Өзгерістерден сүрінбей өтті

Қаз 23, 2025

Бүгінде «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-3 жетекші инженер қызметін атқарып отырған Сергей Богомолов жас кезінен нақты ғылымға қызығып, болашақ мамандығын өндіріс саласымен байланыс-тыруды жөн көреді. Бүгінде Республика күні мерекесін қайта жандандырған еліміздің  өзгерістерімен қатар өндірістегі 30 жылдық еңбек жолында сынақтарды бастан кешірген Сергей Богомолов екі кезеңнің айырмашылығы мен ерекшелігі жайында ой қозғады.

Павлодар қаласы №3 жылу-электр орталығының жетекші инженері Сергей Богомолов жастық шағында тіпті әскердегі борышын өтегенде де ірі жабдықтармен жұмыс істеген. Ол қызметінде әсіресе адамдарды жылу және жарықпен қамтамасыз ету мүмкіндігі берілгеніне риза. 1990 жылдардағы қиын-қыстау кезеңде қызметкерлер мен көмірдің тапшылығын көрген еңбек ардагері сынақтардан мойымай өтіп, өндірісті жақсарту, жетілдіру күндерін қуанышпен қарсы алған.

–  Қазіргі уақытта операциялық қызметкерлердің жұмысы айтарлықтай ерекшеленеді. 2011 жылдан бастап цифрлық технологиялар қарқынды түрде енгізіле бастады. Қазіргі таңда автоматтандырылған басқару жүйесі бойынша  жабдықтың 95 пайызы орнатылған. Жаңа технологияға дейін еңбек еткен ұжымымыз бұл заманауи жабдықтардың іске қосылуына жұмыла атсалыстық. Өндірісте қазандықтар мен турбиналарды басқарудың автоматтандырылған жүйелерінен басқа, электр энергиясын жүргізетін жалпы станция жүйесі жылу энергиясымен біріктірілген, яғни ЖЭО ауысым басшысы жұмыс орнынан әр қазандыққа жеке тапсырмаларды беріп, қазандықты таңдай алады. Бұл жүктемедегі басты үрдіс деп айтуға болады. Сондай-ақ,  барлық көрсеткіштің сақталуының арқасында жүйе жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Ол мәселелерді анықтау, салдары мен оларды шешу жолдарын табуға септігін тигізеді, – дейді кәсіпорынның білікті мамандарының бірі – Сергей Богомолов.

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі басты көрмелердің бірі ЕХРО-2017 алаңында Чех делегациясымен бірге жаңа технологиялар көрмесіне қатысқан. Мұндай қысқа мерзімде шетелдік әріптестерінің тәсілдемелерімен жақынырақ танысып, пайдалы тұстарын түйген. Олардың жаңа құрылғыларға деген көзқарасын салыстырып, энергетикада цифрландыру серпілісі басталғанын байқайды. Одан бөлек, белсенді қызметкер өз балаларымен еріктілер қозғалысына баса мән береді. Олар балалар үйін қажетті заттармен қамтамасыз етіп, көмек көрсетеді.

Кәсіпорынның университет, колледж студенттерімен байла-ныстары тығыз. Бүгінде білім алып жатқан студенттер арасында ғылыми жобалар байқауын өткізіп, жеңімпаз атанған 5-6 студент кәсіпорын атынан стипендияға ие болады. Оқу орнын аяқтаған соң жұмысқа шақырылады. Ал өндірістің белді мамандары болашақ инженерлерге тәжірибе сабақтарын өткізумен қатар, өндірістегі цех, учаскелермен таныстырады. Сонымен қатар, «Павлодарэнерго» АҚ-да бес жыл шамасында жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыратын бағдарламалар іске асырылуда. Зиянды кәсіптерге қосымша ақы төленеді.

№3 жылу-электр стан-циясының жетекші инженері Сергей Богомолов өмірлік жарымен бір қыз, бір ұлды дүниеге әкелген. Қызы көп тілді меңгерген маман болса, ұлы колледжде мұнай-химия саласы бойынша білімін толықтыруда.

Салтанат ҒАББАС.