Екібастұз қалалық мешітінің сыртқы келбеті жөндеуден өтіп, түбегейлі өзгеріске түсіп жатыр. Бұл Алла үйіне келуші жамағат үшін ғана емес, осылайша бүкіл қалаға сән беретін көркем дизайн мен әсем көрініске ие болды.
Қалалық мешіттің бас имамы Нұрсейіт Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта мешіттің сыртқы қасбеті жаңарып, асханасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ауласына жаңа ойын алаңдары құрылып, Алла үйінің көркіне сән қосып тұрғандай.
– Екібастұз қалалық мешіті 1998 жылы ашылған. Сыртқы бөлігі содан бері жөнделмеген екен. Ал асханасы 1990 жылы салынған. Биыл осы асханаға күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік. Оған Екібастұз қаласындағы «Богатырь-Көмір» ЖШС-не қолдау көрсету үшін ресми хат жазған едік, біздің өтінішімізді қабыл алып, 34 миллион теңге бөлді. Асыл дінімізге деген жанашырлық үшін кәсіпорын басшылығына мешіт ұжымы және жамағат атынан зор ризашылығымызды білдіреміз, — дейді бас имам Нұрсейіт Омаров.
Биыл қолға алынған үлкен жобалардың бірі — мешіттің сыртқы қасбетін және күмбездері мен мұнараларын жаңарту. Бұл мақсатқа өңірімізге белгілі кәсіпкер Серік Сәдуақасов демеушілік көрсетіп, 55 миллион көлемінде қаражат бөлген. Соның нәтижесінде мешіт ғимаратының сырты жаңа термопанельмен толық қапталуда. Сонымен қатар, мұнарасы мен күмбезін және айын қайта бояп, алтын сары түске айналдырған. Ал ғимараттың сыртқы қасбетінің жаңа түсі ашық сарыға өзгерді. Жаңа дизайн нәтижесінде күмбезі мен қасбеті бір-бірімен ерекше үйлесім тауып, соңғы заманның үлгісіндей көзге жылы да шуақты көрінеді.
– Біздің мешіттің ауласы әжептеуір үлкен. Сондықтан оны қала тұрғындарының, соның ішінде бүлдіршіндердің игілігіне дұрыс пайдаланайық деген оймен ойын алаңын орнатуға шешім қабылдадық. Алдымен қала әкімдігіне өтініш жасаған едік, жауапты мамандар бірден оң шешім қабылдап, саябақтың жобасын әзірледі. Одан кейін көп кешікпей жауапты компания анықталып, кешенді ойын алаңын орнатты. Енді мешіт маңында тұратын балалар ойын алаңына келіп ойнаса, жасөспірімдер мен ересектер стрейтбол мен тренажер алаңында уақыттарын пайдалы өткізе алады. Бұл біз үшін — бұған дейін болмаған жаңалық. Яғни, мешіт ғибадат жасайтын ғана емес, сол секілді салауатты өмір салтын қалыптастыруға болатын орын екенін көрсеткіміз келеді, — дейді мешіттің бас имамы.
Мешіт аумағы 2,8 гектарды құрайды. Алла үйінің ішінде бір мезетте екі мың адам сапқа тұрып, намаз өтейтін кең залы бар. Сонымен қатар, әйелдер намазханасы, дәріс бөлмесі, неке бөлмесі, құран оқу бөлмесі және т.б. діни рәсімдер алаңы қарастырлған. Мұнарасының биіктігі – 53 метр. Бұл өлшемнің өзіндік мәні бар. Яғни, Алла Елшісі – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға пайғамбарлық 40 жасында қонса, содан араға
13 жыл салып, 53 жасында Меккеден Мединеге қоныс аударды. Бұл — Һижра бойынша мұсылмандық жыл санау басталған уақыт.
– Мешітте күнделікті кешке намаздан кейін дәріс өткіземіз. Онда сенім, ғибадат, хадис, Құранға тәпсір, ихсан ілімі пәндерінен сабақ жүргізіледі. Бұл пәндерден бөлек, Құран курсы тұрақты түрде жұмыс істейді. Онда арнайы білімі бар қари сабақ береді. Мешітіміздің жанында Хамид Ибраев атындағы қайырымдылық мекемесі бар. Ол жерде тек кішкентай балалар Құран жаттайды. Барлығы бекітілген кесте бойынша өтеді, — деді имам.
Тілеуберді САХАБА.