8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі келгенде «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» нәзік жандылардың ерлігі мен еркелігін, батылдығын барынша әспеттеуге тырысамыз. Бұл әйелсіз әлемнің мәнсіз екенін тағы бір мәрте еске салғандай болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі – Гүлжайна Негділхан. Ол — бір әулетке жеті перзент сыйлап, оларды ұлттық тәрбиенің уызымен өсіріп отырған ардақты ана.
Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген нақыл бар. Оны айтып отырған себебіміз, Гүлжайна Негділханқызы өзі де үлкен отбасында, жеті баланың ортасында өскен жан. Соған қарағанда әке-шешенің осы бір ерекше қасиеті балаларына да дарып, олардың да көпбалалы болуына әсер еткен болар, бәлкім. Өмірлік серігі Қуат Ардагермен шаңырақ көтергеннен бергі 19 жыл ішінде алты қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, жас болса да мәуелі бәйтерекке айналды. Бүгінгі таңда Павлодар қаласына қарасты Мойылды ауылында тұратын отбасы Алла берген перзенттеріне Айдана, Аяна, Ақбота, Іңкәр, Раяна, Ұлдана және Әлинұр деген есімдер қойған. Олардың алды бүгінде колледжге оқуға түскен болса, соңы — екі жасар. Өздеріңіз байқағандай, кесте тігер алтаудан кейін көптен күткен атұстар өмірге келіпті. Әр баланың қызығушылығы әртүрлі. Сондықтан олардың бетінен қақпай, қазірден бастап қызығушылық танытқан үйірмелерінің бәріне қатысуға мүмкіндік жасаудамыз дейді.

– Алдыңғы балаларымыздың бәрі біртүсті болғандықтан бір ұл болса деп армандап жүрдік. Сонымен алтыншы қыздың есімін ырымдап Ұлдана қойып едік, Алла соңынан бір ұл берді. Біздің басты байлығымыз – осы балаларымыз. Солардың жетістігіне қарап қуанамыз, марқаямыз. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген керемет сөз бар. Өзім соған сенемін. Себебі, әр бала өзінің ырыс-несібесімен келеді. Сондықтан соңымыздан келе жатқан жас отбасыларға көпбалалы болудан қорықпаңыздар дегім келеді, – дейді Гүлжайна.
Көпбалалы ана бүгінгі таңда балалардың тәрбиесімен қоса жеке кәсіпкерлігін де дөңгелетіп отыр. Ол жасөспірім қыз балаларға арналған әшекей бұйымдардың жиынтығын жасап сатады. Атап айтқанда, толық жинақ ішінде шашбау, алқа, білезік, жүзік, сырға, этностильдегі түйреуіштер бар.
– Негізі мұндай кәсіппен айналысамын деген ойымда болмаған еді. Үйде көбі қыз балалар болғандықтан алдымен соларға арнап жасаған едім. Кейін сатып алайық дегендер көбейіп, сұраныс арта бастады. Содан кейін арнайы уақыт бөліп кірісіп, қажетті құрал-жабдықтарын толық алдым. Бұл біріншіден табыс көзі болса, екінші, қазақы нақыштағы әшекей бұйымдарды көпшілікке насихаттау, күнделікті тағып жүруге дағдыландыру. Себебі, мен тек той-томалаққа ғана емес, күнделікті жұмысқа, қонаққа барғанда тағатын әшекей бұйымдар жасаудамын, — дейді ол.
Гүлжайна өнерден де алыс емес. Өткен жылы Мойылды ауылында болған «Келіндер сайысы» байқауына қатысып, «Өнерлі келін» аталымына ие болған.
Тілеуберді САХАБА. Суреттерді түсірген — Е.Исабек.
