Қазақстанда әскерге бару міндетін алып тастау туралы петиция жарияланды. Ол ҚР Қорғаныс министрлігінің қарауына жолданады. Петицияның жариялануына соңғы кезде болған әскери қызметкерлердің өлімі себеп. Петиция авторлары бұл қайғылы оқиғалар қазіргі әскери қызмет жүйесіндегі өрескел кемшіліктерді әшкереледі деп санайды. Олар әскерге бару міндетін алып тастауға бірнеше себеп барын айтады. Бұл ретте әлімжеттік, шақырылған сарбаздардың біліктілігінің төмендігі және қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайын еместігі, медициналық бақылаудың және қауіпсіздіктің жеткіліксіздігі, психологиялық қысым және суицид жағдайлары, әскерге шақырылушыларға қызмет етудің жеке мотивациясы мен мағынасының болмауы әсер етеді деген пікірде. Сонымен қатар, петиция авторлары мерзімді әскерге шақыру жасын 18 жастан 2 0 жасқа дейін көтеруді де ұсынған. Жалпы, әскерге бару міндетін алып тастау дұрыс па? Әскердегі әлімжеттік фактілеріне не себеп? Өзекті мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.
Бекзат ОРАЗОВ, Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы:
— Әскерге сарбаздарды алу ҚР Президентінің 2024 жылғы 1 ақпандағы Жарлығына сәйкес жүргізіледі. Біздің облыста әскер қатарындағы сарбаздар арасында әлімжеттік жағдайлар тіркелген жоқ. Аймағымыздан өзге облыстарға Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен сарбаздардың да денсаулығынан кінәрат байқалмады. Біздің сарбаздар борышын өтеуге көбінесе Шығыс Қазақстанға жиі аттанады. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстанға да барады. Әскер қатарына шақырылған кезде сарбаздың денсаулығы жақсы болса ғана қатарға алынады. Егер ағзасында қандай да бір ауру-сырқау байқалса, дәрігердің шешімімен Отан алдындағы борышын өтеуден босатылады. Шақырту кезінде сарбаздар толық медициналық тексеруден өтеді. Әр әскери бөлімде сарбаздарды әскери полиция қызметкерлері бақылайды. Әр ғимаратта бейнебақылау камералары орнатылған. Ал сарбаздардың оқыс жағдайға тап болмауын, дене жарақатын алмауына тосқауыл болу үшін күніне 3 мәрте дене мүшелері толық тексеріледі. Бұл ретте әр рота мен батальондағы жауапты мамандар таңғы астан, түскі және кешкі астан кейін сарбаздарды шешіндіріп, денесін тексеріп шығады. Ал демалыс күндері тәулігіне 4 мәрте тексереді. Сондықтан әскери бөлім қызметкерлері әр сарбазға жауап беріп, әлімжеттікті болдырмайтынын айтқым келеді.
Еркеғали ЖАНҒАЗЫ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Петицияны ата-аналар балаларының болашағы үшін алаңдап жазып отыр. Бірақ көтеріліп отырған ұсынысқа өз басым қарсымын. 18 жасқа толған азамат әскер қатарына шақырылуы тиіс. Ал
20 жастан барса, екі жылдың ішінде не өзгереді? Сондықтан кәмелет жасына толғаннан кейін бұрынғы тәртіппен әскерге шақырылуы керек. Отан алдындағы борышты өтеуді міндеттемесе, елімізді кім қорғайды? Күзгі шақырылым кезінде сарбаздарды әрең жинап жатқанда, жаңашылдық орын алса әскерге ешкім бармайтын болады. Өз басым Германия мемлекетінде әскерде болдым. Тәртіп өте мығым болды. Қазіргі сарбаздар өз елдерінде бір жылдық борышты өтеуден қашады. Сарбаздарды әскерге шақыру кезінде идеология дұрыс жүргізілуі тиіс. Жалпы, әскер — қоғамның айнасы. Әскердегі әлімжеттікті болдырмау үшін рота командирлерін қатаң іріктеу керек. Өйткені жас сарбаздарға жауап беретін, тәрбиелейтін солар. Командирлердің психикасы дұрыс, тәрбиесі мен тәртібі де жақсы болуы тиіс. Жемқорлыққа жол берілмеуі керек. Міне, әуелі әскери бөлімдердегі ішкі тәртіпті реттеу керек. Жұмыс жүйеленіп, дұрыс бағытқа қойылғанда ғана сарбаздар жапа шекпейді. Ата-аналар балаларын әскерге жіберуде қорықпайды.
Ләззат КІШКЕНТАЕВА, ата-ана:
— Қыркүйек айының басында Ақтау гарнизонында 25744 әскери бөлімінде әскери қызметші қайтыс болды. Ресми дерек бойынша командир сарбаздың бетіне оқ атқан. Әскерге сау кетіп, төсекке таңылған Ербаян Мұхтардың жағдайы күллі қазақ елін алаңдатты. Осы екі оқиғаның өзі ата-аналардың баласы үшін алаңдауына жетіп жатыр. Әлеуметтік желіден үйіне ақыл-есінен айырылып оралған сарбаздарды да көрдік. Осындай жағдайлардан кейін ата-аналар жалғыз ұлын, немересін қалай Отан алдындағы борышын өтеуге жібереді? Әскери бөлімдер жыл сайын сенімнен қалып барады. Сондықтан әскерге шақыру науқаны ерікті түрде, ата-аналардың рұқсатымен жүргізілсе деген тілегіміз бар.
Ата-аналардың ұлдарын 20 жастан әскерге беру деген ұсынысы шетелдік тәжірибеге сүйеніп айтылған. Германия, Швеция, Австрия елдерінде сарбаздар 20 жастан әскерге қабылданады екен. 18 жаста үлкен өмірге енді қадам басқан бала әскерге моральдік, психологиялық тұрғыдан дайын болмайды. Сондықтан әскердің әлеуетін күшейту үшін 20 жастан бастап шақырған дұрыс деп есептеймін.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.