Ақтоғай ауданы Өтес ауылында жаңадан салынған мешіттің ашылусалтанаты өтті. Салтанатты рәсімге аулы тұрғындарымен қатар,алыс-жақыннан ат арытып келген мәртебелі меймандар, облыстыңбас имамы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Ақтоғай ауданы әкімі Қаршыға Арынов, Жандарбек қожа мешітінің имамы Ахметолла Жандарбекұлы, облыстық дін істері басқармасының өкілдері қатысты.
Жалпы, Өтес ауылында имандылық ордасының бой көтеруі — ауылдықтар үшін үлкен жаңалық. Елді мекенде медициналық пункт, шағын балалар орталығы, бастауыш мектеп секілді әлеуметтік нысандар жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері ауыз су құбырлары үйді-үйге тартылды. Ендігі жерде жергілікті тұрғын-дардың құлшылық ететін орны әбден керек еді. Осыны ойлағандықтан бастамашыл топ құрылып, оған ауылдықтар тегіс қаржылай жиналып, көмек берді. Былтыр мамыр айының аяғында басталған құрылыс жаз уақытында тіптен қарқын алып, асарға сенбі сайын аудан бойынша өзге де ауылдардан құрыш білекті жігіттер келіп, қолғабыс жасады. Осы орайда жұмысшыларды жатын орын, ас-сумен қамтамасыз етуге көмектескен қолы жомарт аға-жеңгелердің көп болғанын айта кету керек. «Көп түкірсе — көл» дегендей, қоңыр күз келгенше мешіттің негізгі құрылысы аяқталып, әрі қарай көріктендіру жұмыстары қалып еді. Биыл міне, осы істердің барлығына нүкте қойылып, жұртшылық биылғы Рамазан айындағы барлық құлшылықтарын осы имандылық ордасында өткізді. Ресми түрде мешіттің салтанатты ашылуы барлық құжаттар ресімдеуден өткеннен кейін іске асты.
— Бүгін имандылық ордасының ашылуымен Ақтоғай ауданының тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жамағат үшін аса маңызды оқиға. Бүгінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен дін талаптарын бірге бойға сіңі-руіміз керек. Ол екеуі екі бөлек болса, онда түзу жолдан адасқанымыз. Ол екеуінің бір-біріне ешқандай кереғарлығы жоқ. Осындай имандылық ордасын тұрғызу туралы өтініш түскен кезде шынымен қуанышта болдық. Себебі, жас ұрпақтың көше кезіп, көргенсіз болып өскенінен гөрі осындай имандылық жолында тәрбие алғаны дұрыс. Ең бастысы, осы ауыл мешітінің имамы Қуаныш Рахметоллаұлының қолдаушысы болып, жанынан табылсаңыздар болғаны. Себебі, мұндай ғимаратты ұстап тұрудың шығынын да өтеу қажет, ең бастысы, мешіттің іші жамағатқа толы болуы керек. Өтес мешіті облыста ашылған 105-інші имандылық ордасы болып тіркелді, — деді облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы. Жолдас Қоспақұлы Өтес ауылы мешітінің имамы ретінде осы ауылдың тумасы Қуаныш Рахметоллаұлы бекітілгенін хабарлады. Көпшілік қауым бұл хабарды жылы қабылдады. Аудан әкімі Қаршыға Арынов та өзінің жылы лебізін білдіріп, ауыл жамағатына барша жақсылықты тіледі. Сондай-ақ мешіттің аумағына көшет отырғызылатынын жеткізді. Ақтоғай ауданы Жандарбек қожа мешітінің имамы Ахметолла қажы болса, аудан бойынша 9 мешіт жұмыс істейтінін айтып өтті. Ең бастысы, Алла үйінің іші бос болмауы керек. Яғни, онда әрдайым келіп-кетушілер көп болып, құлшылық-дұға етушілер мен дін ілімін үйренуші шәкірттер білім алуға тиіс. Осылай жұмыс істеген жағдайда мешіт өзінің мәртебесін көтереді. Әйтпесе, бүгінде ауданда осы міндетін атқара алмай, жабылу алдында тұрған ордалар да бар. Ауыл халқы осыны ескеруі керек, деді. Салтанатты шара барысында мешіт құрылысына атсалысқан атпал азаматтар, демеушілер, құрылыста белсенділік көрсеткен азаматтар Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының Алғыс хатымен, облыс имамының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. ҚР Мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, ардагер Бейсенбі Мұқажанов арнау өлеңін халыққа тарту етті. Әжелер жағы шашуын шашып, қазақы дәстүрмен игі тілектер ақтарды. Салтанатты ашылу рәсімі жасалғаннан кейін Жолдас Қоспақұлы бастаған қонақтар мешіттің ішіне еніп, жамағатқа уағыз айтып, Құран аяттарын оқыды. Одан кейін қонақтар мен ауыл халқына арнайы тігілген киіз үйлерде ас берілді. Осылайша, енді облыс орта-лығынан 60 шақырым жердегі Өтес ауылында сары күмбезі жалтыраған әсем мешіт алыс жолдан «менмұндалап» тұратын болады.
Нұрбол ҚАНАТБЕКҰЛЫ,
Өтес ауылы,
Ақтоғай ауданы.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.