Photo Valeriy BUGAYEV

Аймағымызда көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға 1 қазанға дейін толығымен жылу беріледі. Аппараттық жиында күн тәртібіндегі мәселені сөз еткен облыс әкімі Асайын Байханов жауапты мекемеге осындай міндет қойды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, аймақта 9 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандарға, 16 қыркүйектен бастап көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Екібастұз, Ақсу қалаларында және барлық аудандағы әлеуметтік нысандарда жылыту маусымы 16 қыркүйекте басталды. Апта басындағы жағдай бойынша 8 ауданда әлеуметтік нысандар 100 пайыз жылумен жабдықтауға қосылған, қалған 3 қала мен 2 ауданда осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

— Ақсу қаласында 44 әлеуметтік нысанның қырқы, Ертіс ауданында 63 әлеуметтік нысанның 57-сі, Аққулы ауданында  54 әлеуметтік нысанның 34-і, Павлодар қаласында 277 әлеуметтік нысанның 178-і, 1300 көпқабатты тұрғын үйдің 82-сіне жылу берілген. Екібастұз қаласында 79 әлеуметтік нысанның 36-сы жылумен қамтылған. Нысандардың жылу жүйесіне қосылу мәселесі бақылауымда, — деді Ержан Иманзайыпов.

Асайын Қуандықұлы 1 қазанға дейін қалаларда әлеуметтік нысандар мен көп қабатты тұрғын үйлер жылумен жабдықтауға қосылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте аудандарда әлеуметтік нысандар 100 пайыз жылумен қамтылған. Ал Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында нысандардың қосылу қарқынын күнделікті бақылауда ұстау керектігін алға тартты.

Еске сала кетейік, облыста жылыту маусымы өткен жылмен салыстырғанда ерте басталды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.