Өңірімізде күн күрт жылынып, қар қарқынды ери бастады. Тау суы да ағып, өзендердің су деңгейін арттыруда. Осыған орай бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байханов облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылығымен бірлесіп, су басу қаупі бар Баянауыл ауданын, сондай-ақ, Қарағанды облысымен шектесетін аумақтарды әуеден тексеріп өтті.
Бүгінгі таңда аудандағы қардың қалыңдығы 21 сантиметр және бұл өткен жылмен салыстырғанда 8-ге көп. Сондай-ақ, көктемгі кезеңде Ащысу, Айдос, Бала-Шідерті, Қарасу өзендері айтарлықтай қауіп төндіреді. Су деңгейінің күрт көтерілуі таулардағы қардың еруіне және Қарағанды облысынан Қарасу өзенінің сағасы бойымен ағып келетін еріген сулардың қозғалысына байланысты болады.
Тікұшақпен аралау кезінде өңір басшысы Ащысу бөгетінің жай-күйін тексерді. Бұған дейін оны нығайту және биіктігін көтеру бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. 1,6 шақырым бойы бөгеттің сыртқы жақтары габиондармен беріктетілді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Асайын Байханов Қарағанды облысының басшысы Ермағанбет Бөлекбаевпен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезінде Баянауыл ауданының ауылдарына қауіп төндіретін Қарағанды облысының «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттеріне тексеру жүргізді. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданы мен Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылдық округінің шекара маңы аумағында жиналған қардың мол қоры қарқынды еріген кезде, сондай-ақ, «Ақжар» бөгеті толып, су жіберілген жағдайда ауданның 7 елді мекеніне су басу қаупі төнуі мүмкін.
«Ақжар» бөгетінен ағып келетін судың негізгі арнасы Қ.Сәтбаев ауылынан 10-15 шақырым жерде «Қаратоқа» бөгетінен ағып келетін судың арнасымен қосылады. Осыған байланысты жақын маңдағы Мәшһүр Жүсіп, Жаңатілек, Көкдомбақ, Қ.Сәтбаев, Мұса Шорман ауылдарының маңында гидрологиялық бекеттер жабдықталған.
Әуеден барлау барысында Қарағанды облысының «Ақжар» бөгетіндегі жағдайға мониторинг жүргізілді. Жобалық көлемі 4,2 млн текше метрді құрайтын су қоймасы бүгінгі күні 71%-ға толған. «Қаратоқа» бөгеті Бұқар жырау ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. 3 млн текше метр су сыятын бұл су қоймасы бүгінде 33%-ға толыпты.
«Қазгидромет» кәсіпорнының облыстық филиалының деректеріне сәйкес өңірдің барлық аумағында күзгі кезеңде түскен жауын-шашынның мөлшері нормадан артық. Ертіс өзенінің гидрологиялық бекет-терінде шұңқырлардың пайда болуымен мұздың қатып жатқаны байқалады. Мамандардың болжамы бойынша облыс аумағындағы су тасқыны кезеңі 2 кезеңде өтеді: наурыздың 2-3 — онкүндігінде қар ериді, ал сәуірдің 2-3-онкүндігінде су қоймаларының Жоғарғы-Ертіс каскадынан су жіберіледі.
Су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден зерттеу ықтимал тәуекелдерді уақытылы анықтауға және барлық қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік берді. Әуеден тексеру қорытындысы бойынша бейінді мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Су тасқыны қаупі бар аймақтарды әуеден барлау қазіргі уақытта қабылданып жатқан шаралардың жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беретіндігін көрсетті. Тиісті күштер мен арнайы техниканың қажетті резерві бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.