Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» «Өңірдің этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері» атты өңірлік қоғамдық келісім мекемелерінің басшыларына арналған республикалық семинар өтті.

Айтулы шара этномәдени бірлестіктермен және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов және әр өңірден келген этномәдени бірлестіктердің, Қоғамдық келісім мекемелерінің басшылары қатысты.

Салтанатты шараның алғы сөзінде Айгүл Қайыртасқызы республикалық семинардың ашы-луымен құттықтап, этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта халықты татулыққа, достыққа шақыратын түрлі шараны атқару керектігін тілге тиек етті.

— Павлодар – әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар, этносаралық тұрақтылықпен ерекшеленген аймақ. Бұл — әрине, облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті мекемелермен және басқа да этномәдени бірлестіктермен бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесі. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өңірде тұратын барлық этносты біріктіруге, сондай-ақ, тіл, мәдениет, медиация, қайырымдылық және қоғамымыздың басқа да адамгершілік және мәдени құндылықтарын дамытуға бағытталған, – деді А.Мәлікова.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Динара Жұманова ерекше назар аударуды қажет ететін жұмыстың негізгі бағыттарын атады. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерімен және қоғамдық құрылымдарымен тиімді өзара әрекеттестігін ерекше атап өтті.

– «Достық үйлері» әдістемелік орталық болып саналады. Сондықтан этномәдени бірлестіктерге жұмыс жоспарын әзірлеуге көмектесу қажет. Сонымен қатар, «Достық үйлерінің» бюджет қаражаты аясында өткізілетін барлық іс-шара ұлттық бірлік құндылықтарын дамытуға бағытталуы тиіс, — деді Д.Жұманова.

Республикалық семинарға қатысып, тәжірибе алмасқандардың бірі – Түркістан облыстық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Эльмира Жанғазинова.

— Этномәдени бірлестіктердің республикалық семинары жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырады. Биыл Павлодар қаласында өтті. Семинар барысында өңірдің этномәдени бірлестіктерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері қозғалды. Жиында талқыланған мәселелер мен ұсыныстар Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне ғана емес, күллі қазақстандықтарға ортақ мәселе деп білемін. Ассамблея бұл тарапта аз да болсын өз үлесін қосу мақсатында осындай игі шараларды ұйымдастыра береді деп сенемін, — деді Эльмира Ұласбекқызы.

Республикалық семинардан соң қатысушыларға «Достық трамвайы» атты Event-трамвайында Павлодар қаласы бойынша саяхат, студенттер ассамблеясының мүшелерімен кездесу және этникалық сән көрсетілімі ұйымдастырылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.