Апаттар медицинасы орталығының қызмет-керлері 30 жыл көлемінде күн сайын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен адамдарға шұғыл медициналық, психологиялық көмек көрсетіп, құтқару жұмыстарын жүргізіп келеді.
Елімізде 1994 жылдың қыркүйек айында төтенше жағдайлардағы шұғыл медициналық жәрдем көрсету қызметі туралы шешім қабылданды. 1994 жылдың желтоқсан айында оның атауы Апаттар медицинасы орталығы болып өзгертілді. 2007 жылы орталық ҚР денсаулық сақтау министрлігінен төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына өтті.
Көп жағдайда жедел жәрдем қызметінде адамдарға өмір сыйлайтын дәрігерлер жайында жиі айтамыз. Апаттар медицинасы ҚР төтенше жағдайлар министрлігіне қарағанымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен қызметтері ортақ. Мұндағы мамандар да жедел жәрдем көлігін тізгіндеп, оқыс жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созады. Олар үшін қызметтік міндетті атқаруда табиғаттың тосын мінезі кедергі бола алмайды. Өйткені мамандар қақаған аязда, толассыз жауын мен көктайғақ кезіндегі қатпарланған қатты мұзда да қызметтік көлікке мініп, апат орын алған жерге дереу жетеді. Олар үшін әр секунд санаулы. Оқиға орнына 1-2 секундқа ерте келуі арқылы талай адамды ажал аузынан құтқарып келеді.
Павлодар облысында Апаттар медицинасы орталығы 2002 жылы құрылды. Мұнда төтенше жағдай орын алғанда, оқыс жағдай тіркелгенде зардап шеккендерге шұғыл жетіп, медициналық көмек ұсынатын 42 маман еңбек етеді. Олар тәулік бойы кезекшілік жасайды. Бұл ретте дәрігер, фельдшер, психолог және жүргізуші құрамында төрт көшпелі бригада күн сайын қызмет атқарады. Адам өмірін құтқаруда жүргізушілердің де еңбегі зор. Себебі төтенше жағдай немесе жол апаты кезінде республикалық жолдарға шығып, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, өзінің және дәрігерлердің өміріне жауапты жүргізушіге зор міндет жүктеледі. Оқиға орнына шұғыл жету жүргізушінің кәсібилігіне байланысты. Сала мамандары күн сайын бірнеше шақыртуға шығып, оқыс жағдайлардың куәсі болады.
Шұғыл әрекет ету бригадасы арнайы медициналық құрылғылармен, дәрі-дәрмектермен және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Апаттар медицинасы орталығының құрамына Қалқаман мен Екібастұз қаласына қарасты Шідерті ауылына жақын Қызылорда-Павлодар республикалық автокөлік жолында орналасқан 2 медициналық құтқару бөлімшесі де кіреді. Аталған пункттер жол-көлік оқиғасында зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, авариялық-құтқару жұмыстарын өткізеді. Биыл орталық мамандары 352 шақыр-туға шығып, зардап шеккен 221 адамға көмек көрсетті. Оның ішінде 44 бала бар. 86 адам оқыс оқиға кезінде оқшауланды. Оның 24-і – бала.
Облыста оқыс оқиғалар кезінде адам жанына араша түсу үшін өз өмірлерін қатерге тігетін жауапты қызмет мамандарын мерейтойларымен құттықтаймыз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.