта өте тиімді. Мәселен, апат салдарынан белгілі бір құдық, бөлік ажыратылды делік. Осы сәтте қанша үй, қанша адам жылусыз, сусыз немесе электр желісінсіз қалғаны көрінеді. Нақты, апат ауқымы айқындалады. Тіпті, тұрғындарды санаттары бойынша да саралап береді. Содан соң мүлік иелерінің бірлестігінің төрағасына апат орын алған аумақ, ақауды жою уақытымен қоса хабарлама жіберіледі. Ары қарай оны тұрғындарға чаттар арқылы жеткізеді, — дейді Ағыбай Қойшыбайұлы.
Алдағы уақытта төтенше жағдайларды лезде хабарлайтын тағы бір жүйені іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда басқарма төтенше жағдайлар жөніндегі департаментпен осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Мұнда қауіп аймағында жүрген әрбір азаматқа хабарды жылдам жеткізу мүмкіндігі болады. Бүгінде қолданыстағы жүйе қауіп аумағында тұратын, тіркеудегі тұрғын-дарды ғана құлақтандырады. Олар өзге өңірде немесе елде жүрсе де, хабарлама барып тұрады. Ал қауіп аймағында нақты қонақта, демалыста немесе жұмыс бабымен жүргендерге мұндай ақпарат жеткізілмейді. Енді іске қосылатын жүйенің қауіп аймағында нақты бар азаматтарды қамту мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, хабарламаны елемей қалдыруға мүмкіндік берілмейді. Яғни, азаматтар нақты телефон тұтқасын қолға алмайынша, жарықтық және дыбыстық дабылын доғар-
майды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.