Өңірімізден 300-ден астам азамат өтті

Сәу 9, 2026

«Отбасы банк» елімізде ұлттық даму институты  ретінде айқындалғанын білесіздер. Тұрғындарды үймен қамту ісі аталмыш қаржы ұйымы арқылы атқарылады. Мұнда әлеуметтік пәтерлер үлестірумен қатар түрлі жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар бар. Соның бірі – «Наурыз» бағдарламасы.

Биыл аталмыш бағдарламаға еліміз бойынша 26 822 адам өтініш білдіріп, жуырда олардың ішінен 16 мың салымшы іріктеуден өткені мәлім болды. Айта кетейік, бұл бағдарламаға ҚР азаматтары немесе Қандас мәртебесі бар тұрғындар қатыса алады. Өтініш берушінің жасы 18-ден 63 жасқа дейін болуы тиіс. Соңғы 6 ай ішінде ресми табысының болуы талап етіледі. Кірістерге еңбек қызметінен түскен жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, жәрдемақылар, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны (туысқандық қатынастың болуы міндетті емес) тарта алады. Тағы бір шарт соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде баспана болмауы керек. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер қатысушы некеде болмаса, онда тұрғын үйдің бар-жоқтығы тек өзінен тексеріледі. Бағдарламаға қатысушылардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғын тексермейді.

«Отбасы банктің» ақпаратына сүйенсек, бағдарламадағы іріктеу жинақталған балл жүйесі арқылы жүргізіледі. Мәселен, депозит бойынша сыйақы әр 1 000 теңгеге 1 бал деп есептеледі. Өтініш беруші некеде болса, 5 балл, балалары болса, 10 балл беріледі. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға тағы 10 балл қосылады. Жасы 35-ке дейінгі тұрғындарға 5 балл қосымша беріледі. Демек, депозитінде жатқан әрбір 1 млн теңгеге 1000 балл қосылады. Осылайша, «Отбасы банк» тұрғындарды жинақтауға ынталандырады. Қатысушылардың балы автоматты жүйе арқылы есептеледі, ал іріктеу тек бағдарламаға өтініш бергендер арасында жүргізіледі.

Депозитті ерте бастап, оны жиі толықтыратын салымшылардың мүмкіндігі жоғары екенін ескеру керек. Себебі, сыйақы көлемі – негізгі балл көзі әрі жинақ мерзімі ұзақ болған сайын артады. «Наурыз» бағдарламасы аясында бастапқы жарна 20 пайыздан басталады, жылдық мөлшерлеме – 7 және 9 пайыз болып белгіленген. Яғни, әлеуметтік осал топтарға 7 пайызбен, басқа азаматтарға 9 пайызбен беріледі. Несиені 19 жылға дейінгі  мерзімге алуға болады.

«Отбасы банк» АҚ Павлодар облыстық филиалының бизнес дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламовтың айтуынша, өңірімізден 300-ден астам салымшы «Наурыз» бағдарламасына өткен. Өздерін іріктеуден өткендер тізімінен тексеру үшін азаматтар Otbasybank.kz сайтына логин, пароль арқылы авторизациядан өту керек. «Менің өтінімдерім» бөлімінен «Наурыз» дегенді таңдайсыз. Өтініміңізге бассаңыз, нәтиже шығады. Тізімнен өзіңізді таппасаңыз, әлі де мүмкіндік бар. Себебі, бағдарлама әлі де 5 жылға жалғасады. Ал тізімге іліккендер 12 мамырға дейін несиеге өтінім беріп, төлем қабілеттерін растау керек. Бұл кезеңнен өткен азаматтарға баспана табуға
6 ай уақыт беріледі. Олар Павлодар қаласынан баспаналы болуды көздесе, міндетті түрде жаңа үй алуы тиіс. Филиал өкілінің мәліметінше, қазіргі таңда «Баспана маркет» сайтында Павлодар қаласында үш тұрғын үй тіркелген. Мәселен, «Усолка сити» тұрғын үйінде 52 пәтер, «Зылиха» үйінде 20 пәтер, ал «Ертіс» тұрғын үй кешенінде 31 пәтер сатылымда бар. Бұдан бөлек, іріктеуден өткен салымшылар Ақсу, Екібастұз қалалары мен аудан орталықтарынан да екінші нарықтағы үйлерден де алу мүмкіндігі бар. Еліміздің өзге қалаларынан да үй алуына жол ашық. Өңірімізде 30 млн теңгеге дейін несие беріледі.

Жалпы, Қазақстан бойынша іріктеуден өткен 16 мың салымшының орташа жасы 32 жас екені белгілі болды. Басым бөлігі – отбасылы, балалы азаматтар. Нақтырақ айтсақ, 9 296 қатысушының баласы бар, 7 569 салымшы некеде тұр. Қуантарлығы, 8690 азамат тұрғын үй кезегінде тұр, оның ішінде 2 689 тұрғын әлеуметтік осал топтар санатына жатады. Демек, баспанаға нағыз мұқтаж адамдар бағдарламаға ілікті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.