Әскери міндет – ердің борышы

Ақп 12, 2026

10 жылға созылған Ауған соғысына қатысқан қазақстандықтар саны — 22 мың сарбаз. Солардың қатарында Павлодар облысынан 50 жауынгер аттанған болатын. Соның бірі — Ақсу ауданы Айнакөл ауылында дүниеге келген Сағадат Жұмабаев. Ол Ауған соғысына 18 жасында аттанған.

Арада қаншама жыл өтсе де, бұл — тұтастай бір одақтың тарихынан ерекше орын алатын оқиға. 1979 жылы Кеңес әскерінің Ауғанстанға енгізілуі соғысты жаңа деңгейге көтеріп, он жылға жуық уақытқа созылған қанды қақтығысқа ұластырды.

— Ауған соғысында қандай қызметте болдыңыз?

— 1978 жылдан бастап әкесінің жанында мал дәрігерінің көмекшісі болып еңбек ете бастадым. 1980 жылы наурыз айында әскери комиссариат арқылы заставада жұмыс істедім. Кейін, 1981 жылдың ақпанында әскерге шақыртылдым. Шығыс Қазақстан өңіріндегі Аягөз қаласында 3 ай карантинде болдық. Содан соң бізді Алматы қаласы арқылы маусым айының ортасында Ауғанстанның Шыңдант провинциясына ұшақпен жеткізді. Сол жолы шамамен 300 адамнан тұратын 2 рота сарбазды жеткізді.

Шыңдантта 371-ші мотоатқыштар полкінде жөндеу ротасында қызметте болдым. 2 жыл бойы майданның сыртында шофер болып қызмет еттім. Солай жүре тұра, соғыстың салдарымен күрестік. Әртүрлі жерде соғыстың салдарынан сынып қалған техникаларды базаға жеткізумен айналыстық. Жарамсыз болып қалған ұшақ, танк сынды техникаларды жинап,  жөндеп отырдық. Жақсы машинист болу — ол тек көлікті жүргізу емес, оны жөндей білу. Соғыс уақытында бұл ерекше ептілік пен төзімді қажет етті. Бастапқыда қиыншылықтар кездесті, алайда соғыс бізге бәрін тезірек үйренуден басқа амал қалдырмады.

— Ауған соғысында сіз үшін ең ауыр сәт қандай еді?

— Жұмыс барысында ұшақпен жаралылар мен қаза тапқандарды әкеледі. Барлығымыз ұшаққа жүгіреміз. Сондағы мақсатымыз — арасынан танысымыз болмаса екен деген тілек. Алыс жерде соғыста жүргендіктен біз ұлтқа, руға, нәсілге бөлінбедік. Бәріміз бір-бірімізді бауыр көрдік. Олардан айырылу біз үшін қорқыныштырақ болды.

— Қызмет барысында қауіпті жағдайлармен бетпе-бет келген кезіңіз болды ма?

— Әскери қызметті орындау барысында көптеген оқыс оқиғалар орын алатын. Соғыс алаңына жақын жүргендіктен минаға түсіп те кеткен жағдай болды. Машинада офицер және мен келе жатқан едік. Көлігіміз мина алаңына қалай өтіп кеткенін білмей қалдық. Ақыры арнайы топтың көмегімен ол жерден аман өттік. Бұдан бөлек те көп жайттар бастан өткен.

— Әскери дайындықтан өту кезінде командирлер сіздерге қандай талап қоятын еді?

— Бізге командирлер әрдайым «Жандарыңдағы жолдастарыңа адал болыңдар. Себебі, ертең соғыс шебінде ол сенің өміріңді сақтап қалуы мүмкін» дейтін. Шыныменде, осы сөздерді естіген әрбіріміз ерекше жігерленетінбіз. Соның арқасында болар, ұлтымыз бөлек болса да, татулықпен қызмет өтедік. Ал қазір сын сағат туып тұрмаса да, әскери антына адал әр азамат бір мүдде жолында жолдастарын бауырындай көру керек деп санаймын. Кемедегінің жаны бір деп қазақ бекер айтапаған.

— Қазіргі таңда арнайы Ауған соғысы ардагерлерінің бірлес-тігі бар екен. Онда қандай жұмыстар атқарасыздар?

— Ардагерлер жиналып, арнайы мерекелік жиындарда бас қосамыз. Шейіттердің басына гүл шоқтарын қойып, еске алып отырамыз. Бұдан бөлек оқу орындарына барып, арнайы лекция оқитын кездер де болады. Жыл сайын осындай шаралар үздіксіз жүргізіліп тұрады. Ондағы мақсатымыз — жас ұрпақтың санасына біз көрген Ауған соғысының қалай өткенін жеткізу. Әрі сонда жинаған әскери, қызметтік тәсілдерімізбен бөлісу. Сондай-ақ, қаза болған жолдастарымыздың есімін өшірмей, олардың ерліктерін дәріптеу. Қазіргі таңда жастардың әскери борышын өтеуге деген талпынысын арттыра алсақ, біз үшін ол — үлкен мәртебе.

— Бүгінде Ауған ардагерлеріне қандай көмек көрсетіледі?

— Ауған ардагерлеріне ай сайын ақшалай (26 700 теңге) әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, көліктің сақтандыруы, медициналық көмек, шипажайға арналған жолдамалар жыл сайын еліміз бойынша бірнеше ауған ардагеріне беріліп отырады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.