Әр әулетте өзінің өнегелі өмір жолы, адамгершілік ұстанымы және ағайынға қамқорлығы ерекше адамдар болады. Солардың қатарында әрдайым үлкенге ізетті іні, бауырға кішіпейіл бола білетін Шакарғалиев Жұмкеш Рымханұлы да бар. Май ауданының шаруашылығын дамытуда ұзақ жылдар еңбек еткен азаматтың ел ішінде абырой-беделі бір төбе.
Жұмкеш Рымханұлы – Май өңірінде тамыр жайған Бармақ бабадан тарайтын бәйтеректің бір тармағындай атадан өрбіген ұрпақ. Тақыр жерден шөп шықпайды ғой. «Тектіден текті туады» дейді қазақ. Жұмкештің де әкесі Рымхан — заманында Май өңірінде ел басқарған, шаруашылықты өркендетуге жан аямай үлес қосқан адам. Жас кезінен ширақтығымен, жігерлілігімен көзге түсіпті. Қандай шаруаны болса да ерекше қабілеттілігімен ұйымдастыра білген. 1961 жылы Май ауданында жаңа ашылған Ақшиман совхозына қарасты «Сқаққора» бөлімшесін басқарды. Тың жерде бой көтерген шаруашылыққа көп еңбек сіңірді, малшылардың тұрмыстық жағдайын жасауға, төрт түліктің қора-жайларын қамтамасыз етуге барын салды. Ауылдықтарға мәдениет үйін, асхана, баспаналар салдырды. Бөлімшелерге, бүкіл совхозға керекті жанармай, көмір, ағаш, цемент секілді заттардың бәрін көршілес Баянауыл ауданынан әкеліп, мәселелерді жедел шешетін. Әйтпегенде олардың барлығын 300 шақырым алыста жатқан облыс орталығынан тасып әкелу керек, бұл екінің бірін қолынан келе бермейтін, бейнеті көп шаруа еді. Рымхан әкесі осындай бастаған ісін жоғары деңгейге жеткізбей, тыным таппайтын еді. Ағайын-туыстарға да ағалық пейілмен, жанашырлық көңілмен қамқорлық танытты. Туыстары да ағаны ерекше қадірлей білді. Көпшілігі сол кісінің қарамағында еңбек жолын бастап, өнегесін алды.
«Тектілік тұқым қуады» демекші, Рымхан ағаның бұл қасиеттері ұлы Жұмкеш Шакарғалиевтің бойына дарыды. Ол да әкесіне тартқан шаруақор, елгезек, пысық, ағайын-туыс десе, іші-бауырын жұлып беруге даяр азамат болып қалыптасты. Үлкенді сыйлап, кішіні қадір тұтады. Соның бір мысалы, немере ағасы Қаждардан тараған Мұрат ағасына үнемі қолдау білдіріп, жанынан табылатын еді. Өмірдің соқпағында олар бір-бірін айрықша сыйлап, әрбір істе бір-біріне демеу беретін еді. Ондайда аға ақылын інісі Жұмкеш ерекше қабылдаушы еді.
Жұмкеш Рымханұлы орта мектепті тәмамдаған соң Семей ветеринарлық институтын озық оқып бітіріп, 1978 жылы туған өңірі Май ауданында ауылдық мал дәрігері болып еңбек жолын бастады.
Жоғары білімді жас маман өзіне жүктелген міндетке асқан қызығушылықпен және жауапкершілікпен қарап, институтта алған білімін іс жүзінде туған ауылының шаруашылығын өркендетуде біліктілікпен қолдана білді. Қайбір жылдары малдары екі бірдей жұқпалы ауруға шалдыққан шаруашылықта аз уақытта жөндеу жүргізіп, сүт фермасында санитарлық бақылау тәртібін орнатты. Ауру малға жеке қоршаулар жасалып, малшыларға қолайлы бөлмелер берілді, малшылар қысқа мерзімді оқудан өткізілді. Осы жұмыстардың барлығында Жұмкеш Рымханұлы жоғары білімділігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Мал дәрігері болып қызмет атқарған жылдары Ж.Шакарғалиев «Ауданның үздік мал дәрігері», одан кейін «Облыстың үздік мал дәрігері» атағына ие болды. Ол өз ісін абыроймен атқара жүріп, қоғамдық жұмысқа да белсене араласты.
«Жастай алған тәрбие тал шыбықты игендей» деп айтқандай, бала кезінен әкесінен, ағаларынан алған өнегелі тәлім-тәрбиені бойына жинаған ол ауылда, ұжым ортасында үлкен абырой-беделге ие болды. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Осыларды ескере отырып, аудан басшылары Жұмкеш Рымханұлын «Спутник» совхозына директор етіп тағайындады, одан кейін Малайсары совхозын басқаруға жіберді. Ол қай жерде қызмет етсе де, өзінің бойында қалыптасқан іскерлік қасиеттерінің арқасында тапсырылған міндеттерді атқара білді, артылған сенімді ақтай білді.
Кейінгі нарық кезеңінде де Жұмкеш Рымханұлы іскерлік қабілетін таныта алды. Ол облыс орталығындағы «Затон» базарында басқарушы болып, сауда орнының ісі ілгерілеуіне үлес қосты. Қарапайым мінез-құлқымен, жақынға тарылмайтын, жатқа жалынбайтын, сөзге берік, досқа серік қасиеті көп ағайынды сүйсіндірді. Солардың бірі,
Ақан-Найманның ішіндегі Бармақ бабадан тарайтын ағасы, ҚР Оқу-ағарту ісінің үздігі, Май өңірінің Құрметті азаматы, ақын-шежіреші Жидебай Кәкенұлы Жұмкен бауырына арнаған өлеңінде былай деген еді:
«Әр әулетте болады бір алтын таға,
Сен біздің бүгінгі Сахымзада.
Байыпты мінезіңмен, ақылыңмен,
Құрметтісің алысқа, жақынға да.
Ренжімей қабыл ал осы атақты,
Бұл — өзіңе жарасар үлкен баға».
Жұмкеш Рымханұлының жанұя-сына келсек, жұбайы Әсия екеуі жарасымды отбасын құрып, төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Әрқайсысы жоғары білім алып, немере сүйгізді.
Бүгінде өмірін өнеге тұтатын, ісін үлгі етіп, сөзінен ғибрат алатын әке-ата болып отыр. Осындай парасатты ардақты жанды бүгінде 70 жасқа толуымен құттықтап, жұбайы Әсиямен бірге ұзақ жасап, ұрпақ қызығын көруді Алла тағала ұзағынан нәсіп етсін деп тілейміз! Ағайын ортасында ақыл айтар сыйлы, өнегелі үлкені болып жүре бер дегіміз келеді.
Раиса Сенбіқызы, ардагер ұстаз.