Ертіс-Баян өңірінің абыз ақсақалы, Павлодар облы-сының Құрметті азаматы Махмет Демесіновтің «Өмір жолы — өнеге» деп аталатын жаңа кітабы жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесері С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтіп, оған жергілікті қаламгерлер қатысты.
Махмет Демесінов — бүгінде 92 жасқа келсе де, аттан түспей арындап жүрген нағыз ұрпақ жанашыры. Өңіріміздегі тілге, дінге, ономастикаға қатысты талай түйткілді мәселелерді көтеріп, жеріне жеткізіп жүрген қайраткер тұлға. Сонымен қатар, облыстық «Saryarqa samaly» газетінің тұрақты авторы және жанашыр оқырманы.
«Ақсақалдар тағылымы» ҚБ-нің төрағасы Ермек Жұматов, Аққулы ауданының Құрметті азаматы Ғабидолла Әлібаев, Ақсу қаласының Құрметті азаматы Ізбасар Үсенов бастаған ел ағалары жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, авторға алғысын білдірді. Ал алғашқы құттықтауды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан жолдап, қарияның өңірге сіңірген еңбегін, қоғамдық жұмыстағы іргелі істеріне тоқталды.
— Екі ғасырдың куәсі болып отырған абыз ақсақалдың осындай еңбек жазып, оны өскелең ұрпаққа қалдыруы — үлкен өнеге. Атамыз осы арқылы кейінгі ұрпаққа жол көрсетіп, тәлім-тәрбие беруде. Осы жасқа жетіп кітап шығарып, оқырман еншісіне ұсыну екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл — әдемі қартаюдың бірден-бір көрінісі. Осымен тоқтап қалмай, әлі де жаза беруге шын жүректен тілектеспін, — деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан өзінің құттықтауында.
Жаңа кітаптың алқау сөзін облыстық «Aiqara» порталының бас редакторы Асыл Әбіш жазып, автордың тоқсанның төріне шықса да тоқтамай ел ісіне араласуын тектіліктің төресі деп бағалапты. Кітап үш бөлімнен тұрады. Олар «Хат жаздым қалам алып», «Өмірі — өнеге, тағдыры — тағылым», «Көңіл қоржынын толтырған қазына» деген тақырыптарға бөлінген.
— Бұл кітапты жазудағы мақсатым — өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Мен жас кезімнен жазуға шабан болдым. Тіпті мұғалім болып жүрген кезімнің өзінде жазу жазудан қашатын едім. Бірақ, өмірдің қажеттілігіне байланысты бұған да дағдыланып, жазуға отырдым. Бірақ, жасымнан кітап оқуға құмар болдым. Сонымен бірге зиялы азаматтармен кеңесіп, олардың ақыл-кеңестерін кейін бір кәдеге жарар деген мақсатпен қағаз бетіне түсіріп жүрдім. Сөйтіп жүріп көзді ашып-жұмғанша 90 жастан да асыппын. Осы ретте «Мен ұрпаққа не қалдырамын?» деген ой мазалай бастады. Сонымен баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларымды топтастырып, бір кітап шығаруды жөн санадым, — деді Махмет ақсақал.
Автордың бұл кітабына көп жылдар бойы облыстық «Saryarqa samaly» газетінде және басқа да мерзімді басылымдарда жарыққа шыққан мақалалары енген екен. Соның ішінде Ертіс-Баян өңірінің ұлы тұлғалары, соғыс ардагерлері, ақын-жазушылары туралы танымдық мақалалар, толымды пікір, тұшымды естеліктер оқуға болады. Сонымен қатар, өңірге қатысты өзекті әрі түйткілді мәселелер көтерілген мақалалары да топтастырылған. Одан бөлек, өмірден түйген өнегелі ойлары, нақыл сөздері, өмір жолындағы қиындықтар мен жетістіктері де орын тапқан.
Тілеуберді САХАБА.