Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында мемлекеттік тілде білім беретін оқу ордасының қазығы қағылған еді. Аталмыш нысанды жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне тапсыру үшін құрылыс алаңындағы мамандар тынбай еңбек етуде. Олардың жұмысын көп жылдық тәжірибелі маман Бөлекжан Сейпішев үйлестіріп, жетекшілік етіп келеді.
Бөлекжан Сейпішев – 40 жылдан астам осы салада бел жазбай қызмет етіп жүрген білікті маман. 1955 жылы Қарағанды облысының Балқаш қаласында дүниеге келіп, орта мектепті тәмамдаған соң жергілікті тау-кен – металлургия комбинатында слесарь-монтаждаушы болып жұмысқа орналасты. Оған қоса, Қарағанды политехникалық институтының Балқаш қаласындағы филиалында жоғары білім алуға кірісті. Бірақ 1973 жылы әскер қатарына шақырылуына байланысты оқуы үзіліп қалды. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, оқуын жалғастырып, инженер-құрылысшы мамандығын меңгеріп шықты. Жоғары оқу орнының жолдамасымен Ақтөбе қаласына аттанып, 1981 жылы құрылыс бригадасының шебері ретінде кәсіби еңбек жолын бастады. Мұндағы шалғай ауылдарда әлеуметтік нысандар салуға атсалысты. 1990 жылы жер сілкінісінен зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан қаласын қалпына келтіру жұмыстарына сүбелі үлесін қосты. Жаңа тұрғын үйлер мен нысандарды салды. Кейін Балқаш қаласына оралып, туған жердегі құрылыс алаңдарында тер төкті. 2006 жылы Павлодар қаласына қоныс аударып, Қазақстан электролиз зауыты, «Ертіс» қонақ үйі сынды ауқымды жобаларды жүзеге асырды. Шығыс Қазақстан облысында гидроэлектростанцияны салған құрылысшылардың қатарында да Бөлекжан аға бар. Байқасақ, білікті маман ел көлеміндегі талай іргелі істің басы-қасында жүріп, ірі әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер, өндіріс орындарының құрылысында қолтаңбасын қалдырды.
— Бала кезден құрылыс саласына қызығып өстім. Сондықтан болар, бұл саланы ойланбастан таңдадым әрі бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Қызметімнің басты жетістігі ел игілігіне жұмыс істейтін әлеуметтік нысандар, отандық экономиканы ілгерілететін өндіріс орындарының үздіксіз жұмысын көру деп білемін. Мәселен, Қазақстан электролиз зауытының бүгінгі қарқынын, өндірістегі жетістіктерін көргенде бір марқайып қаламын. Кезінде осы кәсіпорын бой көтеруі үшін әріптестермен бірге ауқымды еңбек еткен едік. Мұндағы құрылыс алаңында қытайлық мамандармен де бірге жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадық. Осындай іргелі нысандарды салу – оңай іс емес. Жалпы, бұрындары, әсіресе кеңестік кезеңде қандай да бір ғимараттың құрылысын қолға алу қазіргімен салыстырғанда қиын болды. Ол тұста басқасын былай қойғанда бүгінгідей үлкен крандар, трактордың түр-түрі болған жоқ. Ал қазіргі таңда құрылысшылардың қолайлы жағдайда жұмыс істеуі үшін қажеттінің бәрі бар, — дейді тәжірибелі маман.
Дей тұрғанмен, бұл саланың да өзіндік ауыртпалығы бар. Құрылысшылар қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында жұмысты бір сәтке де үзбейді. Бұл ретте негізгі міндет – жаңа нысандардың құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтау. Бөлекжан Сейпішев облыс орталығындағы №47 орта мектепті салу барысында учаске бастығы ретінде осы міндеттің мүлтіксіз орындалуына баса мән береді.
— 2023 жылдың соңында жер дайындау жұмыстарына кірісіп, қысқы уақытта ғимараттың іргетасын көтердік. Ал негізгі құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталды. 600 балаға мемлекеттік тілде білім беретін мектепте барлығы 4 корпус бар. Оқу орнында арнайы кабинеттермен қатар, екі спорт залы, үлкен мәжіліс залы мен асхана қарастырылған. Атап өтерлігі, құрылыс материалдарының барлығы дерлік – отандық өнім. Бүгінде қажетті материалдарды бұрынғыдай шетелден ұзақ уақыт күтпейтініміз қуантады. Металл құрылымдары, профильдер, желдетуге арналған құралдар, құбырлар – барлығы өз елімізде шығарылады. Сапасы да жоғары, — дейді учаске бастығы.
Бүгінде құрылыс алаңындағы жұмыстар аяқталуға таяу. Күндізгі ауысымда 100-ге жуық, кешкі уақытта шамамен 20 адам тынбай еңбек етуде. Бірі ішкі әрлеу жұмыстарын атқарып жатса, енді бір топ сырттағы ауланы абаттандыру ісін қолға алды. Олардың қызметін реттеп, қадағалау, қажет болған жағдайда кеңес айтып, бағыт-бағдар көрсету – Бөлекжан Сейпішевтің негізгі жұмысы.
Учаске басшысы мұндай қарқынмен таяу күндері тиісті істің барлығы аяқталатынын алға тартты. Парта, орындық сынды қажеттіліктер де жақын күндері жеткізілуі тиіс. Қысқасы, мамандар жаңа оқу жылына дейін мектепті пайдалануға беру үшін барын салуда.
— Құрылысшы – кез келген елде, кез келген салада аса қажет мамандық. Сондықтан құрылысшы болуды қалайтын жастар ұтылмайды деп ойлаймын. Еңбек етуге ниет болса болғаны, — деп түйіндеді ойын кейіпкеріміз.
Бөлекжан аға – отбасындағы 12 баланың үлкені. Ізінен ерген бауырлары – Қабылбек пен Дәулетжан ағаға қарап бой түзеп, құрылыс саласын таңдады. Бүгінде екеуі де өзге өңірлердегі құрылыс алаңдарында тас қалаушы болып жұмыс істейді.
Ал өмірлік жары, педагогика саласының ардагері Гүлжанат Смағұлқызымен бірге Тимур, Ақбота, Айжан, Тоғжан, Балжан есімді ұл-қыздарды өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде балалары Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар қалаларында түрлі салада еңбек етуде. Бөлекжан аға құрылыстан қолы қалт ете қалған кезде немере-жиендерінің қызығына қуанып, марқаяды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.