Ертіс ауданында дарынды балдырғандардың шығармашылық қабілеттерін шыңдайтын өнер мектебі жұмыс істейді. Балаларының сан қырынан танылып, жан-жақты болғанын қалайтын ата-аналар жастайынан оларды осы мектепке беруге тырысады. Алайда өнер мектебінің қазіргі ғимараты көп бала оқытуға тарлық етіп отыр.
Биыл Ертіс балалар өнер мектебінің құрылғанына 60 жыл толды. Осы уақыт аралығында мектептен мыңнан астам шәкірт түлеп ұшты. Олардың қатарында мемлекет қайраткері, дипломат, ҚР Мысырдағы Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама-Шариф, философия докторы, мәдениеттану мен философия бойынша көптеген оқулық пен монографиялар авторы Бағлан Кокумбаева, Ресейдегі Омбы педагогикалық институтының музыкалық және эстетикалық тәрбие әдістері мен теориялары кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Павел Феттер, Павлодар музыкалық колледжінің музыкалық-теориялық пәндер оқытушысы Ғалия Шапиева, Астана, Алматы, Павлодар қалаларында оқытушылық қызмет атқаратын кәсіби музыканттар апалы-сіңлілі Бикен, Жамал және Гүлнар Қапашевалар бар.
1963 жылы іргетасы қаланған Балалар өнер мектебі 2008 жылға дейін музыка мектебі ретінде жұмыс істеді. Осы жылы қызмет бағыттарының кеңеюіне байланысты өнер мектебі болып қайта құрылды. Қазір мұнда көркемсурет, хореография бөлімдері бар. Өнер мектебі тәрбиеленушілерінің саны жыл санап артып келеді. Оқу ордасында 6-18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер 5-7 жыл бойы өнер әлемінің түрлі бағыттарын меңгереді. 2017-2018 оқу жылында 250 бала оқыса, қазір ауылдық округтерде филиалдардың ашылуына байланысты қосымша білім берумен қамтылған оқушылар саны айтарлықтай өскен.
Музыка бөлімінде балалар фортепиано, баян, аккордеон, домбыра, вокал, балалайка аспаптарында шебер ойнаудың қыр-сырын меңгере алады. Сондай-ақ, көркемөнер бөлімі, хореографиялық бөлімше, ағылшын тілі, қосымша дайындық тобы, вокалдық топ жұмыс істейді.
— Қазір өнер мектебінде 660 бала қосымша білім алуда. Оның 240-ы — ауылдық бөлімшелерде. Музыканттар, суретшілер, қолданбалы өнер, вокал, т.б. өнер бағыттарынан құрылған көркем-эстетика тобында 490 бала, хореография бөлімінде 120 оқушы бар. Сонымен қатар, жаңадан ашылған ерте эстетикалық даму тобында 50 бала оқиды, — дейді мекеме басшысы Жәнібек Аманжолов.
Оның айтуынша, аудандағы 11 ауылдық округте де жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мұнда шығар-машылықтың 18 түрі бойынша үйірмелер бар. Атап айтқанда, вокал, сәндік қолданбалы өнер, ағаш ою, отпен күйдіру, тоқу, қазақ қолөнерінің дәстүрлі түрлері қамтылған.
Жалпы, облыста 14 балалар музыка мектебі және өнер мектебі жұмыс істейді. Жылдан-жылға тәрбиеленушілер саны көбейіп келе жатқан Ертіс балалар өнер мектебінде бүгінде орын тапшы-лығы мәселесі туындап отыр. Облыс әкімі Асайын Байхановтың Ертіс ауданына сапары барысында осы мәселе көтерілген болатын.
Облыстың балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің үйлестіру кеңесінің төрағасы, «Музыкалық колледж-дарынды бала-ларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің директоры Серік Сыздықовтың осы мәселеге қатысты пікірін білген едік.
— Ертіс балалар өнер мектебі – өте шығармашыл ұжым. Оның өңірдің музыка мектептерінің арасында алатын орны ерекше. Осы мектептің шәкірттері облыстық, республикалық өнер байқауларында топ жарып, биіктен көрініп жүр. Мектеп басшысы Жәнібек Шоланұлының іскерлігінің арқасында білім ордасында жоғары деңгейде жүйелі жұмыс жүргізуде. Алайда мектеп ғимаратының шағын болуы өнер ордасының қанатын кеңге жаюына кедергі келтіріп отыр. Ұжымның әлеуетін ескере отырып, жаңа ғимарат берілсе, өнер мектебі сан қырлы бағытта дамып, қосымша білім беру деңгейі жоғарылай түседі деген ойдамын, — дейді Серік Қасымханұлы.
Өнер мектебінің директоры Жәнібек Аманжоловтың айтуынша, мектеп іргесінде бос тұрған бұрынғы редакция ғимараты қалпына келтіріліп, пайдалануға берілсе, өнер мектебінің өрісі кеңейе түсер еді. Бұл мәселеге қатысты «Ертіс нұры» газетінің қызметкері Самат Мәненұлы да ойын ортаға салды.
— Бұл ғимаратта бұрын аудан баспаханасы мен газет редакциясы орналасқан еді. Өкінішке қарай, қабырғасында Ертіс ауданының Құрметті азаматы болған, ақын Мүбарак Жаманбалиновтің ескерткіш тақтасы ілулі тұрған ғимарат бірнеше жыл бойы бос тұр. Балалар өнер мектебі бұрынғы қазақ мектебінің ғимаратында отыр. Онда тәлім алатын балалар саны жыл санап көбейіп келе жатқандықтан, қазіргі ғимарат тарлық етеді. Мектеп басшысы — өнерге шын жанашыр, іскер азамат, — дейді «Ертіс нұры» газетінің қызметкері Самат Мәненұлы.
2014 жылдың күзінде мектеп басшылығына тағайындалған Жәнібек Аманжолов зор ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өнер мектебін өрге сүйреп келеді. Сол кезде 150 бала тәрбиеленген өнер мектебінде қазір 700-ге жуық бала білім алуда. Жаңа басшының келуімен аудандық балалар өнер мектебінде хореография бөлімі, дайындық тобы, ағылшын тілі, логопед кабинеті ашылды. Мектептің материалдық базасы нығайтылып, саз аспаптары толығымен жаңартылды. Бұрын жеткіліксіз болған концерттік костюмдер тігілді.
Түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларға қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізген Ертіс балалар өнер мектебінің оқушы-лары оқу жылын табысты аяқтады. Олар аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанып, жақсы нәтиже-лерімен ата-аналары мен мектеп ұжымын қуантып келеді. Ұжымда зерттеуші, сарапшы санаттары бар білікті ұстаздар жұмыс істейді. Ардагер ұстаз Фаина Ликарь бастаған, Жадыра Молдахметова, Сұлушаш Бекболатова, Екатерина Борисова, Анар Әміренова, Айнұр Сатханова, Елизавета Шпортько, Вадим Борисов қостаған ұжымның зор еңбегін атап өткен жөн.
Қазір ауданда өтетін бірде-бір шараны өнер мектебі дарынды балаларының қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Өнер мектебінің күміс көмей, жез таңдай әншілері мен мың бұралған бишілері, көркемсурет бөлімінің суретшілер көрмесі кез келген іс-шараның сәнін кіргізеді. Жақында аудандық мәдениет үйінде ұжымның 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Ауданның мәдени дамуына зор үлес қосып отырған Ертіс балалар өнер мектебіне лайықты ғимарат беріліп, өнердің өрісі кеңейе түсер деген сенім-деміз.
Алдағы 2024 жылы Ертіс ауда-нының тумасы, белгілі балалар ақыны Мүбарак Жаманбалиновтың туғанына 100 жыл толмақ. Тұрғындардың айтуынша, мерейтой қарсаңында ақынның ескерткіш тақтасы орнатылған бұрынғы редакция ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, өнер мектебіне берілсе, еліміздің болашағы – балаларымызға деген қамқорлық үлгісі болар еді. Ал балдырғандардың талабын шыңдайтын білім ордасына балалар ақыны Мүбарак Жаманбалиновтың есімін беріп, онда балаларды көркемсөз оқуға, өлең-жыр жазуға баулитын сөз өнері бөлімі ашылса, нұр үстіне нұр болмақ.
Торғын ОРАЗАЛЫ.
Ертіс ауданы.