Ұлы Жеңістің 80 жылдығына дайындық басталуда. Осы ретте Әскери Даңқ музейінде Кеңес Одағының батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына орай еске алу кеші өтті. Жиынға өңіріміздің сыйлы тұлғалары мен әскери бөлімшенің сарбаздары қатысты. Батырдың көзін көрген замандастары оның ерлігі мен қайсарлығын сөз етті.
Семей өңірінің Құлмырза ауылында дүниеге келген дара тұлғаның ерлік дастаны ерекше. Махмет Қайырбаев 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, әскери-артиллерия училищесіне оқуға жіберіледі. Сұрапыл соғыстан аман оралған аға-лейтенант 1,2 дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Сондай-ақ, қарсыластарымен бетпе-бет ұрысқа кірісіп, елін қорғауда ерлік танытқан ол, аға лейтенант, артиллерия командирі қызметін атқарады. Отқа оранған жылдары қиындыққа төтеп беріп, жері үшін күрескен нағыз батыр Кеңес Одағының батыры атағына ие болады.
Жуырда Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай өткізілген қалалық шарада батырдың ұлы Мұрат Қайырбаевтың «Әке туралы ой-толғау» тақырыбында үшінші кітабының тұсауы кесілді.
– Бала кезімнен батырдың ұлы екенін білетінмін. Үлкендер үнемі әкемнің ерлігін еске алып отыратын. Өсе келе, әкемнің өзі бөліспеген ерліктерін, тарихи деректерге терең үңіліп, іздене бастадым. Кейбір жазбалардың дәлелі жоқ, қызмет атқарылған жылдарында оқиғалардың барлығы құнды деп ойлаймын. Сол себепті әкемнің өшпес ізін өскелең ұрпаққа танытқым келеді, — деді ұлы Мұрат Қайырбаев.
Әскери Даңқ музейінің қызметкерінің айтуынша, бүгінде музей қорында батырдың жәдігерлері сақтаулы тұр. Олардың қатарын аталып өткен кітап, медальдары мен зеңбірегі толтырып отыр. Шараның мақсаты – жас буын халық қаһарманының жолын танып, батыр атамыздың өнегесін есте сақтау.
Салтанат ҒАББАС.