Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіпорындардағы қызметкерлердің өндіріс тиімді-лігіне қосатын үлесі мен еңбегінің жоғары бағалануы белең алғанын байқаймыз. Бүгінде отбасы мүшелерімен бірге еңбек ететін кәсіпорында жоғары жетістіктерді бағындырып жатқан жастар қатары көп. Олардың бірі – Павлодар мұнай-химия зауытында еңбек етіп жүрген Беисовтер отбасы.
16 жыл бұрын зауытқа алғаш аяқ басып келген Беисовтер әулетінің иесі, балаларының асқар тауы Арман Беисов қызмет жолында бойына сіңірген еңбекқорлық қасиетін ер балаларына үлгі етті.
– Еңбек жолым өндірісте сантехник қызметінен басталды. Кейін монтаждау бөліміне ауысып, мансап жолында талай қиындық пен қызықтарға тап болдым. Қазір жылу желілеріне қызмет көрсету жөніндегі слесарь қызметін атқарудамын. Бүгінде ұлдарымның осы кәсіпорынға жұмысқа келіп, дұрыс жол таңдауына ықпал еттім деп ойлаймын, – дейді ол.
– Кәсібіме келетін болсақ, тазартылған суды тұтынушыларға тапсырып, буға жібергеннен кейін конденсант жинаймыз. Өндірістегі жабдықтардың істен шықпай, тұрақты қызмет етуін қадағалаймыз. Кез келген жұмыстың қиыншылықтары бар демекші, біз ауа райының ыстық-суығына қарамай, аралау жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қыс мезгілінде буы ағып кетпей, жылумен жабдықтау ақауының алдын алу мақсатында 2 сағат сайын тексеріп отырамыз. Аязды күндері сағат сайын қадағалауымыз керек. Бастысы температураны тұрақты түрде сақтап, төмендеуін болдырмау. Қызметіңе адал болсаң, еш қиындыққа мойымай, төтеп беруге болады. Азды-көпті еңбек етіп келе жатқан жылдары зауыт екінші үйіме айналды. Күн тәртібін ойдағыдай жоспарлап, жөнге келтіретін істеріңді орындап, алға қойған мақсаттарыңды іске асыруға асық боласың. Уақыт өте келе өндіріс орнында өтетін жобалар мен оқуларға қатысып, жыл сайын білімімді жетілдіргенді жөн санаймын. Биыл жасым 50-ге келеді. Өз ісімді тиянақты орындап, жұмыстан тыс балық аулауға әуеспін. Қолым тисе, қысы-жазы бірден балық аулауға жолға шығамын. Өкінішке қарай, екі ер баламды өзіммен ертіп ала алмайтын жайым бар. Үшеуіміз бір кәсіпорында еңбек еткендіктен, ауысымдарымыз сәйкес келмейді. Жұбайым техникалық саладан алшақ. Ол өзінің шағын бизнесін дамытып, үй шаруасымен айналысады. Алдағы уақытта сүйікті ісіммен айналысып, зейнеткерліктің қызығын көріп, балалардың бақытты болашағын көруді армандаймын.
Павлодар мұнай-химия зауытының адал қызметкері Арман Беисовтің тұңғыш баласы Рустам Беисов те әке жолын қуып, техникалық сала бойынша білімін шыңдайды. Бүгінде мұнайды бастапқы өңдеу өндірісі жалпы цехтық персоналдың ауысым бас-
шысы. Жас қызметкер мансап жолында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген.
– Бала кезімнен химия, физика пәндеріне ерекше қызығушылық таныттым деп айта алмаймын. Әке жолын қуып, өндіріс саласын таңдадым. Павлодар химия-механикалық колледжінде білім алып жүрген уақытта дуалды оқу арқылы зауытта тәжірибе жинадым. Алғаш рет 2016 жылы зауытқа тәжірибеленуші ретінде келіп, 2018 жылы технологиялық қондырғылардың операторы лауа-зымына тағайындалып, еңбек жолын бастадым. Жыл сайын қызметіме қызығушылығым арта түсті. Соның арқасында мансап жолында ілгері басып, 2021 жылы ауысым басшысы қызметін атқара бастадым. Яғни, мұнайды бастапқы өңдеу цехында еңбек ететін өндіріс қызметкерлеріне жауапты маман. Құрылымдық бөлімшелер арасындағы спорттық сайыстарға қатысып, учаске атын қорғаймыз. Күнделікті күйбең тірліктен тыс, денеңді шынықтырып, әріптестерін өзге қырларын танып, ұйымшылдық қасиетті қалыптастыруға ықпал етеді. Одан бөлек, университетте болашақ мамандарға сабақ беріп, біліктілігімді одан әрі шыңдаймын. Қазіргі жастардың жартысынан көбі еңбегі жоғары бағаланатын саланы таңдайтыны рас. Осыған орай, техникалық мамандыққа мән беріліп, мәртебесінің артып жатқаны дұрыс. Өскелең ұрпақтың алға қойған мақсаттары нық екені байқалады. Білімін шыңдап жатқан студенттер қойылатын сынақтарға мұқият қарап, сүрінбей өтсе, өндіріс саласында жетістіктерге міндетті түрде қол жеткізеді. Бастысы, әлем мен ел ішіндегі саяси өзгерістерге қарамастан, тұрақты іспен айналысып, мансап жолында өсу мүмкіндігі бар саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Жақында өзімнен жеті жас кіші інім де әкем екеуіміздің жолымызды жалғап, өндірістің жас мамандары қатарына қосылмақ, – дейді ол.
Беисовтер отбасының кенжесі Данияр Беисов биыл оқуын тәмамдап, жақын арада өндіріске қадам баспақ. Ол да ағасының аз уақыт ішінде белестерді бағындырып жүргенін байқап, мамандық таңдауда бірден техникалық саланы таңдауды жөн санаған.
– Жақында дипломымды қолға
алып, Павлодар мұнай-химия зауытына ресми түрде орналасамын. Студенттік шақта дуалды оқу арқылы білім алып, зауытқа жиі келіп, жұмыс үрдісін бақылайтын едік. Екі жылда біршама тәжірибе жинақтадым. Өндірісте ізденіс жолын жалғастырып, жаңа жобаларға үлесімді қосқым келеді. Үздіксіз қызмет етіп, жаңарып отыратын өндіріс мекенінде әрдайым көкжиегіңді кеңейту керек екенін аңғардым. Жас болсам да, әрбір қадамымды алдын ала ойластырғанды жөн көремін. Зауыттағы қызметіме де тиянақты қарап, әкем мен ағамның беделіне жетуді армандаймын, – дейді болашақ қызметкер.
Өндіріс өрін таңдаған Беисовтер отбасы еңбек жолын дұрыс таңдап, болашаққа сеніммен қарай алатынына риза. Әкелері Арман Беисов ең алдымен ісіңе адал болып, мансап жолында жоғары деңгейге жеткенмен, адамгершілік қасиетіңді сақтап қалу маңызды екенін айтады.
С.ҚАБДЕШҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.