Алдағы аптаның алғашқы күнінде еліміз бойынша жаңа бизнес идеяны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін грантқа өтініш беру басталады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алғашқы лекте республикада 4500 адамға грант беру жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді. Мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау аясында тұрғындар екі қолға бір күрек тауып, кәсібін дөңгелете алады. Аталмыш шараға қатысуда павлодарлықтар да белсенділік танытуы қажет. Бизнес бастауға мүмкіндік беретін гранттар кімдерге беріледі? Өтінім берушілерге қандай талап қойылады? Осы орайда, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюповамен әңгімелескен болатынбыз.
— Альмира Аманқызы, 8-інші сәуірде бизнесті бастауға әрі дамытуға бағытталған гранттарға алғашқы лектің өтініштері қабылданады. Мұндай мүмкіндікті кімдер пайдалана алады?
— Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған шара дүйсенбі басталады. Мемлекет тарапынан берілетін грантты жұмыссыз ретінде тіркелгендер және жеке кәсібінің тіркелу мерзімі 3 жылға толмаған адамдар ала алады. Бұл ретте ескеретін жайт -үміткер төмендегі әлеуметтік санаттың біріне жатуы тиіс. Яғни, мүгедек, «қандас» мәртебесі бар жандар, өңіраралық қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар, аз қамтылған отбасылар, асыраушысынан айырылғаны үшін жәрдемақы алатын адамдар жеңіп ала алады. Атап өтерлігі, қатысушының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқығаны жөнінде сертификаты болуы шарт. Оны меңгерген мерзімі 3 жылдан аспауы қажет.
— Берілетін гранттың мөлшері қандай? Кәсіп ашатындар оны қандай мақсатта жұмсай алады?
— Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни, 1 млн 476 мың 800 теңге. Мұндай сома әр қатысушыға тек бір мәрте беріледі. Қаражат кәсіп ашуды көздеп отырған кәсіпкерлерге іс бастауда үлкен мүмкіндік болары сөзсіз. Өйткені грант қайтарымсыз негізде беріледі.
Қатысушылар 1,5 млн теңге көлеміндегі
қаржыны құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға, мал және құс шаруашылығын дамытуға жұмсай алады. Сондай-ақ, көшет, бұта, тұқым сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге де ұстай алады.
Ал тұтынушылық мақсатта, кредитті өтеуге, жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрғын үй алу немесе салу, жер учаскелерін сатып алу, акцизделетін өнімдерді өндіруге берілмейді.
— Грантқа қатысушылар өтінімді қалай береді?
— Өтінімдер Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Үміткер осы порталға тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестікті тексеруі керек. Сонымен қатар, бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтырып, порталға енгізуі қажет. Қатысушы өтінімді толық толтырған соң электронды сандық қолтаңба арқылы қол қоюы тиіс. Егер компьютер немесе интернет болмаған жағдайда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында және халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім бере алады.
— Грант жеңімпаздары қалай анықталады?
— Гранттар Еңбек мобильдігі орталығындағы арнайы комиссияның шешімі бойынша шығарылады. Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Комиссияның әрбір мүшесі бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кәсіптің өміршеңдігін ескеріп, бағалайды. Мамандардың шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Оң шешім болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынып, шартқа қол қояды. Қаражатты алған соң, әр тоқсан сайын қаржыны қалай және қайда жұмсағаны жөнінде есеп береді. Мұндай жұмыстардың барлығы электронды форматта жасалатын болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана ҚУАНЫШЕВА.