Көктем өрт бойынша ең қауіпті маусым болып саналады. Әсіресе, қар еріп, қураған шөп шыққанда, аулаларды қоқыстан тазалау барысында түрлі өрт оқиғалары тіркеліп жатады.Бұл уақытта қандай сақтық шараларын сақтау қажет? Қасақана өрт қойғандарға қандай жауапкершілік қарастырылған? Осы және өзге де сауалдарды облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Самат Қабдыловқа жолдадық.

— Самат Әуезұлы, күннің жылынуына байланысты орын алатын дала өртінің алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

— Орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау, тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерімен таныс-тыру мақсатында арнайы мобильді топтар құрылды. Оған төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті полиция қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың және орман шаруашылығы мекемелерінің өкілдері жұмылдырылды. Жалпы, өрттің алдын алу бағытында 44 мобильді топ құрылып, оларда 183 адам жұмыс істейді.  Осы мобильді топтардың мамандары орман алқаптарында, елді мекендерде және халықтың демалу орындарында 275 бірлескен рейд жүргізді. Бүгінгі күні 130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көп жағдайда рұқсат етілмеген жерде қоқыс өртеу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптер мен сабанды жағу, басқа да түрлі деңгейдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу жағдайлары тіркелді.

— Облыс аумағындағы елді мекендерде қанша өрт сөндіру бекеті бар?

— Табиғи өрттің алдын алу жөніндегі мониторинг жұмыстары қауіпті кезең аяқталғанға дейін жүргізілетін болады. Жалпы, облыс аумағында 57 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Олар 63 арнайы техникамен (43 өрт сөндіру және 20 бейімделген) жабдықталған. Сондай-ақ, аталған бекеттерде 140 адам жұмыс істейді. Шамамен 263 елді мекенді өртке қарсы қорғауды жүзеге асырады. Одан бөлек 1703 адамды қамтыған 126 ерікті құралым бар. Бұл дегеніміз – жергілікті тұрғындардың ішінен өрт сөндіруге ерікті түрде қатысатын адамдар. Олардың өзінде 2 өрт сөндіру машинасы және 19 бейімделген техника бар.

—  Көктемде тұрғындар қыстан қалған қалдықтар мен шөпті өртеп құтылуды жөн көреді. Осыған байланысты қандай ескертулер жасалады?

— Иә, көп адам аулада жиналған қоқысты полигонға шығарғаннан гөрі өртей салуды жеңіл көреді. Өкінішке қарай, түрлі оқыс жағдайлардың осындай салғырттық салдарынан орын алып жататынын аңғарамыз. Негізі, қоқысты өртеуге болады. Бірақ өрт қауіпсіздігі талаптары қатаң сақталуы керек. Мысалы, қоқысты құрғақ шөптері тазаланған тек ашық аумақта және ауа райы тынық кезде жағуға болады. Сонымен қатар, ғимараттар мен құрылыс нысандарынан кемінде 50 метр алыс болуы шарт әрі өзі қызыл жалынды сөндіре алатын құрал болуы керек. Ал қоқыс орындарында тұтанған шоқтарды өшірмей, қалдырып кетуге болмайды.

—  Қазір — ағаш мамықтарының ең көп ұшатын мезгіл. Бұл да өртке қауіпті элементтердің бірі болып саналады. Балалар қызық үшін жағып жібереді я болмаса байқаусыздан өрт шығады. Оның алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Төтенше жағдайлар департа-ментінің қызметкерлері оқыс оқиға-ларды азайту және азаматтарды қауіпсіздік ережелері туралы хабар-
дар ету бағытында күн сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, ағаштардың мамығы жиналатын жерлерді үнемі тазалап отыру керек. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге оған өрт қою өте қауіпті екенін түсіндіру керек. Кәсіпорындар мен мекемелердің ауласында темекі шегу кезінде де абай болған дұрыс. Мұндай мамықтар көп жиналатын жерде от жағу, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде қосымша өртке қарсы нұсқаулықтарды толық орындап, қауіпсіз екеніне әбден көз жеткізу керек.

— Жалпы, көктемнен бері қанша өрт оқиғасы тіркелді?

— Біздің өңір үшін өрттің ең жиі шығатын уақыты — сәуір-маусым айлары аралығы. Ағымдағы жылы топырақтың ылғалдылығына, судың көптігіне байланысты болса керек, көп өңірде жағдай тұрақты. Яғни, жылдағыдан аз деуге болады. Дегенмен, сәуір айынан бастап  далалық алқаптарда 9 өрт жағдайы тіркелді. Негізі, табиғи өрттердің көпшілігі адамдардың немқұрайччлығынан туындайтынын мойындау керек.

— Ақпаратыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.