Биыл астықты алқапқа бай Ертіс ауданында «Ертіс өзенінің арналарын тазарту» жобасы бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Мамандар аталмыш жобаны 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Өзеннің түбін тереңдету — аймақтың экологиялық ахуалымен қоса, экономикалық әлеуетін арттыруға да зор мүмкіндік бермек.

Айта кетерлігі, Ертіс өзенінің түбін тереңдету жұмысы соңғы отыз жылдан бері қолға алынбай келеді. Ал бүгінгі күні аталған өзеннің түбін тереңдетуге қатысты іс-шаралардың басты мақсаты — балық жүретін арналарда олардың бағалы тұқымдарының өсімін ұлғайту, балықтардың уылдырық шашуға еркін өтуін қамтамасыз ету, өзен ортасының биологиялық алуантүрлілігі үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ, мелиорация мен өзен арналарын тереңдету, сумен молайту. Мұның нәтижесі балық аулау және өңдеумен айналысатын өндірістік кооперативтердің жұмыстарына үлкен игілікті әсер етері сөзсіз. Өзендердің биологиялық ахуалын қалпына келтіру — табиғатқа жасалған зор қамқорлық қана емес, ел байлығын қорғап, еселенуіне жасалатын парыз бен болашақ ұрпаққа қалдыратын мол ырыс. Аталмыш жобаны іске асыруға қажетті қаражат облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген. Ал, тереңдету жұмыстарына жауапты мердігер мекеме — «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр Ақтоғай ауданындағы Ертіс өзенінің сағасы тереңдетіліп, шөгіндіден тазартылған болатын. Бұл жұмыстар екі жыл қатарынан жүргізіліп, биыл толықтай аяқталды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұл жобаларды іске асыру — су режимінің ағымдылығын арттыруға және өзен атырабындағы экожүйелерді жақсартуға жол ашып, суармалы жерлерді сумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Ертіс өзені жайылмасының биоөнімділігін арттыра түседі.

— Былтыр Ақтоғай ауданындағы «Быстрая» өзені лайдан тазартылады. Өзеннің түбі сағасынан Жамбыл ауылына дейін тереңдетіледі, ол шамамен 7,8 шақырымды құрайды. Жоба құны 1,7 миллиард теңгеге бағаланды. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінгі күні осындай жұмыстар Ертіс ауданында орындалуда. Яғни, аудан бойымен өтетін Ертіс өзенін тереңдету, тазарту және кеңейту жұмыстары жүргізілуде, – деді басқармада.

А.МҰҚЫШЕВ.