Отан алдындағы қасиетті борышын өтеген азаматтарға оқуын жалғастыру да маңызды болып табылады. Бұрын сарбаздар әскери өмірден соң көбінесе білім алудың орнына жұмыс іздеп кететін. Қазіргі таңда міндетті борышын өтеген соң сарбаздардың толыққанды тұлға болуына барлық жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау мақсатында 2023 жылы арнайы «Sarbaz 2.0» бағдарламасы іске қосылған. Соның арқасында борышын өтеп келген сарбаз өзі қалаған мамандыққа арнайы тестілеулерсіз грант негізінде оқуға түсе алады.
Жоба Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бастамасымен жүзеге асырылады және отандық жоғары оқу орындарымен бірлесіп іске асырылады. Арнайы бағдарламаның негізгі мақсаты — әскери борышын адал өтеген жастарды қолдау, олардың азаматтық өмірге бейімделуіне жағдай жасау, жоғары білім алуға, әскерилердің патриоттық сезімінің күшеюіне мүмкіндік беру. Жобаға елдегі барлық оқу орындары қатысады. Әр жылдық грант қабылдау мөлшерінің 25 пайызы осы мақсатқа бөлінген. Бағдарлама грантына қатысу үшін азамат мерзімді әскери қызметін толық өтеп, белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет. Кей жағдайда грант немесе оқу ақы-сына жеңілдік қарастырылады.
Аталған бағдарлама бойынша грант иегері болу үшін қандай талаптар қойылатыны жайлы Павлодар облыстық №5512 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындық бөлімінің бастығы, майор Нұрболат Қазақов айтып берді.
— «Sarbaz 2.0» бағдарламасы бойынша грант иегері болу үшін азамат мерзімді қызметін өтеу керек. Оған қызмет барысында негізгі пәндерден баға қойылады. Атап айтсақ, қызметтік жауынгерлік қолдану тактикасы, мемлекеттік құқық-
тық дайындық, дене шынықтыру және атыс дайындығы сияқты пәндер. Бұған қоса, әскери қызметкердің тәртібі, моральдық-психологиялық жай-күйі және арнайы міндеттерді орындау бойынша бағаланады. Көрсетілген талаптар бойынша үздік нәтиже көрсеткен сарбаз еліміздің 90-нан астам жоғары оқу орындарында гранттық негізде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ үміткер жоғары оқу орнына белгіленген тәртіппен құжат тапсырады. Кейбір жағдайда білім беру гранты конкурс негізінде бөлінеді. Бұл ретте сарбаздың қызмет көрсету нәтижелері, қоғамдық белсенділігі және іріктеу комиссиясының шешімі маңызды рөл атқарады. Қажет болған жағдайда конкурс және іріктеу жүргізіледі. Кейбір оқу орындарында конкурс өтеді, сонда үміткерлер басқа талапкерлермен бәсекеге түседі. Комиссия әскери қызмет нәтижелері, азаматтық белсенділік, білім беру талаптары секілді бірнеше факторды бағалайды. Кейбір білім ошақтарында арнайы мамандықтар бойынша грант алу үшін оқу орны қойған қосымша талаптар (балл, емтихан нәтижесі, тілдік талаптар) болуы мүмкін.
«Сарбаз» бағдарламасы – бұл тек жеңілдік емес, сонымен бірге жауапкершілік. Біз осылайша әскери борышын өтеген жастарды қоғамға, еңбек нарығына әрі қарай біліммен дайын болуына ынталандыруды көздейміз, — деді ол.
Бұдан бөлек «Sarbaz 2.0» бағдарламасына қатысу мүмкіндігінен айрылатын әскерилер де бар. Олар —
қауіпсіздік ережелерін бұзып, әскери өмірде нашар нәтиже көрсеткендер. Сарбаздарға тәртіптерімен жұмыс жасауға арнайы уақыт беріледі. Үш айдың ішінде жағдай қайталанбаса, әскери қызметші конкурсқа қатысу мүмкіндігне қайта ие болады.
Сондай-ақ, бағалау нәтижесіне келіспейтін әскери қызметшілер жазбаша түрде апелляция беруге және объективті бағалау алуға құқылы. Осылайша, «Sarbaz 2.0» бағдарламасы әскери борышын өтеген азаматтарды жоғары білімге қолжетімділікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне, кәсіби дағдыларын дамытуына мүмкіндік береді.
Айта кету керек, қазіргі таңда өңіріміздегі №5512 және №6679 әскери бөлімдерінен аталған бағдарлама бойынша 16 азамат білім алуда.
Сара ӘБДОЛ.
Сурет газет мұрағатынан алынды.
