Ұялы телефонына әскерге шақыру жөнінде смс-хабарлама түскен азаматтар
3 күн ішінде тұрғылықты мекенжайы бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімге баруға міндетті. Бұл талапты орындамағандар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.
Биыл Павлодар облысынан күзгі әскер қатарына 650 сарбаз алынады. 1 қыркүйекте басталған науқан желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Бекзат Оразовтың айтуынша, аймағы-мыздағы әскер қатарына жарамды жастардың үлесі 20 мыңға жуықтайды. Оның ішінде оқуда жүрген, отбасылық жағдайға байла-нысты Отан алдындағы борышын кейінге қалдырғандар бар.
— Биыл көктемде облысымыздан 665 адам мерзімді әскери қызметке шақырылды. Жоспар бойынша күзгі әскерге 664 сарбаз алынуы тиіс. Оның ішінде ҚР Қарулы Күштеріне — 320, Шекара қызметіне — 65, Ұлттық ұланға – 250, Төтенше жағдайлар министрлігіне — 20, Мемлекеттік күзет қызметіне
9 сарбаз жіберіледі. Қазір әскер қатарына шақыру кезінде үй-үйді араламаймыз, сарбаздың ұялы телефонына смс-хабарлама жіберіледі. Шақырту алған бойда 3 күн ішінде тұрғылықты мекенжай бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келуі тиіс. Тіпті, отбасылық жағдайға байланысты себеп болса да аталған мекемеге келіп, жауабын беруі керек. Облысымыздың сарбаздары көп жағдайда Семей, Қарағанды қаласы аумағында Отан алдындағы міндетін өтейді, — дейді Б.Оразов.
Бекзат Ғарифоллаұлының айтуынша, аймағымызда күзгі әскер қатарына шақырылған 650 сарбаздың 70 пайызы Отан алдындағы азаматтық борышын өз еркімен өтеуге келісім берген. Несие рәсімделген жағдайда сарбаздар 13 ай кредит төлеуден босатылады. Оның ішінде 12 ай әскер қатарында болса, бір ай үйіне оралып, жұмысына кірісуі үшін беріледі. Бұдан бөлек, әскерден оралған азаматтар білімін жалғастыруы үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады. Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесін есепке алмай-ақ, тек сұхбаттан өту арқылы ақылы негізде оқуға түсе алады. Әскер қатарында жүргенде жауынгерлік дайын-дықта жоғары нәтижеге қол жеткіз-гендерге жоғары оқу орнына түсуге грант беріледі.
Департамент басшысы облыста сарбаздарды әскер қатарына мәжбүрлі түрде күшпен әкету фактілері болмағанын айтты. Сонымен қатар, Отан алдындағы борышты өтеуден жалтарғандар бойынша қылмыстық дерегі де тіркелмеген.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.