Өзен бетіндегі бөтен дақ

Нау 19, 2026

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіден Ертіс өзенінің Ақсу маңындағы жылы ағысымен қайықпен жүрген азаматтың бейнежазбасы жарияланды. Онда ақсулық тұрғын су бетін майлы қабықша басқанын айтып, көрсеткен еді. Жеке тұлғадан облыстық экология департаментіне су бетіндегі майлы дақтарға қатысты шағым да түскен. Қазігі таңда құзырлы орган аталмыш мәселе бойынша сынама алып, тексеруге кіріспек.

Ол үшін заң талабына сай прокуратурадан тексеріс ашуға өтініш тіркелуде. Содан кейін тексеруді бастайды. Бұл туралы экология департаментінің өткен жылға қорытынды жасап, биылғы жоспарларды бөлісу брифингінде мәлім болды.

– Жағдай орын алған аумақта тек ақсулық «ЕЭК» кәсіпорны ғана бар. Бұл өндіріс орнының технологиясын білеміз. Яғни, салқындатуға қолданылатын агрегаттардан мұндай көрініс болмауы тиіс. Бәлкім, апаттық жағдай болған шығар. Ол енді тексеру барысында анықталады, – деді облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Жалпы, құзырлы орган облыста 1617 нысанға бақылау жүргізеді. Бүгінде аймақта ауаға шығарылатын қалдықтарға 900 мың тонна лимит белгіленген. Бұл лимит те жыл өткен сайын төмендетіліп келеді. Былтыр 25 мың тоннаға азайтылған. Сала маманының айтуынша, қуантарлығы соңғы бес жылда ауаға шығарылған нақты қалдық көлемі кему үстінде.

– Лимитті төмендету соңғы үш жылдағы нақты деректердің төмендеуін ескерумен және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелерімен байланысты. Бүгінде жыл сайын ауаға шығатын қалдықтардың тұрақты азаю қарқыны байқалады. Нақтысы, соңғы бес жылда шығатын қалдықтардың нақты көлемі 60,3 мың тоннаға, яғни, 8 пайызға азайды. Десе де, көлемі жағынан республикада әлі алда. Былтыр 669 мың тоннаны құрады. Осы ретте, облысымызда қоршаған ортаға өнеркәсіптің кері әсерін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өңір аумағында еліміз үшін маңызды 50 кәсіпорындар қатарына кіретін 10 ірі өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Ауаға шығатын қалдықтардың негізгі көлемі аймақтың үш қаласында қалыптасады, – деді департамент басшысы.

Өндіріс орындарының әрбірінің табиғатты қорғауға бағытталған шаралары бар. Міне, осы мақсатқа кәсіпорындар бөлетін қаражат жыл санап еселенуде. Департаменттің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы өндіріс орындары табиғатты қор-ғауға 26 млрд теңге жоспарласа, 2025 жылы бұл сома күрт ұлғайтылып, 106 млрд 700 млн теңгеге жеткен. Бұл – жоспарланған сома. Ал іс жүзінде олар өткен жылы 750 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Яғни, жоспарланған қаржы 8 есеге өсірілген. Нәтижесінде, өндірістерде ауаға шығатын зиянды қалдықтар көлемі кеміген. Мәселен, «Қазақстан алюминийі» қалдықтарды 4 мың тоннаға азайтыпты. Оған мұнда орнатылған гибридті сүзгілер оң әсер еткен.

Бұдан бөлек, құзырлы орган тексерістер ұйымдастырады. Былтыр 75 тексеру жүргізген. Оның 48-і жоспардан тыс өткізілген. Нәтижесінде кәсіпорындарға жалпы 877 млн теңгеге 49 әкімшілік айыппұл салынған. Айыппұлдың негізгі көлемі, нақтысы 854 млн теңгесі «Қазхром» кәсіпорнына салыныпты. Мұнда ішкі қазандықтарға өткен жылы алғашқы тоқсанда рұқсат алынбаған. Бүгінде барлық айыппұлдар өндірілді.

Өңірімізде 2025-2029 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешуге бағытталған
Жол картасы бекітілген. Мұнда эмиссияны қысқарту, қалдықтарды басқару, көгалдандыру және су ресурстарын реттеу бағыттары бойынша 23 шара қарастырылыпты. Осы шаралар аясында аспирациялық жүйелерді жаңғырту, электр сүзгілерін, шаңды ұстап қалатын жабдықтарды ауыстыру, энергетикалық станцияларда сүзгілерді жөндеу есебінен жыл сайын қатты қалдықтарды 4 пайызға азайту көзделген.

Департаменттегілер тұрмыстық қатты қалдықтарды басқаруға маңыз беріп отыр. Өңірде 321 полигон болғанымен, олардың тек үшеуі ғана экологиялық талапқа сай саналады. Олар үш қалада орналасқан. Биыл Ертіс, Тереңкөл аудандарында, Баянауыл мен Майқайыңда полигондардың құрылысы басталады. Шарбақты, Железин, Май, Ақтоғай, Успен аудандарында биыл жобалық-сметалық құжаттары әзірленеді.

Мамандар заңсыз қоқыс алаңдарын анықтауды жалғатыруда. Былтыр ғарыштан мұндай 249 жағдай анықталған. Жыл соңына дейін толығымен жойылды. Биыл да күн жылына сәуір-қазан аралығында ғарыштан бақылау жүргізіледі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.